Ғылым нәтижелері бағзы заманнан бері негізінен адамзаттың игілігіне бағытталып келеді. Бұл үрдістен отандық ғалымдар да қал-қадірінше қалыс қалмайды. Соның бір үлгісін соңғы жағымды жаңалықтар мен ізденушілердің ілкімді істерінен көруге болады.
Су сүзгілерін әзірледі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағынды суларды тазарту инфрақұрылымын жаңғырту және су айдындарының ластану мәселесін шешу қажеттігін бірнеше рет атап өткен еді. Өйткені ауызсу тапшылығы – өзекті мәселе. Осыған орай С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ғалымдары тұрмыстық және өндірістік мақсатта қолданатын инновациялық отандық су сүзгілерін әзірледі. «Су объектілерін тазарту үшін композициялық сүзгі материалдарын өндіру» жобасы ауызсу сапасын жақсартуға бағытталған. ШҚУ ғалымдары биополимерлер, керамикалық және көміртекті материалдар негізінде графит оксидімен модификацияланған сүзгілеуші композициялық сорбенттер өндірісін жолға қоймақ. Сондай-ақ оларды картридж түрінде құрастыруды, корпусын дайындауды университет базасында жүзеге асырады.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің таратқан ақпаратына сүйенсек, жақында С.Аманжолов атындағы ШҚУ құны 125 000 000 теңге тұратын су тазартқыш сүзгіні өндіру үшін L-BW 380 жабдығын сатып алды. Жаңа техника сүзгілерге қажетті сапалы корпустар жасауға мүмкіндік береді. Ғылыми қызметкерлердің айтуынша, өнімді нарыққа бір жылдың ішінде шығару жоспарланған. Осы уақыт аралығында ғалымдар тобы техникалық білім алып, сүзгі жасайтын жұмыс орнын дайындауы қажет. Алдағы уақытта еліміздің ауызсу тұтынушыларына ауыр металдардан, микроорганизмдерден және органикалық қосылыстардан тазартылған су жеткізіледі. Алғашқы отандық сүзгі ресейлік баламаларға қарағанда бағасы арзанырақ. Ал тұрмыстық сүзгі 4-5 ай бойы қызмет етеді.
Жоба жетекшісі, университеттің аға ғылыми қызметкері Тілек Қуанышбеков бұл туралы: «Елдегі жерүсті су айдындарының шамамен 70%-ы ластанған. Бұл жағдайды, әсіресе, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарындағы өнеркәсіптік кәсіпорындар одан сайын күрделендіріп отыр. Өндірістік көздерден шыққан ағынды сулардың шамамен 20%-ы тазартылмай, тікелей су айдындарына жіберіледі. Біз ұсынған тазарту құрылғылары арқылы осы мәселені шешуге болады», деп түсіндірді.
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті су ресурстарын қорғау ісіне айтарлықтай үлес қосып жатыр. Екі жыл бұрын «Гидроэкология, менеджмент және трансшекаралық су қауіпсіздігі» білім бағдарламасы енгізілді. Оның басты мақсаты – гидроресурстар мониторингінде геоақпараттық әдістерді қолдана алатын, су ресурстарын экологиялық нормалар мен ұтымды пайдалану стандарттарына сай басқаратын мамандар даярлау. Осылайша, ШҚУ гидрологтер, гидрохимиктер, сел мамандары, гляциологтер және табиғатты пайдалануда геоақпараттық жүйелер мамандарының резервін даярлап келеді.
Түйетабанның қатерлі ісікке қарсы қасиеті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университетінің ғалымдары түйетабан өсімдігінің қатерлі ісікке қарсы қасиеттерін зерттеп жатыр. Нәтижесінде, зерттеушілер қатерлі ісікке қарсы қолданылатын дәрілік препараттарды әзірлеу тәсілдерін жетілдіріп, Іле-Балқаш өңірінде өсетін бұршақтүсті түйетабан өсімдігінің қатерлі ісік ауруына қарсы белсенділігін анықтады.
Бұршақтүсті түйетабан ертеден халық медицинасында кеңінен қолданылған. Дегенмен аталған өсімдік ғылыми тұрғыда толық зерттелмеген еді. ҚазҰУ ғалымдары алғаш рет аталған өсімдік құрамындағы фитохимиялық және биологиялық белсенді заттарды анықтауға бағытталған ауқымды зерттеу жұмысын жүргізді. Зерттеушілердің айтуынша, бұл жоба алдағы уақытта отандық фармацевтиканы дамытуға септігін тигізбек.
Ғылыми жоба бойынша қауымдастырылған профессор Әсем Мамырова, PhD, Түркия профессоры Ахмет Бейатлы, ҚазҰУ-дың аға оқытушысы және докторанты Гүлзат Қайранова жұмыс істеп жатыр. Болашақта мамандар патент алуды, жоғары рейтингтегі ғылыми журналдарға мақала дайындауды жоспарлап отыр.
Жобаны жүргізушілердің бірі Г.Қайранова: «Жоба нәтижесінде бұршақтүсті түйетабан өсімдігінің биологиялық белсенділігі жоғары екені анықталды. Өсімдік сығындылары антиоксиданттық, антимикробтық және цитоуыттылық қасиеттерімен ерекшеленді. Мәселен, этанол сығындысы күшті антиоксиданттық белсенділік көрсетті, ал этил ацетаты сығындысы бактерияларға қарсы тиімділік танытты. Сондай-ақ өсімдіктің белгілі бір сығындылары лейкемия жасушаларына қарсы тұра алатыны дәлелденді. Мұны болашақта қатерлі ісік ауруына қарсы дайындалатын дәрілерге пайдалануға болады», деп пікір білдірді.
