Қоғам • Бүгін, 08:25

Ауыл шаруашылығы алға сүйреген аймақ

10 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақ­стан облысында ауыл шаруа­шылығы эконо­миканың негізгі бағыты саналады. Агроөнеркәсіп кешені жалпы өңірлік өнімнің төрттен бір бөлігін құрайды. Биыл жалпы өнім көлемі 878,3 млрд теңгеге жетті. Осы нәтиженің арқасында өңір агроөнеркәсіп сала­сындағы көшбас­шы­лардың үштігіне кіріп, азық-түлік қауіпсіздігіне салмақты үлес қосып отыр.

Ауыл шаруашылығы алға сүйреген аймақ

Өңірдің әлеуметтік-эконо­микалық даму бағытында атқа­рылып жатқан жұмыстардың ретін облыс әкімі Ғауез Нұр­мұхамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында баяндады. Ресми дерекке жүгінсек, өңірде еліміздегі астықтың төрттен бір бөлігі (24,8%) өндіріледі. Оның ішінде майлы дақылдар мен сүттің оннан бір бөлігі шығады. Биыл өсімдік шаруашылығында да жоғары нәтижелерге қол жеткен. 4,3 млн га алқаптан өнім жиналып, майлы дақылдар алқабы 1 млн гектарға дейін өскен. Бұл жақын аймақтардағы ғана емес, жалпы елдегі ең жақсы көрсеткіш. Облыста орташа астық түсімі гектарына 21 центнерді, өнімділік рекордтық 6,5 млн тоннаны құрады. Тіпті кейбір шаруашылықтар гектарынан 60 центнерден жоғары өнім алыпты. Майлы дақылдар жөнінде тарихи максимум тіркеліп, өнім көлемі 1,2 млн тоннаға жеткен. Өнімділігі гектарынан 12 центнерді құрайды. Диқандар жұмыс барысында заманауи агротехнологияларды көптеп енгізіп, үнемі элиталық сорттарды пайдаланады. Бұл ретте шаруаларға әкімдіктің де қосып отырған үлесі, қолдауы жетерлік.

Биыл шаруалар 340 мың тонна тыңайтқыш, 66 млрд теңгеге 2,3 мың техника сатып алды. Мемлекеттің қолдау шаралары көптеп көрсетілді. Жеңілдетілген қаржыландыру көлемі рекорд­тық 161 млрд теңгеге жетті. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында биыл суармалы жер көлемі 2,1 мың гектарға ұлғайып, 11,5 мың гек­тарға жеткен. Сол секілді суды үнемдеу технологиясы тек дәнді-дақылдарды өсіруге ғана емес, сонымен қатар картоп, қант қызылшасы, жүгері, басқа да дақылдарға қолданылып келеді.

«Президент жыл соңында экономиканың өсімін кемінде 6,5% деңгейінде қамтамасыз ету міндетін қойды. Биылғы 10 айдың қорытындысында қысқамерзімді экономикалық индикатордың өсуі 13%-ды құрады. Ауыл ша­руа­шы­лы­ғында 9,3%, өнер­кәсіпте 19,1%, құрылыста 30,1%, тұрғын үйді пайдалануға беруде 3,9%, инвестицияларда 7,3% өсім қамтамасыз етілді. Аграрлық секторды дамытумен қатар, облыс өндірістің өсуін, салалық көрсеткіштердің жақсаруын қамтамасыз ете отырып, мал шаруашылығында елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Бұл нәтижелер фермаларды жаң­ғырту, озық технологияларды енгізу, мал басын көбейту арқылы мүмкін болды», деді өңір басшысы.

Биыл облыста ет өндірісі 68,5 мың тоннаны, сүт 334,9 мың тоннаны, жұмыртқа 530 млн дананы құрады. Осының ішінде сүт бағытының бұрынғыдан қарқынды дамып келе жатқаны байқалады. Облыс заманауи сүт кешендерін енгізу жөнінен көшбасшы орында. Өңірде қазір 110 сүт-тауар фермасы жұмыс істейді. Бұл еліміздегі барлық 373 ферманың 30%-ын құрайды. Демек елдегі сүт фер­масының шамамен үштен бірі осы өңірге тиесілі. 2023–2024 жылдары елімізде салынған 58 жаңа сүт-тауар фермасының 21-і дәл осы облыста ашылған. Биыл тағы 8 кешен жұмысын бастаған. Бүгінде облыста сүт шаруашылығында 2 ірі жоба іске асып жатыр. Соның бірі – «Зенченко және К» командиттік серіктестігі тоқсан орындық «Карусель» сауу қондырғысы бар, 8 мың басқа арналған ферма салады. Аталған шаруашылық елдегі үздік ондыққа кірсе, сүт сауу өнімділігі жөнінен бірінші орында. Екінші жоба Мағжан Жұмабаев ауданында іске асады. «СК Агро» серіктестігі «Ка­русель» бірегей сауу қондыр­ғысы бар, 10 000 басқа арналған Орталық Азиядағы ең ірі ферма салмақ ниетте. Екі жоба бойын­ша сүт өндірудің жылдық өсімі 68 мың тоннаны құрайды. Бұл агроқұрылымдар өндіретін сүттің үлесін 70%-ға дейін арт­тыруға мүмкіндік береді. Жо­балар сәтті іске асса, өңірдің са­ладағы позициясын нығайтып, облыстың республикадағы сүт өндірісіндегі үлесін 20%-ға дейін жеткізуге жол ашады.

