• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Білім 28 Ақпан, 2025

163 мыңдай талапкер тест тапсырады

70 рет
көрсетілді

Ғылым және жоғары білім ми­нистрлігі хабарлағандай, нау­рыз айында өтетін ұлттық бір­ыңғай тестілеуге (ҰБТ) қатысу үшін өтініш қабылдау аяқталды. 163 мыңға жуық адам тестілеуден өтуге ниет білдірді. ҰБТ 1 наурыз бен 6 сәуір аралығында өтеді. Ал қаңтардағы тестілеудің нәти­жесінде, тыйым салынған зат­тар­ды алып өтпекші болған 101 та­­лапкер тест тапсыру мүм­кін­дігінен айырылды.

Наурыздағы ҰБТ-ға шартты түрде ақы­­лы негізде күндізгі оқу нысаны бо­йын­ша жоғары оқу орындарына қабыл­дан­ған, өткен жылғы мектеп және кол­ледж түлектері, ел азамат­тығы жоқ, ұлты қазақ тұлғалар, ­сон­дай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады.

ҰБТ барысында калькулятор, химия­лық элементтердің периодтық жүйесі (Менделеев кестесі) және тұздардың ері­гіштік кестесі тестілеу бағдарламасында қол­жетімді болады. Тест тапсырушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішін­де апелляцияға өтініш бере алады. Сер­тификат апелляциялық комиссияның шеші­мінен кейін талапкердің жеке каби­нетінде шығады.

ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша болады. ҰБТ тапсырма­лар саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылы­ғы­нан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейінді пән бойынша 40 тапсырмадан. Жоғары балл да 140 болып өзгермей қалды. Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек. Бір ескерерлігі, талапкерлер өтініш беру барысында олар тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдады.

Естеріңізге сала кетсек, 10 ақпанда қаңтар ҰБТ-сы аяқталды, бұл тестілеуге 164 мыңға жуық адам, соның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 392 талапкер қатысты. Талапкерлердің 76,8%-ы қазақ тілінде, 23,1%-ы орыс тілінде, 89 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті. ҰБТ-да шекті балды 70,4%-ға жуық талапкер жинады. Орташа балл 65,8-ді құрады. Ең жоғары балл – 139. Жалпы, 186 талапкер 130-дан жоғары балл жинады. Тестке қатысушылардың басым бөлігі «Математика-Физика» комбинация­ларын таңдаған, атап айтқанда, 17,5%-ы тапсырды. «Биология-Химия» пәндерін 17,27% таңдаған. Сондай-ақ топ-3 қа­та­рына та­лап­керлердің 10,29% таңдаған «Ма­те­ма­тика-Информатика» комбина­ция­сы кірді. Ең аз таңдалған комбина­ция – «Хи­мия-Физика», оны 197 адам тапсыр­ған. Қаңтарда тестілеуден өткен талапкер­лер «Оқу сауаттылығы» пәнін жоғары дең­­гей­де тапсырды. Орташа есеппен сұрақ­тар­дың 75,43%-ына дұрыс жауап берілген. Ал «Физиканы» тапсырған талапкерлер­дің тек 32,32% тапсырманы дұрыс орында­ған, оларға «Электромагниттік индук­ция» тақырыбы қиын болды. Осылайша, ҰБТ нәтижелері бойынша Ұлттық тестілеу орталығы тек сандар емес, сонымен қатар тақырыптар бойынша жан-жақты, толық талдауды да ұсынады.

ҰБТ өткізу барысында 197 рет ереже бұзылғаны белгілі болды. Оның ішінде 101 талапкер смартфон және шпаргалка сияқты тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды, ал тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін ауди­ториядан 96 адам шығарылды. Өзге тұлға­лар анықталған жоқ. 2025 жылғы ҰБТ аяқтал­ғаннан кейін күнтізбелік жыл­дың 31 қазанына дейін тестілеудің бейне­жазбаларына талдау жүргізілетінін, тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықтал­ған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жо­йылды.

Соңғы жаңалықтар