Президент • Бүгін, 13:32

Мемлекет басшысы: Еліміз үшін қолданбалы ғылымды дамыту – аса маңызды міндет

60 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент ғалымдарды марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде қолданбалы ғылымды дамыту бағытындағы жобалардың саны көбейіп келе жатқаны өте жақсы үрдіс екенін айтты. Әсіресе, университеттердің технологиялық даму орталығы ретінде қалыптасып жатқанын айрықша атап өтті, деп жазады Egemen.kz.

Мемлекет басшысы: Еліміз үшін қолданбалы ғылымды дамыту – аса маңызды міндет

Қасым-Жомарт Тоқаев дегенмен ғылым саласында шешілмеген түйткілдер де аз емес екеніне тоқталды.

«Мысалы, былтыр University Medical Center мекемесіне қарасты Жүрек орталығының дәрігерлері ALEM (Astana Life Ex-situ Machine) деп аталатын инновациялық медициналық құрылғы ойлап тапты. Мұны өткен жылдың ең айтулы ғылыми жаңалығы деп айтуға болады. Осы құрылғы донорлық ағзалардың өміршеңдігін 24 сағаттан астам уақыт сақтауға мүмкіндік береді. Мұндай бірегей жаңалықтар қазақ ғылымының әлеуеті, жалпы еліміздің даму деңгейі жоғары екенін көрсетеді. Мен наурыз айында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде болғанымды білесіздер. Сол жерде ғалымдармен арнайы кездесіп, біраз мәселеге тоқталдым. Әсіресе, ғылымды қаржыландыру жұмысын ретке келтіріп, қатаң бақылауға алу қажеттігі туралы айттым. Басты мақсат қаржыны игеру емес, қоғамға пайдасы тиетін жобаларды жүзеге асыру болуға тиіс», деді Президент.

Мемлекет басшысы сонымен қатар инженерлік-техникалық кадрларды даярлау, ғылым қалашықтарын дамыту мәселелеріне назар аударды.

Президент: Адамзаттың барлық жетістігі – ғалымдардың зияткерлік еңбегінің жемісі

«Білікті инженерлік-техникалық кадрларды даярлауға баса назар аударған жөн. Бұл ретте негізгі жауапкершілік жоғары оқу орындарына жүктеледі. Ұлттың зияткерлік қуаты дәл осы білім ордаларында қалыптасады. Университеттер өз миссиясын адал атқарса, білікті мамандар мен кәсіби кадрлардың қатары арта түсері сөзсіз. Бұдан бөлек, ғылым қалашықтарына және қарқынды дамитын қалаларға жаңа технология енгізуді жолға қоюымыз керек. Қазір Курчатов қаласына ғылым қалашығы мәртебесін беру үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Инвесторларды осындай даму орталықтарына қаржы салуға ынталандыру қажет. Бұл да – Үкіметтің өзекті міндеттерінің бірі. Тоқетерін айтсақ, алда атқаратын шаруа көп. Ширақ қимылдап, тиянақты жұмыс істеуіміз керек. Ғылым саласындағы күрделі мәселелерді мемлекет пен ғылыми қауымдастық күш жұмылдырып, бірлесе шешеді деп ойлаймын», деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев: Ғылым экономика мен қоғамның сұранысына сай болуға тиіс

Соңғы жаңалықтар