«Мемлекет басшысы халық­қа Жолдауында ауыл шаруа­шылығын жаңғыртуды, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін ұлттық басымдық ретінде бел­гіледі. Осы ретте өңірде қайта өңдеудің маңызды жобалары іске асып жатыр. Қуаттылығы 370 мың тонна майлы дақылдар өндіретін, 120 мың тонна өнім өндіретін «МаслоДел» май экс­тракциялық зауыты жұмыс істейді. Оның басым бөлігі экспортқа бағытталған. Кәсіпорынның қуатын жылына 92 мың тоннаға дейін арттырып, жұмыс орындарын құруды қамтамасыз еткен «Eurasian Milk» серіктестігінде қоюландырылған сүт цехы­ның құрылысы аяқталды. Агроөнекәсіп кешенінің инно­вациялық бағыттары да дамып келеді. «Солтүстік Агро LTD» серік­тестігінде 400 бас күшім тұқымына арналған биенің құрғақ сүтін өндіру фермасы іске қосылды. Бұл еліміздегі осындай екінші жоба», дейді Ғ.Нұрмұхамбетов.

Өңірдің әлеуметтік-әконо­ми­калық дамуына есепсіз үлес қосқан шаруалардың еңбегі елеусіз қалмайды. Соның бірі ретінде айтсақ, былтыр «Қазақ­станның Еңбек Ері» атағы Ген­надий Зенченкоға, биыл өз саласына 45 жыл арнаған қара­пайым механизатор Мұрат Қаражұмановқа берілді.

Бүгінде облыста құны 894 млрд теңгені құрайтын 51 ин­­вестициялық жобадан тұратын пул іске асып жатыр. Нәтижесінде, 7,8 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Жалпы, бірінші жартыжылдықта тар­тылған тікелей инвестиция көлемі жылдық жоспардан екі еседен аса жоғары болды. Екі жыл ішінде жалпы сомасы 300 млрд теңгеден асатын 19 меморандумға қол қойылды.

«Қызылжар» арнайы эконо­­микалық аймағы өңірге инвестиция тартудың орталығы болып қала береді. Бүгінде 22 қатысушы тіркелген. Жалпы инвестициялар көлемі 317 млрд теңгеден асады. Шамамен 4 мың жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды. Олардың ішінде құны 28,4 млрд теңгеге тең 5 жоба іске қосылды. Шамамен 700 жаңа жұмыс орны ашылды. Жалпы инвестиция сомасы 280 млрд теңгені құрайтын 17 жоба іске асыру кезеңінде. Олардың аясында 3,3 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Бұл Түркия, Италия, Қытай, Германия, Қатар, Ресей және еліміздің инвесторлары қатысатын жобалар», деді өңір басшысы.

Облыс әкімі баяндамасын түйіндей келе, былтыр Солтүстік Қазақстан облысына сынақ болған су тасқыны туралы айтты.

«Елімізде бұрын мұндай көлемде су тасқыны болған емес. Биылғы көктем де Пе­тропавл мен қала маңындағы аудандардың беріктігін тағы да тексерді. Бұл ретте былтырғы су тасқынының барлық сабақтары ескерілгенін айтқым келеді. Кейінгі жылдары Есілдің тасқын суларынан облыс орталығы мен қала маңын қорғау жө­ніндегі шаралар кешені іске асты. Петропавлда 3 бөгетті, Қызылжар ауданында тағы 3 бөгетті қайта жаңарту аяқталуға жақын. Барлық бөгеттердің биіктігі Балтық жүйесіне сәйкес 102,2 метрге дейін жеткізілді. Бұл былтырғы су тасқыны деңгейінен 1,5 метрге жоғары. Жергілікті бюджет есебінен Есіл жайылмасындағы тұрғын үйлерді қорғау мақсатында екі жер қорғаны салынды», деген өңір басшысы су тасқынының алдын алуға бағытталған басқа да шешімдер туралы мәлім етті.

Әкімнің баяндамасынан соң кезек сұрақ-жауапқа келді. Біз Ғауез Нұрмұхамбетовтен әуелі облыс орталығында балабақша тапшылығы мәселесі қалай реттеліп жатқанын сұрадық. Екінші, «Жаңажол» шекаралық өткізу пунктіне апаратын, яғни Ресей Федерациясы Қор­ған облысының шекарасына жеткізетін жолдың жайын білгіміз келді.

«2017 жылдан 2024 жылға дейін облыста балабақша салынбаған. Екі жылда «Бірлік» шағын ауданында 90 орындық, «Береке» шағын ауданында 140 орындық балабақша салынды. Енді желтоқсанда тағы 280 орындық үшінші балабақшаны тапсырғалы отырмыз. «Қазақстан халқына» қорымен бірге жыл соңында 2,5 млрд теңгеге төр­тінші балабақша салынады. Одан бөлек, кәсіпкерлер салып жат­қан шағын балабақшалар бар. Жолдың жайын айтсам, «Жаңажол» шекаралық өткізу пунктіне апаратын жолдың ұзындығы – 37 шақырым. Мердігер биылға жоспарланған қаржыны игеріп болды. Келер жылы қалған 6 шақырымдай жолды жөндеп, толық пай­далануға береді. Күрделі жөн­деу жұмыстары болған соң, оған бөлінген қаражат көлемді, жұмысы да оңай емес. Құрылыс басына өзіміз де жиі барып, жұмыс барысын бақылап отырамыз», деп қорытындылады облыс әкімі Ғ.Нұрмұхамбетов.