Әлемде кейінгі 20 жыл бойы зерттеліп келе жатса да, айтарлықтай нәтижесі болмаған бағытта жаңалық ашып, бүтін бір салада бетбұрыс жасаған ғалым біздің елде тұрады. Оның елеулі еңбегінен кейін алдағы уақытта қазір оқытылып жүрген дүниежүзіндегі биология оқулықтары қайта жазылуы бек мүмкін. Сондай-ақ қатерлі ісік, бүгінде әлі емі табылмаған паркинсон, альцгеймер секілді аурулардың алдын алар, шипа болар дәрілер жасалуы тіпті де ғажап емес.
Биология ғылымдарының докторы Айжан Ахмади еліміздің тәуелсіздік жылдарында ғылыми жұмысы бүкіләлемдік мықты мамандардың ғана еңбегі жарияланатын беделді басылым «Nature communication» журналына бірінші автор болып шыққан алғашқы ғалым ретінде, отандық ғылым тарихында алтын әріппен таңбаланды. Қалай? Бәрі оңай деп ойламаңыз. Мұның аты – еңбек. Десе де, бұл жеткіліксіз екен.
«Паркинсон ауруы – әлемдегі ғалымдар шешімін таппай жатқан жұмбақ. Бұл ауруға қозғалысты бақылауға қажетті дофамин гармонын бөлетін ми жасушаларының жансыздануы – басты себептердің бірі. Қазіргі таңда Жер шарындағы ондаған зертхана DJ-1 ақуызының қызметін зерттеп келеді. Себебі 20 жыл бұрын Еуропа ғалымдары паркинсон ауруы бар кейбір науқастарда DJ-1 ақуызының мутацияға ұшырағанын анықтаған еді. Бұл аталған ақуыздың паркинсон ауруын тудыратынын білдіреді. Мұны көптеген ғалым зерттеп жатқанымен, ақуыздың бұл ауруға әсері, DJ-1-дің дәл қандай функциясының жоғалатынын әлі күнге нақтылай алмай келді. Біз осы ақуыздың жаңа бір қызметін анықтадық, яғни кейінгі 20 жылда теориялық тұрғыда ғана мүмкін делінген ғылыми болжамды іс жүзінде дәлелдедік. Енді бұл дәлелдеулер DJ-1 қызметін түсіну жолындағы зерттеулерге жаңа тыныс береді», дейді А.Ахмади.
Кейіпкеріміз бұл күрделі тақырыпқа өзінің ғылыми жетекшісі, белгілі ғалым, Германия, Ресей, АҚШ-та жұмыс істеген профессор Дархан Өтепбергеннің ұсынуымен келген. А.Ахмадидің PhD диссертациясына арқау болған ғылыми зерттеулерінің нәтижесін толыққанды мақала етіп биохимия саласы бойынша әлемдегі ең үздік басылымдардың бірі саналатын «Nature communication» журналына жіберу жөніндегі ұсыныс Д.Өтепбергеннен туған екен. Ал соны жетер жеріне жеткізіп, 1000 рет жасалған тәжірибені 1001-рет жасап барып нәтиже шығарған, бұл аздай, зерттеуге қажет реагенттерді жер-жерден іздеп тауып, университетте орайы келмеген сынақтарды орындайтын орынмен келісіп, миллиметрмен мұқият өлшеп жұмыс істеген нағыз еңбек – сөзсіз А.Ахмадидікі.
«Мақаламыз белді басылымның сайтында басты материал ретінде 1-бетте жарияланды. Әрине, бұл қажырлы еңбекпен келді. Өйткені зерттеуім аяқталмағандықтан, докторантурам 5 жылға созылды, ал ғылыми мақаламды бітіріп, жариялауға жібергеннің өзінде «Nature communication» 8 ай бойы жіті зерттеді. Жарияланымға рұқсат беру үшін рецензенттерден, яғни саланың сақа сарапшыларынан оң баға алу керек. Үш маман пікір білдірді, оның алғашқы екеуі жақсы бағалады. Қатты қуандық. Бірақ үшіншісі бізге сыни көзқараспен қарап, бірқатар нәтиженің дәлдігіне көз жеткізу үшін кейбір жұмысты қайта жасауды ұсынды. Біз мұны дұрыс түсіндік, өйткені олар реагенттерді сырттан сатып алатын, құрал-жабдықтары жеткіліксіз, ғылыми дамудың бастапқы деңгейіндегі дамушы елде қайдағы ғылым деп ойлады. Сондықтан дипломатиялық әдіспен және нақтыланған жұмыспен жауап бердік. Ақыр аяғында дегенімізге жеттік», дейді кейіпкеріміз.
Осы ғылыми жұмысының жемісін көру үшін демалысты ұмытып, зертханада көп тәжірибе жасауына тура келді. Кейде қажыған сәттері болыпты, бірақ табандылықтың нәтижесінде биология ғылымын кейінгі 20 жылда жетпеген жетістікке жеткізді. Шын мәнінде Айжан бала күнінен білім-ғылымға құштар, туған өлкесінің дәрілік қасиеттерге бай өсімдіктерді зерттеуге құмар болды. Осы ынтасын Орал өңірінің Жәнібек ауылындағы мектеп мұғалімдері шыңдап, биологияға қызығушылығын оятты. Сөйтіп, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің биология факультетіне оқуға түсті. Үшінші курста жүргенде «Болашақ» бағдарламасына құжат тапсырып, сынақтан өтіп, Англияға аттанды. Манчестер университетінде бакалавриатты қайтадан 3 жыл оқыды. Кейін Назарбаев университетінің зертханасында ғылыми қызметкер бола жүріп алғашқы оқу орнында магистратураны тауысып, өзі ғылыми қызметкер болып жұмыс істейтін жоғары оқу орнында докторантураны бітірді.
«Қай елде болсын ғылымды жасауға қаржы керек. Таяуда гранттық байқауға жобамды тапсырдым. Бірақ қазір сол гранттарды қаржыландыруға байланысты жаңа бұйрық шықты ғой, соған қарағанда жобамның «тағдыры» белгісіз. Мұнда жолым болмаған жағдайда шетелге кетуіме тура келетін сияқты. Себебі мен бастаған бағытымды әлі де жалғастырғым келеді. Егер тағы осындай жаһандық жаңалықты басқа елде ашсақ, жетістік те сол елдікі болып қалады. Қаржы көзі болмаса, іргелі ғылым алға баспайды. Іргелі ғылым болмаса, ілгерілеу болмайды. Біздің қоғамда барлық ғылымның, инновация мен технологияның бастауы болар іргелі ғылымға деген көзқарас төмен. Мұны жақсарту үшін ғылымның насихаты мықты болуы керек», деп әңгімесін аяқтады Айжан.