Елорда • Бүгін, 08:05

Астана ажарын ашатын саябақ

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада саябақ ашып, аулаларды абаттандыруға көп көңіл бөлінеді. Халықтың жайлы, қауіпсіз әрі таза ортада өмір сүруіне қажетінше жағдай жасалады. Қаланың ажарын ашатын осындай бір ізгі іске Nazarbayev University (NU) бастамашы болып отыр.

Астана ажарын ашатын саябақ

NU Park университет студент­тері мен қызметкерлеріне ғана емес, қала тұрғындары мен қо­нақ­­тарының тынығуына, серуен­­деуіне таптырмайтын орын­ға айналмақшы. Шығарма­­шы­лықпен шұғылданатын, ғы­лым-білімге құштар жастар­ға да арнайы орындар бола­ды. Жоба – уни­верситет бас­шы­лығы бас­тамашылық еткен «Қолже­тімді кам­пус» бағдарла­масының бір бөлігі. Бағдарлама қала тұр­ғын­дарына ашық, қолай­лы, қол­же­тімді орта құруға ба­ғыт­талған.

«Жобаны жоспарлайтын кезде біз әйгілі жапон сәулетшісі Кисё Курокава әзірлеген қала құрылысы тұжырымдамасын басшылыққа алдық. Соған сай үй­лесімді интеграцияға негіз­делген саябақ кеңістігін құрып жатырмыз. Саябақ жастардың белсенді демалысына, ересектердің тыныш­тықта уақыт өткізуіне де жайлы, ыңғайлы болады. Маңыз­дысы, әркім өзіне қолайлы орында серуендей алады. Біз саябақтың елорданың тағы бір жаңа, тартымды демалыс орнына айналатынына сенімдіміз. Ірі қаланың дәл ортасында әсем табиғатты тамашалап, шығармашылыққа ден қоюға әрі отбасымен, дос­тармен уақытты көңілді өткізуге мүмкіндік туады», дейді NU президенті, профессор Вакар Ахмад.

Заманға сай жабдықталатын саябақтың аумағы шамамен 45 гектар жерді алып жатыр. Онда фуд-корт, этноауыл, теннис академиясы, ат спорты мектебі, футбол орталығы, жұмыс істеу­ге, кітап оқуға қолайлы аймақ, шығармашылық шеберханалар мен көрме алаңдары бар арт-хаб, тағысын-тағы орындар қарастырылады. Саябақтың орталық нысаны – қазақы ою пішініндегі жасыл лабиринт. Сонымен қатар ашық аспан астындағы амфитеатр, Шығыс мәдениеті орталығы, қайта жаңғыртылған пирамидалық екі ғимаратта түрлі мәдени іс-шара ұйымдастырылады.

Ірі жоба екі жылда аяқталып, пайдалануға беріледі. Биылдың өзінде аумақтағы 15 гектар жер тазартылған. Жұмысшылар топырақты қопсытып, тыңайт­қыш сепкен. Көгал егіп, алты су ұңғымасын бұрғылаған. Тал, терек, үйеңкі, қарағаш, бөртегүл, қарағай, шырша сынды 85 000-нан астам ағаш пен бұта егілген. Тіпті кампус пен қаланы көгалдандыруға қажетті көшеттер өсірілетін 200 шаршы метрлік жылыжай салынып қойған. Саябақ құрылысының алғашқы кезеңі 2026 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Осы кезеңде үш жылыжай, бау-бақша орталығы, велосипед, жаяу жүргінші жолдары салынады. Қаладан ашылғалы жатқан саябақтың жоба-жоспары осындай.