• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Жәдігер 23 Қаңтар, 2025

Қыш ыдыстар құпиясы

116 рет
көрсетілді

Қазақстанда неолит кезеңіне ежелгі қыш ыдыс­тар ең алғаш Павлодар жерінен табылғанын екінің бірі біле бермес. Потанин атындағы өңірлік тарихи-өлке­тану музейінде қыш құмыралардың бай коллекциясы сақталған.

Жуықта музейде көр­­ме өтіп, Ертіс-Баян өңіріндегі ежел­гі тұрақтардан табылған ­20-дан астам жәдігер ұсынылды. Ға­лым­дар ең алғашқы қыш құмыралар неолит кезеңінде жасала бастаған деп пайымдайды. Археологтер облыс аумағынан аталған кезеңге жататын ежелгі қыш ­ыдыстарды көп тапқан.

– 1951 жылы қазіргі Железин ауданында жүргізілген қаз­ба жұмыстарын­да ғалым­дар ол­жаға кенеледі. Біздің за­­ма­нымызға дейінгі III-IV ғасыр­ларда жа­салған қыш ыдыстар еліміз бойын­ша ең алғаш Пав­лодар жерінен табылға­нын да айтып өту керек. Соған қара­ған­да Арқа даласында, со­­ның ішінде Ертіс өзе­нінің бо­йында байырғы заманда көш­пелілердің бай өркениеті бол­ған. Ежел­гі тұрақтардағы мә­де­ниетті зерттеп, жер­­астында жатқан құпияларды ашу­да біз­дің музейімізбен үнемі бірлесіп жұ­мыс істейтін археолог ғалымдар Вик­тор Мерц, Тимур Смағұлов, Георгий ­Пе­ре­светов­тің еңбектері өл­шеу­сіз, – деп атап өтті Потанин атындағы облыстық тари­хи-өлкетану музейінің бас қор сақтау­шы­сы Әлия Жомартова.

Зерттеушілер алғашқы қыш ыдыс­тарды адамдар әуе­лі саздан жапырақ-жа­пы­рақ етіп құрастырған деп бол­жайды. Кейін оны отқа күй­діріп, ны­ғайтқан. Ал заман өте қыштан бұ­йым жасайтын шеберлер қалыптасып, ол үлкен өнерге айналған. Мысалы, Қызылтаң ауылы маңынан табылған ­неолит дәуірі­не тие­сілі қыш ыдыс­тың өне бойы зерлен­­ген. Көшпелі халық мұн­­дай қыш ыдыстар­ды күнделікті тұр­мыс­­та ғана емес, сән­дік мақсатта, әсі­ресе жерлеу рәсімі үшін де пайдалан­ған. Тіп­ті әйелдер мен ер адамдарға ар­нал­ған ыдыстар бөлек сән­деліп жасал­­ған көрінеді.

Қыш ыдыстар қатарынан Андронов мәдениеті мен қола, ерте темір, сақ-үйсін кезе­ңіндегі құмыраларды көр­дік. Арасында жерге көміліп, іші­не дән сақ­талатын үлкен құмы­ралар да кез­деседі. Орта ғасырларға таман ыдыс жасау үшін қыштың орнына металдар, атап айтқанда, темір, жез, күміс, шойын қол­даныла бастағаны мәлім. Мысалы, Шығыс Азия елдеріне тән жез құмандар сәнге айналған. Қыш құмыра жасау өнері Еуропа елдерінде, соның ішінде Қап тауы мен славян халықтарында ежел­ден қалыптасқан. Қазақ жеріне өзге ұлт­тардың жаппай қоныстануы басталған­да жатжұрттардың ыдыс жасау мәдение­ті де бізге келе бастады. Көрмеден ук­раин мен белорус ұлттарына тән макитра, крынка, Қап тауы өкілдерінің къудал құмыраларын да кездестірдік.

Әлия Жомартова атап өт­кендей, қыш­тан ыдыс жасау ХХ ғасырда да жақсы да­мыған. Әсіресе белгілі тұл­ға­лар­дың мерейтойына, атаулы даталар­ға байланысты сәндік кәдесыйлар жиі шығарылып тұрыпты. Ал қазіргі қоғам оны сәндік-қолданбалы өнер ретін­де қабылдайды.

 

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар