Смағұл Садуақасұлы қазақ халқының есін жиып, іргесін бітей бастаған күрделі де жауапты кезеңде елге еңбек сіңіргенін көзі ашық азаматтар жақсы біледі. Егер жұртшылық кеңінен танып, жауапты орындар терең түсінсе, биылғы 125 жылдық мерейтойы жоғары деңгейге көтеріліп, есімі лайықты құрметке бөленері сөзсіз. Әзірше смағұлтану ғылыми жиын форматында ғана өткізіліп жүр.
Ұлыларды ұлықтау – елдік міндет
Еліміз тәуелсіздігін алған елең-алаң шақта ұлт арыстары керемет ұлықталды. Абылайдың, Қабанбайдың, Бұхар жыраудың, одан беріде Ахмет пен Мағжандардың тойлары елдік көлемде өтіп, жарқын есімдері халықтың жүрегіне жетті. Оларды құрметтеу туған жерінен басталып, астанадағы ірі жиынмен қорытындыланатын. Сонда халық олардың еңбектерін біліп, есімдері елге кеңінен жайылатын. Бірақ бәзбіреулер сондай ұлықтауларды артық көріп, «мерейтойлар көбейіп кетті» деп, сын айта бастады. Әрине, Мемлекет басшысы айтқандай, той ой қорытатын жаңа форматтағы жиын болғаны жөн. Смағұл Садуақасұлындай дара қайраткеріміздің осыған дейінгі мерейтойлары өзге жер түгілі өзінің туған топырағында бір қуатты дүмпумен өткен емес. 25 жылда бір болатын тұлғаның мерейтойы биыл Астана, Петропавл, Семей, Алматы, Көкшетау қалалары университеттерінде жоспарланған ғылыми-практикалық конференция түрінде өтпек. Халық сұраған еңселі ескерткіш қою, көркем фильм түсіру, Астана мен Петропавлда, аудан орталығында лайықты көше атын беру мәселесі әлі күн тәртібінде тұр.
Өткен күннен белгі бар...
Жуырда Смағұл Садуақасұлының туған жеріне іссапарлап, арыс ауылдастарының көңіл күйін, аталарының тойына даярлығын, көңіл құлшынысын біліп қайттық.
Смағұлдың туған ауылы Жарқын Ақжар ауданына қарайды. Ауданға Тайынша қаласын басып барасыз. Бұл ауданның жері көлемді саналады. Бұрынғы Келлер, Чкалов, Краснознамен аудандарының біріктірілуінен құрылған. Мұнда тың игерушілер де, оған дейінгі Ресей мен Украинадан көшіп келген шаруалар да, жер аударылғандар да, соның ішінде поляк диаспорасы көп қоныстанған. Сондықтан да елді мекендердің атаулары тегіске жуық өзге тілде. Ал Ақжар ауданы басталғаннан жер атаулары қазақы Ащыкөл, Ақжарқын, Дәуіт деген сияқты әдемі қалыпта бірден көзге түседі. Ақжардың өзі кезінде «Ленин» және «Ленинград» деп аталған екі ауданның қосылуы нәтижесінде 1997 жылы құрылған. Жергілікті халық үлесі 80 пайыздай.
Өкінішке қарай, Дәуіт стансасынан әрі Ақжар ауданының жолы сын көтермейді. Республикалық маңызы бар «Көкшетау – Бидайық» (шекаралық бекет) тасжолы осы жерден өтеді, бірақ 2-3 жыл бұрын басталған жөндеу жұмыстары әлі нәтижесін көрсетпеген. Жолға жауапты республикалық «Қазавтожол» АҚ мердігермен екі жыл бойы ортақ тіл таба алмай, Ақжар ауданының орталығы Талшыққа апаратын 30 шақырымдай қашықтық көліктегі жанның ит сілікпесін шығарады.
Талшық – біршама көрікті мекен. Көшелері түзу, осы заманғы спорт сарайы, футбол стадионы сияқты нысандар, т.б. бой көтеріпті. Петропавлдан 310 шақырымдай жерде орналасқан. Әттең, Талшық деген қазақы атауын дұрыстауға ешкім мән бермеген екен. Бұл талдан кіші – «талшық» деген сөзден шықпаған. Осы маңда кезінде шілік көп өсіп, елді мекен атаулары Байшілік, Қарашілік деп аталған. Бұл елді мекендер әлі де бар. Талшықтың өз атауы –Талшілік. Оны білетін көнекөздер айтты. Кезінде орысша рәсімделу барысында «Талчик» деп жазылып, кейін қазақшалағанда «Талшық» болып бұрмаланған.
