Бұл күн – мектеп түлектерінің талай жыл тәлім алған ұясынан ұшар сәті. Оларды білім нәрімен сусындатқан ұстаздар мен балапандай баптаған ата-аналар үшін де көңіл толқытар шақ. Ал басқа сынып оқушыларына арқадан жүк түсіріп, тағы бір сатыны артқа тастайтын мерейлі мезет. Иә, бүгін еліміздегі барлық мектепте соңғы қоңырау соғылды.
Ал кеше орта білім ұйымдарында бір мезгілде «Білімім – Отаныма» бірыңғай сынып сағаты өтті. Осы іс-шараға қатысқан Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқушыларды 2024–2025 оқу жылының аяқталуымен құттықтады.
«Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде бір жыл ішінде рекордтық көрсеткіш – 257 жаңа мектеп ашылды. Оқушыларымыз халықаралық білім додаларында 362 медаль иеленсе, оның 41-і – алтын медаль. Ел тарихында алғаш рет колледж студенттерінен құралған Қазақстанның ұлттық құрамасы Францияда өткен 47-ші «WorldSkills» чемпионатында зор табысқа жетіп, 7 медальон иеленді. Мұның барлығы — отандық білім жүйесіндегі жүйелі реформалар мен қажырлы еңбектің нақты жемісі. Сіздер – мектептің жүрегі, білім мен тәрбиенің алтын арқауысыздар. Академиялық біліммен қатар, шәкірттеріңізге ұлттық құндылықтарды дарытып, олардың саналы азамат болып қалыптасуына өлшеусіз үлес қосып келесіздер», деді министр.
Сала басшысы өскелең ұрпаққа сапалы білім мен өнегелі тәрбие берудегі жанашырлықтары үшін, ұстаздық миссияға деген адалдықтары үшін шынайы ризашылығын білдірді. Қолдау көрсеткен ата-аналарға да алғыс айтты және түлектерге жарқын болашақ тіледі.
Сонымен, өз мәресіне жеткен бұл оқу жылы несімен есте қалды, білім жүйесіндегі қай сала қандай белесті бағындырды? Сандар сөйлегенде көңілді көншіте ме? Осы орайда біз оқу жылын қорытындылап көрдік.
Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Мектепке дейінгі білім. Биыл республикадағы балабақшалар ваучерлік қаржыландыруға көшуді бастады. Былтырдан бері Тараз, Түркістан, Шымкент, Орал мен Астана қалаларында мектепке дейінгі білім беруді ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізілді. Ал биылғы наурыз айынан бастап қанатқақты жобаға Семей, Өскемен, Жезқазған, Қарағанды қалалары, сондай-ақ Байзақ және Сарыағаш аудандары қосылды. Министрліктің мәлімдеуінше, бұл механизм мемлекеттік қызметтерді ашық әрі тиімді көрсетуге, мектепке дейінгі ұйымдар арасында мемлекеттік тапсырысты бөлуге бағытталған. Жаңа жүйенің негізгі артықшылығы балабақшалар арасындағы салауатты бәсекелестік пен ата-аналарға арналған білім беру мекемесін таңдау еркіндігі есебінен қызмет көрсету сапасын арттыруда болып отыр. Қаржыландырудың осындай жүйесін енгізу арқылы Тараз қаласының балабақшаларына кезек 12 есеге – 24 мыңнан 2 мыңға дейін, ал Түркістанда 5 есеге – 850-ден 169-ға дейін қысқарды.
Балабақшамен қамтуға келсек, биылғы меже мен алдағы жоспар келесідей: бүгінгі таңда елімізде 11,6 мың балабақшаға 1 миллионға жуық балдырған барады. 2027 жылға дейін кешенді жоспар шеңберінде мектепке дейінгі ұйымдарда жаңадан 300 мың орынды қолданысқа беру жоспарда тұр. Биыл жыл соңына дейін кезекте тұрған 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды сапалы мектепке дейінгі біліммен және тәрбиемен қамтуды 95%-ға арттыру межесі жоспарланған. Осы мақсатта жаңадан 64 мың орын ашылады, жыл басынан бері 1,6 мың орындық 20 мектепке дейінгі ұйым қолданысқа берілді.
