• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Өндіріс Кеше

Қант зауыттары қаншалықты қуатты?

30 рет
көрсетілді

Былтыр елдегі қант зауыттары 128 мың тонна шамасында өнім шығарды. Ел тұрғындары жыл сайын орта есеппен 550 мың тонна қант тұтынатынын ескерсек, біздің тауар сұраныстың 12%-ын ғана қамтып отыр. Қайбір жылдары шикізатты молынан өңдеген зауыттардың қазіргі өнімділік қуаты баяулады. Дәл осы қарқынмен отандық қант өндірісінің үлесін 100% былай тұрсын, 50%-ға жеткізудің өзі қиынның-қиыны болатын сыңайлы.

Өндірістік ахуал туралы

Былтыр 469,3 мың тонна қант импортталған. Оның 438 мың тоннасы – Ресейден, 31 мың тоннасы  Беларусьтен жеткен. Экспорт көлемі  143,1 мың тонна болса, оның 112,5 мың тоннасы Өзбекстанға жөнелтілген. Экспорттың едәуір бөлігін өзіміздің тәтті түбірден дайындалған қант емес, шикізаты шетелден келетін қант құрағынан өндірілген өнім құрап отыр. Елімізде нақ қазір жұмыс істеп тұрған 4 қант зауыты бар. Ол – Жетісу облысындағы Ақсу, Көксу қант зауы­тымен қоса, Жамбылдағы Меркі, Тараз зауыттары. Осының ішінде Ақсу, Көксу және Меркі қант зауыттары қант қызылшасын өңдейді. 

Тараз қант зауыты тек құрақ қантын ғана шикізат ретінде пайдаланады. Яғни қант қызылшасын өңдеумен айналыс­пайды. Олар қант құрағын Ресей, Бразилия, Үндістан елдерінен алып отыр. Қызылша өңдейтін зауыттардың жалпы жобалық қуаты тәулігіне 8,7 мың тонна, ал құрақ қантын өңдейтін Тараздағы зауыттың қуаты 2,4 мың тоннаға жетеді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі берген ақпаратқа сенсек, осы қант зауыттары былтыр технологиялық мүмкіндігіне, шикізат көлеміне қарай толық қуатында жұмыс істеген. Шаруалардың өнімі мол болыпты. Мұның себебін қант саласын дамытуға бағытталған жобалармен бай­ланыстырсақ болады. Агроөнеркәсіп ке­шенін дамытудың 2021–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында қант саласын дамытуға жүйелі қолдау шаралары қабылданған. Инвестициялық субсидиялау қағидаларына сәйкес, инвесторлардың қант зауыттарын, қызылша қабылдау пунктін және жанама өнімдерді өңдеу желілерін салуға, жаңғыртуға сондай-ақ ауыл шаруа­шылығы техникасын сатып алуға жұмсаған инвестициялық шығындарының 40%-ы өтеледі. Бұдан өзге «Аграрлық несие корпорациясы» желісі бойынша негізгі және айналым қаражатына жеңілдетілген несиелер беру арқылы қолдау көрсетіледі. Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге сай 2021 жылдан бері қант өндірушілер үшін қосылған құн салығының мөлшерлемесі 70%-ға төмендеген.

                                                               Қызылшаның қадірін еккен біледі

Қант қызылшасын егетін шаруаларға да субсидия төленеді. Көктемгі дала жұмыс­тарын қаржыландыру бағдарламасы шең­бе­рінде жеңілдетілген несие беріледі. Тұқым, тыңайтқыш, өсімдіктерді қорғайтын құралдардан бөлек, су беру жөніндегі қыз­­мет­терді сатып алуға субсидия қарас­ты­­рыл­­ған. Ол аздай қызылша жинайтын ком­­байндарды, сепкіштер мен пәлек кескіш­терді сатып алуға инвестициялық суб­си­диялар беріледі. Осының нәтижесінде болса керек, былтыр Жамбыл облысында 11,2 мың гектарға қант қызылшасы егіліп, 600 мың тоннадан астам өнім жиналған. Бұл – өңір үшін кейінгі жылдардағы ре­кордтық көрсеткіш. Жиналған өнімнің 597,1 мың тоннасы өңдеуші зауыттарға жө­нелтілген. Шаруалар оның 478,2 мың тон­на­сын – Меркі қант зауытына, 99,6 мың тонна­сын – Ақсу қант зауытына, 19,3 мың тон­на­сын Қырғызстандағы «Кошой» қант зауы­­тына өткізген. Мол өнім жаппай күзде тасы­мал­данған соң қант зауыттарының алдында жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегі тізілді. Ша­руалар, көлік жүргізушілермен қоса қант зауытының жұмысшылары біраз әбі­гер­ге түсті. Жүргізушілер апталап ке­зек күт­се, ауыл тұрғындарының жү­ріп-тұруы қиын­дады. Мысалы Меркі қант зауы­ты­ның ма­ңын жайлаған ауыл тұрғындары ал­ға­шын­да жүк көліктерінің кептелісінен қа­жыса, кейін жағымсыз иістен, қара шыбын­нан зә­­ре­­зап болды. Шаруалардың есіл еңбегі зая кетті.