Ауаға зиян зат жібермейтін сүзгі
Соңғы жылдары түрлі созылмалы және қатерлі ісік аурулары көбейді. Мұның бір себебі ретінде экологиялық мәселелер, соның ішінде ауаның ластануы да айтылып жүр. Отандық ғалымдар бұл жағдайды да жақсартуға жұмыс істеп келеді.
Айталық, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары атмосфераға зиянды шығарындыларды азайтатын сүзгілер жасады. ЕҰУ инженерлік зертханасының қызметкерлері әзірлеген өнім атмосфераға бөлінетін көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуға көмектеседі. Сүзгілерді электр стансалары мен зауыттардағы шығарындыларды бақылау үшін пайдалануға болады, бұл көміртегіні азайтып, экологияны жақсартады. Зерттеулерді сонау 1957 жылы құрылған Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік (IAEA – The International Atomic Energy Agency) қаржыландырған.
Жоба жетекшісі, PhD Илья Корольков: «Жобаның мақсаты – көмірқышқыл газын алу тиімділігін арттыру үшін елімізде өндірілетін трек мембраналарын (сүзгілерді) металл-органикалық қаңқалы қосылыстармен біріктіруге мүмкіндік беретін инновациялық технологияны әзірлеу. Біз металл-органикалық жақтау қосылыстарын ұстап тұратын, сол қосылыстардың қасиеттерін арттыратын жол мембраналарының бетінде, сондай-ақ арналарында арнайы қабаттар жасау үшін жұмыс істеп жатырмыз.
2024 жылдың соңында IAEA жобаны 5 жылға қаржыландыруды мақұлдады. Қазақстан Париж келісіміне қосыла отырып, парниктік газдар шығарындыларын азайту және инновациялық экологиялық технологияларды енгізу бойынша өз міндеттемелерін орындау үшін белсенді шаралар қабылдады. Осыған орай біздің жоба Париж келісімін орындау бойынша да өз үлесін қосып отыр», деп атап өтті.
Төбет ғылыми тұрғыдан зерттелді
Көп ұлттық тағам түрлерін немесе басқа да халқымызға тән құндылықтарды қазаққа телу үшін де ғылыми негіз керек екені рас. Мысалы, тазы итін жеті қазынасының біріне жатқызатын қазақтыкі дейміз. Бірақ соған ғылыми дәлел қайда? Мұндай мәселе мемлекеттік мінберде де көтеріліп, «Біз тазы және төбет тұқымдарын халықаралық аренада насихаттауға тиіспіз» деп атап өткен Мемлекет басшысы 2023 жылғы 20 қаңтарда «Қазақ ит тұқымдарын сақтау және көбейту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Содан бері Генетика және физиология институтының ғалымдары қазақтың төбет тұқымды иттерінің шығу тегін зерттеп келеді. Зерттеу нәтижесінде жазылған «Қазақтың төбет тұқымының генетикалық әртүрлілігі және шығу тегі» атты ғылыми мақала 2024 жылғы 4 қазанда әлемдегі ең көп сілтемелер жасалған бес ғылыми басылымның қатарына кірген «Scientific reports» журналында жарияланды.
Институт таратқан ақпаратқа қарағанда, ғалымдар осы зерттеуде өздеріне үш негізгі бағытты анықтап алған: тұқымның әртүрлілігі, шығу тегі және көнелігі. Қазақ төбеті – асылтұқымды ит. Олар ежелден үй жануарларын қорғауға пайдаланылған. Генетикалық зерттеу осы тұқым туралы тың фактілерді ашты. Ғалымдар Қазақстан мен Моңғолияның түрлі өңірлерінен 107 итті зерттеп, ДНҚ-ның тізбегіндегі қысқа тандемді қайталауларды (STR) талдаумен шұғылданды. Сонымен қатар олар екі төбеттің толық геномдық секвенирлеу деректерін пайдаланып, бұларды басқа 24 жұмысшы ит тұқымының геномдарымен салыстырды.
Зерттеу нәтижелері төбеттің жеті түрлі генетикалық кластерден тұратынын көрсетті. Бұл тұқымның бай әрі күрделі мұрасын білдіреді. Тұқымның ежелден ұсақ малмен бірге көшіп-қонып жүргендіктен, біртекті болмауы мен бір текпен шектелмеуі қиынға соққан. Сонымен қатар осындай генетикалық әртүрлілік аталған тұқымға басқа тұқымдардан қанның үздіксіз беріліп отырғанын көрсетеді.
Ерекше қызықты жайт, ғалымдар төбет тұқымының тибет мастифтерімен туыстығы туралы әлі күнге дейін кең таралған гипотезаны жоққа шығарды. Филогенетикалық талдау осы тұқымның түрік ақбасына жақын екенін, ортаазиялық төбетпен туыстығын және тибет мастифінен кем емес ежелгі екенін көрсетті. Мұны митохондрия ДНҚ-ның тізбегін талдау да растады. Екі төбет итінде A18 гаплотипі анықталып, бұл ең көне жеті гаплотиптің қатарына кіреді.
Зерттеу нәтижелері тек көне тұқымның құпияларын ашып қана қоймай, мұны сақтау мен жақсарту үшін алғашқы ғылыми негізді қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.