Өздерін блогермін деп таныстырып, смартфондарының камерасын көтере ұстап, сауда орындарында, мемлекеттік мекемелерде қоқаңдайтындар Петропавлда да бой көрсетіп қалады. Олар контент жасап, әлеуметтік желідегі парақшасында жариялайтын адам ғана болғандықтан, заң жүзінде мұндай іс-әрекетке әзірге тыйым жоқ.
2023 жылы шыққан «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңда ғана алғаш рет блогерлердің жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапқа тартылатыны қамтылды. Алайда бұл заңда блогер ұғымы жақшаға алып жазылып, оны «инфлюенсер (блогер)» деп көрсеткен. Ал инфлюенсер дегеніміз ағылшын тілінен аударғанда (influence) «ықпал ету» деген мағынаны білдіреді. Іс жүзінде жарнама арқылы ақша табатын кез келген контентмейкер инфлюенсер болып саналады. Сондай-ақ олардың құқы мен міндеті көрсетілген. Заңда онлайн-платформа иелері жалған ақпаратпен күрес және салықтан жалтару бойынша мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеуге міндеттеледі. Кейбір блогерлер өздерінің міндеттерін асыра пайдаланып, сауда орындарына қоқан-лоқы жасау арқылы ақша бопсалауға дейін жетіп отыр.
Жуырда Роберт Подласов пен Сергей Сайко деген екі блогерге қатысты қылмысты іс аяқталып, екеуі де жеті жылдан бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Бұл екеуі Instagram және YouTube арнасында парақша ашып, тұтынушылардың құқын қорғайтын жанашыр ретінде танылып, бірнеше мың жазылушы жинаған. Сондағы көрсететіндері супермаркеттердегі мерзімі өтіп кеткен азық-түлік тауарларын, жеміс-жидектерді, көкөністерді түсіріп, олардың бүлінгенін жариялап және тиісті органдарға ашық шағым жасаған. Мұндайдың арты сауда үйінің иелеріне үлкен көлемде айыппұл салуға ұласқан. Сөйтіп, «халық жанашыры» ретінде танылған екеуі әрекеттерін біраз уақыттан кейін басқа арнаға бұра бастайды.
Петропавл қаласы прокуратурасының бөлім бастығы Юлия Сысоеваның айтуына қарағанда, блогерлердің супермаркеттерге жасаған әрбір сапары смартфондарының камерасымен фотоға, бейнекөрініске түсірумен ғана шектеледі екен.
«Олар сауда орындарының иелеріне нұқсан келтіретін фактілерді ғана жинаумен айналысқан. Қызметкерлерге дауыс көтерген, айыппұл салынатынымен қорқытқан, бастықтарымен кездестіруді талап еткен. Бүліне бастаған жемістер мен көкөністерді тауып алып, санитарлық-эпидемиялық қызметке қайырылып отырған. Соның салдарынан сауда орындарының иелеріне айыппұлдар салынып, материалдық залал келтірілген», дейді Ю.Сысоева.
Бір жағынан алғанда халыққа пайдалы сияқты, бірақ олардың әрекеті, жоғарыда айтқанымыздай, мұнымен шектелмеген. Олар сауда орындарының иелерінен келеңсіз жағынан көрсетуді тоқтату үшін ақша талап еткен. Соның ішінде «Магнум» сауда жүйесінің басшысынан 50 млн теңге бопсалаған. Ал «Семейный» супермаркетінің қожасын ай сайын өздеріне 200 мың теңге төлеп отыруға қорқытып көндірген.
Алайда супермаркет басшылары полицияға жүгініп, екі алаяқты 2023 жылдың қараша айында «Магнум» сауда орнынан 50 млн теңгенің 25 млн теңгесін бопсалап жатқан жерінде полиция қылмыс үстінде қолға түсірген. Қылмыскерлер қолға түскен соң, «Семейный» супермаркетінің басшысы Андрей Исаков та полицияға келіп, алаяқтар өзінен бес ай бойы 200 мың теңгеден ақша бопсалап тұрғанын айтады.
Қылмыскерлердің тергеуі ұзаққа созылып, ақыры 2024 жылдың тамыз айында сот процесі аяқталды. Алқабилер қолдан ұстаған бопсалауды көре тұра екі қылмыскердің қылмысы дәлелденбеген деген шешім қабылдап, оларды сот залынан бостандыққа шығарды.
«Бақсақ, бақа екен» дегендей, артынан алқабилердің қатарына пиғылы таза емес адамдардың өтіп кеткені белгілі болады. Оның біреуі сотталушы Сайконың әкесімен бірге қызмет істеген әріптесі екен, ал тағы бірі шешесінің сотталғанын жасырып, алқабилердің құрамына кіріп алыпты.
Алқабилердің шешімімен келіспеген прокуратура апелляциялық шағым беріп, іс қайта қаралған. Жуырда Қылмыстық істер бойынша ауданаралық мамандандырылған соттың судьясы Ерлан Нұршәріпов үш айға созылған сот процесін аяқтап, екі бопсалаушыны да жеті жылға бас бостандығынан айыратын үкім шығарды. Қылмыскерлер сот залынан қамауға алынды. Ойларына не келсе, соны істеп құтырған блогерсымақтар сөйтіп әділ жазасын алды.
ПЕТРОПАВЛ