Қызылшаның қадірін еккен біледі. Меркі қант зауыты былтыр күзде қабылдаған тәтті түбір­дің 130 мың тоннасын шірітіп алды. Көк­темде бірнеше ай қара шыбын қаптады, қолқа қа­батын иіс кетпеді. Зауыт басшылығы қал­дықты Ойтал ауылынан 20 шақырым қа­шық­тағы карьерге төгіп, оңай құтылғысы кел­ген. Жұрт оған наразы болды. Әйтеуір зауыт­тың олқы­лығына аудан әкімдігі араласып, аумақ­ты дәріледі. Тұрғындар шыбын-шір­кей­ден құ­тыл­ды. Мұндағы жағдайды өзіміз­ше баға­лап, сырттай тон пішуден аулақ­­пыз. Әйт­се де, өзінің өндірістік қуатын бес­ке біле­тін зауыт басшылығы көтере алмай­тын шоқ­парды беліне байлап, қарызға бат­қаны қа­лай? Ауыр жүк көліктері іргеге кел­ген­де жер­гілікті әкімдік шаруалардың бетін қай­тармауды сұрады ма, әлде басқа да се­беп сал­дары болды ма, ол жағы нақты белгісіз.

 

Меркінің жайы алаңдатады

Меркі қант зауытының негізі 1934 жылы қаланған. Жұмыс қызған шақта мұндағы жұмысшылардың саны 500-ге жетеді. Егемендік алғалы зауыт қолдан қолға өтіп, басшылыққа кім келіп, кім кетпеді. Кім келсе де зауытты түбегейлі жөндеуден өткізуге аңсары аумады, жаны ашымады. Қазіргі басшылығынан да хабар жоқ. Мән-жайды білу үшін Меркі қант зауытына екі күн қатар барып, ішке кіре алмадық. Ресми жауап беретін бірде-бір маман табылмады.

Жуырда Жамбылдың шаруалары Меркі қант зауытынан жалпы соммасы 2 млрд теңгеден астам қарызын ала алмай жүргенін айтып, жиылды. Зауыт тәтті түбірдің килосын 15 теңгеден қабылдаған. Мемлекет тарапынан тағы 25 теңге субсидия берілген. Шаруалардың қолына мемлекеттен берілетін субсидия тигенімен, 200-ге жуық шаруа зауыттың өзі беретін соманы былтырдан өндіре алмай әуре-сарсаң. Кәсіпорынның жұмысшылары 2 млрд 200 мың теңге қарыздың неге өтелмей жатқанынан бейхабар. Қарызды жабу үшін зауыт басшылығы банктен тағы несие алуды жоспарлапты. Одан басқа амал-шара жоқ.

Зауыттың шаруалар алдындағы бере­шегін өтей алмай отырғаны бір бұл емес. 2020 жылы зауыт шаруаларға 918 млн тең­ге қарыз болған. Ол кезде де келең­сіздікке жергілікті әкімдік араласып, мәселе шешілген. Беріде Меркі қант зауыты жөн­деуден өтіп, тәулігіне 3 000 тонна қант қызыл­шасын қабылдауға мүмкіндік туған. Кәсіп­орын басшылығы 2023 жылы зауыт­ты модернизациядан өткізуге 2 млрд теңге жұмсаған. Оған дейін өндіріс 2016–2017 жылдары жөндеуден өткен. Алайда аумағы кең, әлеуеті жоғары қант зауытының ең­се­сін тіктеп, өнімділікті арттыру үшін қы­руар қаржы қажет. Онсыз іс бітпейді. Күз таяу, қант қызылшасын қабылдайтын мау­сым да көп ұзамай басталады. Ал Меркі қант зауыты шаруалар алдындағы берешегін әлі өтемеді. Жұ­мыс­шылары да жарытып жалақы алмайды. Жер­гілікті әкімдік үйлестіре алмаған мә­селені Үкімет деңгейінде қарап, шешпес­ке болмайтын тәрізді. Әйтпесе, зауыт бас­шы­лы­ғы­ның қарыздан таяу жылдарда құтылуы екіталай.

Жағдайды шамамен білген соң, елдегі қант зауыттары халықты қантпен 100% қа­шан қамтиды деген сауалға жауап беруден тартынамыз. Бүгінде қант саласын дамыту жөніндегі 2024–2026 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданған. Соған сәйкес қант қызылшасының егіс алқаптарын 2026 жылға дейін 16,7 мың гектардан 38 мың гектарға дейін ұлғайту көзделіпті. Өңдеу кәсіпорындарын кеңейтумен шектел­мей, жаңа зауыт салу жоспарда бар көрінеді. Бұл жобалар іске асқан жағдайда, 2026 жыл­ға дейін қантпен ішкі қамту деңгейін 7%-дан 43%-ға дейін арттыру мүмкіндігі тумақ. Жуырда Ауыл шаруашылығы министрлігі «Qazaq Arab Sugar» компа­ния­сымен Алматы облысында қант зауы­тын салу туралы келісімге қол қойды. Құны ­­580 млн долларды құрайтын инвестиция­­лық жоба іске асса, жылына 500 мың тон­­наға дейін қант өндіруге болады. Әрі 800 жұмыс орны ашылады деген болжам бар.

Егер елдегі басқа зауыттардың ескір­генін, қант тұтынушыларының көбейіп жат­қанын ескерсек, жап-жаңа бір зауытпен отан­дық қант нарығындағы бүкіл мәселені оңал­тамыз деп айту қиын. Себебі елдегі өзге са­лалар секілді қант зауыттарының күні­ де мем­лекеттің, банктердің қолдауына және­ шет­елдің инвестициясына қарап тұр.