Сала басшысының айтуынша, биыл елімізде су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту бойынша 145 жоба қолға алынған. Сонымен қатар шамамен 300 нысанға арналған жобалау-сметалық құжаттама мен техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр екен.
Атап айтқанда, Алматы облысындағы Қызылағаш, Абай облысындағы Шар суқоймаларын реконструкциялау толық атқарылды. Астана суқоймасын ауқымды тазалау жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталды.
Сонымен қатар биыл Түркістан облысындағы Қапшағай суқоймасын реконструкциялау, Батыс Қазақстан облысындағы Киров суқоймасының соңғы 58 жылда алғаш рет жүргізіліп отырған күрделі реконструкциясын аяқтау көзделіп отыр.
Шу өзеніндегі Фурманов айналма каналында соңғы 40 жылда алғаш рет механикалық тазалау жұмыстарын жүргізіп, Түркістан облысында «Қарақуыс» және «Бәйдібек-ата» суқоймаларының құрылысы жалғасып жатыр. Жобамен 2026 жылы аяқталады. Бұл қосымша шамамен 69 млн текше метр су жинауға мүмкіндік береді. Көксарай контрреттегішіндегі жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұл жұмыс нысанның су жинау көлемін 2 млрд текше метрге дейін ұлғайтады.
Жөндеу мен реконструкциядан өткен 700 шақырымнан астам ирригация желісін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ 469 мыңнан астам адам тұратын 224 елді мекенді сумен қамтамасыз ететін 13 топтық су құбырын пайдалануға беру жоспарда. Оның ішінде 32 мың тұрғыны бар 43 елді мекен алғаш рет орталықтандырылған сумен жабдықталды.
Кейінгі екі жыл ішінде Қазақстанның су шаруашылығы саласының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 579 млрд теңгені құрады. Министрлік шетелдік серіктестермен 7 келісімге және 30-дан астам меморандумға қол қойды.
Екі жылда су үнемдеу технологияларын енгізу бірнеше есе артып, орта есеппен
150 мың гектарға жетті. Су үнемдеу технологиялары қолданылатын егістік ауданы жалпы 543,5 мың гектарға өсті. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 1,3 млн гектарға жеткізу жоспарланып отыр.
Осы мақсаттарға жету үшін 2026–2028 жылдарға республикалық бюджетте 228 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған, бұл алдыңғы үшжылдық кезеңмен салыстырғанда төрт есе көп.
Министрлік «Қазсушар» РМК филиалдары үшін 757 арнайы техника мен автокөлік сатып алу жұмысын бастады. «Қазсушар» РМК қызметкерлерінің жалақысы биыл 1 шілдеден бастап 35-50%-ға артты. Сонымен қатар 2028 жылға дейінгі Жол картасы аясында Қаныш Сәтбаев каналын жаңғырту басталды. Су шаруашылығы саласының 1000-нан астам маманы біліктілігін арттыру курстарынан өтті, бұл 2024 жылмен салыстырғанда екі есе көп.
«Осы шаралар басты мақсатқа – су ресурстарын тиімді және ұтымды пайдалануға қол жеткізуге бағытталған. Бұл экономикамыздың тұрақты дамуы мен азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру, сондай-ақ елдің ұзақмерзімді су қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті», деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Жиында вице-министр А.Әбдраимов журналистерге Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін әзірлеу барысы, суын жеткізу бойынша электрондық келісімшарттарды енгізу жүйесінің пилоттық сынақтары, сондай-ақ өзен ағысын модельдеу және болжау жүйелерін енгізу бойынша атқарылған жұмыстар туралы айтты.