Ауыл орталығындағы алаңда осыдан 20 жылдай бұрын Смағұл Садуақасұлының ортанқол бюст-ескерткіші орнатылыпты. Материалының сапасы нашар әрі күтімі әлсіз болып, сыртқы бояуы түсіп, алдындағы өрнек тастары да құлап қалыпты. Бізді қарсы алып, ауданды таныстырған ішкі саясат және мәдениет бөлімінің бастығы Әлия Бекболатова таяуда жөнделетінін айтып жатыр...
Аудан әкімі Рүстем Елубаев Астана қаласында 16 мамырға жоспарланған ортақ ғылыми-практикалық конференцияға баруға дайындалып жатқанын хабарлады. Осы шараның барысында аудан елордадағы Смағұл бейіті жанына ағаш көшетін егіп, азаттық үшін күрескен тұлғаларға тағзым шарасын өткізетін көрінеді.
Жергілікті мәдениет үйі ішінде С.Садуақасұлы атындағы аудандық музей орналасқан. Оны бізге директоры Сәлкен Закарин таныстырып, Смағұлға арналған бұрышты көрсетті. Мұнда біршама газеттен алынған Смағұлдың, әйелі Елизаветаның (Зейнеп), ұлы Ескендірдің суреттері, т.б. дүниелер қойылыпты. Осында арысымыздың сүйек-күлі салынған гранит-қобдиша көзімізге оттай басылды. Өйткені оны 2011 жылы Мәскеудегі Дон зиратханасынан елге жеткізген төртеудің бірі болған едік. Сол 14 жыл бұрынғы оқиғалар есімізге түсіп кетті. Бұл туралы кезінде біраз жазылды. Ал осы қобдишаны аудан әкімдігі смағұлтанушылармен келісе отырып, Астанадағы шара кезінде Ұлттық музейге салтанатты жағдайда тапсырмақ. Бұл – репрессияланған Алаш зиялыларына қатысты бірден-бір айғақ.
Ұялы-Жарқын жерінде
Осы күннің ертесіне Алаш арысының кіндік қаны тамған Ұялы ауылдық округіндегі Жарқын ауылына бет түзедік. 150 шақырымға жуық бұл жолдың да тамтығы қалмапты. Жоғарыда айтқанымыздай, ұлы тұлғаның мерейтойын жергілікті жерден бастап атап өту туралы ел үкіметі шешім қабылдаса, республикалық бюджеттен лайықты қаражат бөлінсе, бұл жол қазір жөнделіп қалар еді-ау... Ал бүгінде оның кей жері жөнделіп, Қарашілік ауылынан кейінгі елді мекендердің маңында 2-3 техника жүр. Оның үстіне жаңа ғана жөнделген бөліктерді қытайдың ауыр салмақты «Шахман» жүк көліктері қайта бұзып, езіп кететін көрінеді... 2024 жылы ауданда 65,7 шақырым жол жөнделіп, 10 жоба жүзеге асыпты.
Ұялы елді мекені – өзі аттас ауылдық округтің орталығы, бір мыңға жуық тұрғыны бар. 35 бала ғана қалған С.Садуақасұлы атындағы шағын мектеп қана ауыл сәні болып тұр. Бұрын округке Ұялыдан басқа Ақсары және Жарқын ауылдары да қарайды. Алайда Жарқын ауылы 2013 жылы таратылыпты. Бірақ мұнда Ғимадиден Ожаровтың шаруа қожалығы бар. Мал өсіріп, екі мың гектардай жерге дән егетін кәсіпорынның шаруасы осал емес. Ұялының өзінде де бірнеше табысты шаруашылықтар бар көрінеді.
Осы Жарқын ауылының аумағындағы орны қалған ескі үйлердің бірінде Алаштың Смағұлдай дара ұлы шыр етіп дүние есігін ашқан. Бізге оның орнын ауылдық округ әкімі Ғаділжан Кәрібаев көрсетті. Өкініштісі, ол жерге әлі белгі қойылмапты...
Ғимадиден Ожаров – Смағұлдың аталас туысы, 2011 жылы Мәскеуен күлін әкелуге барған төртеудің бірі. Осы өңірде С.Садуақасұлы шараларына атсалысып жүрген Марат Шәпенов есімді іскер азамат жөнінде де естідік.
