• RUB:
    6.25
  • USD:
    516.16
  • EUR:
    584.86
Басты сайтқа өту
Өндіріс Кеше

Жетісуда мал азығы зауыты ашылады

100 рет
көрсетілді

Биыл қант қызылшасының көлемі 1,5 мың гектарға қысқарды. Өнімділікті арттыру мақсатында шаруалар инновациялық технологияларды игеріп, жаңа техниканы меңгерген. Ал қант қызылшасынан қалатын қалдыққа қытайлық инвесторлар көз тігіп отыр. Олар Жетісуда мол азығы зауытын салуға ниетті.

Былтыр облыста қант қызылшасы зауытқа сыймай қалды. Аста-төк шикізатты зауыттар жыл соңына дейін қабылдады. Биыл бұл түйткіл қайталанбас үшін шаралар қабылданып жатыр. Өткен жылы тәтті түбірге арналған егіс алқаптары 13,7 мың гектарды құрады. Одан жалпы 635 мың тонна өнім алынып, орташа өнімділігі гектарына 465 центнерден айналды. Алынған өнімнің 5 мың тоннасы мал азығына бағытталса, 630 мың тоннасы зауыттарға өткізілді. Оның 560 мың тоннасы таза салмақты құраған. Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақсу және Көксу қант зауыттарына өткізілген өнімге 14 млрд теңге субсидия толық көлемде төленген. 

«Ақсу, Көксу зауыттарына қант қызылшасын өткіздік. Бүгінде екі зауыт та шаруа­шылықтарымызбен тиесілі есеп айырысып болды. Қазір басым дақылдарға берілетін субсидияны алдық, соның арқасында көктемгі дала жұмыстарына дайындық қызу жүріп жатыр. Жыл сайын қант қызылшасын кем дегенде жүз гектар жерге себеміз. Биыл да қант қызылшасын, жүгері, майбұршақ сияқты бірқатар дақыл егуді жоспарлап отырмыз. Көктемгі дала жұмыстарына жеңілдік бағамен берілетін жанар-жағармай алатын қаржымыз да дайын», дейді Көксу ауданындағы «Кең дала» шаруа қожалығының басшысы Қалибек Алпысбаев.

Қант қызылшасы бойынша субсидиялауға 679 өтінім түсіп, субсидия толық көлемде берілген. Сондай-ақ Ақсу және Көксу қант зауыттары қабылдаған қант қызылшасы үшін шаруа қожалықтарына 8,4 млрд теңге төленді. Осы ретте бірнеше қытайлық компания өкілі сол кәсіпорындардан шығатын жомды тиімді пайдалануды ұсынып отыр. Сол үшін әлеуетті инвесторлармен облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов кездесіп, жобаны талқылады.

Суретті түсірген – Жеңіс ЫСҚАБАЙ

«Жетісу аграрлы аймақ бол­ғандықтан ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге қатысты жобаларға ерекше қызығамыз. Қант қызылшасы – өңірдегі басым дақыл. Биыл 550 мың тонна тәтті түбір аламыз деген жос­пар бар. Егер қант қызылшасы өнімін жинағанша барлық мәселені бірлесіп шешсек, қалдықсыз өндіріс орнын ашамыз. Маңызды инвестициялық жобаны жүзеге асыруда заңға сәйкес өз тарапымыздан тиісті қолдау көрсетеміз. Сіздерден нақты мерзім, өндіріс көлемі көрсетілген және барлық қажетті құжаттамалары бар егжей-тегжейлі жоба күтеміз», деді Ә.Қанағатов.

Жом – құнды мал азығының бірі. Бүгінде оны зауыттардан шаруалар бордақы малға арнайы сатып алады. Егер кәсіпорын салынса, онда ол өндірген жоғары сапалы өнім­дер жергілікті нарықта сатылып, экспортқа да шығартылады. Аймақтағы екі қант зауытымен ынтымақтастық ортуды көздейтін жобаға 10 млн доллар көлемінде инвестиция тартылмақ.

Инвестор-компаниялардың айтуынша, кәсіпорында жұ­мыстың басым бөлігі автоматтандырылады. Экологиялық таза өнім шығарылып, 30-40 адам жұмыспен қамтылмақ. Кез­десуде қос тарап жаңа кәсіп­орынды логистика жағынан қолайлы, барлық инфра­құ­рылыммен қамтамасыз етілген «Талдықорған» индустриалды аймағының аумағында салу мүмкіндігін қарастыруға келісті.

Бүгінде қант қызыл­ша­сын егу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Осы жылы Қара­тал ауданындағы балта­мырға 760 гектар егістік жер беріл­ді. Сепкіштер мен басқа да ас­палы қондырғыларға соңғы тесті­леу жүргізіліп жатыр. Былтыр бірнеше кәсіпорын лизинг­пен алынған жаңа техника­мен то­лықты. Онда жас механи­за­тор­лар жұмыс істейді. Соның бірі – жас маман Арман Басшы­баев.

«Бәрі компьютерленген, мониторлар бойынша аспалы агрегаттардың деңгейін рет­тейміз. Өткен маусымда жаңа комбайндар қант қызыл­шасын жинап, ауқымды жұмыс атқарды. Жаңа технологияларды қолдану өте ыңғайлы. Қазір жаңа отырғыштармен жұмыс істеуді үйреніп жүрміз. Меніңше, егіс маусымы сәтті өтеді», дейді А.Басшыбаев.

Қаратал ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ілияс Саяқбаевтың сөзінше, осы маусымда өңірде 22 мың гектарға әртүрлі дақыл егіледі.

«Қант қызылшасы егістігін қысқартып, бақша дақылдарын көбейттік. Соған қарамастан, бағалы дақылды өсіргісі келетін шаруалар көп. Осының есебінен олар техниканы лизингке сатып алады. Өткен жылы қызыл­ша өсірушілер 50 жаңа ауыл шаруа­шылығы техникасын жаңартты. Биыл да өтінім қабылдаймыз», дейді.

Шаруашылық иесі Марат Қоржынбаевтың сөзінше, былтыр шаруашылықта бір гектардан 700 центнерге жуық тәт­ті түбір жиналған. Оған жаңа тех­никаның да көмегі тиген. Басқа дақылдарды да жақсы өсі­реді. «Өңірде қайта өңдеу кәсіп­орнының аздығы қолбайлау болып тұр. Жаңа зауыт салынса, көп түйткілдің түйіні тар­қатылар еді» дейді ол.