Орта білім. Еліміздегі 4 млн-ға жуық оқушы 8 мыңнан аса мектепте осы оқу жылын аяқтады. Оның ішінде 350 мыңдай бала 1-сыныпты, 364 мыңнан көбі 9-сыныпты, 217 мыңнан артығы 11-сыныпты бітіріп жатыр. Түлектердің 11 мыңы «Алтын белгіге», 15 мыңы «Үздік аттестатқа» үмітті. Жаңа оқу жылында 370 мыңнан аса бала 1-сыныпқа қабылданады деп күтіліп отыр.
Сала министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2024 жылдың басынан бері елімізде 400 мыңға жуық жаңа оқушы орны құрылды. Кейінгі екі жылда үш ауысымды мектептердің саны 3 есе қысқарды. Жыл сайын мың ауыл мектебін жаңғырту, қолданыстағы мектептерді күрделі жөндеу және заманауи пән кабинеттерімен жабдықтау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Биылғы оқу жылында 967 мектепте 1700-ге жуық роботтехника, химия, биология, физика және STEM-пәндер бойынша заманауи пән кабинеттері жабдықталды. Келесі кезеңде мектеп инфрақұрылымын бірыңғай заманауи форматқа көшіру көзделген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мектептерді реновациялау бағдарламасы басталды. Биыл бұл бағдарлама аясында 248 мектеп жаңғыртылмақ.
Әлеуметтік жағынан осал отбасылардан шыққан және бастауыш сыныптарынан 1 млн 700 мың оқушы мектепте тегін ыстық тамақпен қамтылды.
Қазіргі уақытта еліміздің орта білім беру ұйымдарында 412 мыңнан астам педагог еңбек етіп жатыр, былтырғы жылмен салыстырғанда, 14 мыңға артық. Бұл өз кезегінде орта білім беру жүйесінде кадр тапшылығының толығымен жойылуына ықпал етті. Педагогтердің 73%-ға жуығы – жоғары біліктілік санатына ие. Қазақстан тарихында алғаш рет биылғы оқу жылында екі педагогке Президент Қасым Жомарт Тоқаев «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын тапсырды, сондай-ақ 36 педагог мемлекеттік наградалармен марапатталды, 64 мұғалім «Үздік педагог» атағын иеленді және оларға мемлекет тарапынан 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйақы тағайындалды.
Техникалық және кәсіптік білім. Бұл салаға биыл бұрынғыдан бөлек мән берілген секілді. Мұны Жұмысшы мамандықтар жылының жариялануымен байланыстыруға болады. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау, колледждерді интернационалдандыру бағытында жұмыстар жүргізілді. 104 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Студенттердің тұрмыс жағдайын жақсарту үшін 2 мың орынға арналған 8 жатақхана пайдалануға берілді. Бизнес өкілдері 8 мыңнан аса білім бағдарламаларын әзірлеуге қатысты. Мектеп оқушыларына ерте кәсіби бағдар беру мақсатында алғаш рет наурыз айында педагогикалық лауазымдар тізіміне педагог-кәсіби бағдар беруші штаты енгізіліп, кәсіпорындар, колледждермен бірлесіп мектептерде бейіндік сыныптар ашылды.
2024–2025 оқу жылының қорытындысы бойынша еліміздің колледждерін 173 мың студент бітіреді. Оның ішінде 123 мың түлек жұмысшы мамандықтары бойынша біліктілік алып шығады, 27 мыңы – дуалды оқыту шеңберінде, тағы 10 мыңы кәсіпорындардың мақсатты тапсырысы бойынша білім алғандар. Тиімділіктің негізгі көрсеткіштерінің бірі – түлектердің жұмысқа орналасу динамикасының артуы. Былтыр колледж түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші 81%-ға жетті.