Ауданда 15 мыңдай халық тұрады. Ауыл шаруашылығында елеулі шаруа қожалықтары жұмыс істейді. Қиыршық тас өндіретін – 7, кварц құмын өндіретін 2 кәсіпорын бар. Шағын өндіріс орындары да жұмыс істеп тұр. Жоспардағы әлеуметтік (денсаулық, білім, спорт, т.б.) нысандар құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілген. Барлық ауылға дерлік ауызсу тартылған. Бірақ еңбек күші (оңтүстіктен солтүстікке елдік шарасы), әлеуметтік сұраныс көп қаржы қажет етеді.
Бір жақсы жаңалық: Президент бастамасымен 13 мың гектарға жуық жер мемлекетке қайтарылған. Аудан ірі төрт инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Нарық заманында Ғимадиден Ожаров, Марат Шәпенов, Дәурен Мұстафа, Әскер Қабдрахманов, Жұмәли Нұрманов сынды жігіттер ауданға кәсіпкерлік көмек қолын созса, қайтарымы болады деп есептейміз.
Ауылдағы қайраткер мектебі
Смағұл Садуақасұлындай арыстың есімін иеленген Ұялыдағы орта мектепте бізді директор Қайролла Сыздықов қарсы алды. Мектептің өзі жаман емес, іші-сырты таза. Музейде қайраткердің мұрасын ұзақ жылдар зерттеген жерлесі, алматылық майдангер, экономист марқұм Нұрым Сансызбайұлы мен тарих пәнінің мұғалімі Манарбек Қойшыбаев өткізген біраз материал жиналыпты. Әсіресе Смағұл туралы түрлі газет материалдары көп. Алайда оларды жүйелеу – уақыт талабы. Осында Смағұлдың әйелі Елизаветаның (Зейнеп) әскери дәрігер болып жүргенде түскен суреті де тұр. Әскери шені анық көрінбейді, бірақ екі бірдей орденмен марапатталғаны байқалады. Сондай-ақ Смағұлдың жалғыз ұлы, асылдың тұяғы Ескендірдің де жігіт болған шағындағы әдемі суреті көз тартады. Бір топ қазақ ғалымының 90-жылдары Көкшетау облысы тарамай тұрған уақытта облыстық кеңеске Смағұлдың есімін жаңғырту жөніндегі жариялаған ашық хаты да осында сақтаулы. Оған халқымыздың қалаулы ұлдары Манаш Қозыбаев, Рахманқұл Бердібаев, Серік Қирабаев, Зәки Ахметов, Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев, Бейбіт Қойшыбаев, Мұзафар Әлімбаев, Нұрым Сансызбаев, Мәмбет Қойгелдиев, Айтым Абдрахманов, Батырхан Дәрімбет, Дихан Қамзабекұлы сияқты зиялылар қол қойған екен. Өкінішке қарай, Көкшетау облысы 1997 жылы тарап, жерінің біраз бөлігі, соның ішінде Ақжар ауданы Солтүстік Қазақстан облысына қарап, ұлт зиялыларының жоғарыдағы ұсынысы хат күйінде қалып қойған. Мұны жаңа басшылық ескереді деп үміттенеміз.
Мектепте Смағұлдың жерлестерімен, жас ұрпақ өкілдерімен кездестік. Осында бір оқушы баланың «Смағұл атамыз жерімізді қорғаған. Ол өте батыр болған» деген жауабы ұнады. Смағұл Садуақасұлының намысты, білікті мемлекет және қоғам қайраткері болғанын, туған халқының мүддесі үшін аянбай батылдықпен, қайсарлықпен күрескенін әңгімелеп, «Смағұлдай аталарыңызбен, жерлестеріңізбен мақтанып, асыл азаматтың есімін ардақтай білу – парыздарыңыз», дегенімізде, оқушылар көзінен жылт еткен нұрды байқадық. Шүкір дестік.
Әрине, шағын болса да, ауыл мектебінің мәдени-ағартушылық рөлі ерекше. Мұғалімдер мен оқушыларға түрлі пәннің жүйесіне қарай Смағұл шығармаларынан сахналық туынды қойғызып, мұрасынан, қайраткерлігінен эссе жазғызып, насихаттап отырса, көп ұтар еді. Әсіресе ұлт ақыны Мағжанның С.Садуақасұлын «Қазақтың панасы, арқасүйер ағасы» деген жоқтауын көрнекті етіп іліп қойса, жас ұрпақты ойландырары сөзсіз.
Міне, Смағұлдың ауылынан осындай пайыммен қайттық.
Солтүстік Қазақстан облысы,
Ақжар ауданы,
Ұялы-Жарқын ауылдары