Мемлекет басшысы қол қойған жаңа Салық кодексі елдегі салық саясатын түбегейлі жаңғыртуды көздейді. Ендігі жерде салық төлеу – бұрынғыдай күрделі міндет емес, жеңілдетілген, оңтайлы жүйе негізінде орындалатын азаматтық парыз. Алайда салық төлемеудің салдары әлі де ауыр. Заңдық жауапкершілік, қаржылық қиындықтар мен мүліктік шектеулер – бұлар салықты уақытылы төлемеудің нақты салдары.
Жаңа Салық кодексі салықтық әкімшілендіруді барынша жеңілдетті. Есептілік көлемі 30 пайызға қысқарса, салық түрлері 20 пайызға азайды. Арнаулы салық режимдері де үш бағытқа шоғырланды: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, оңайлатылған декларация және шаруа қожалықтары.
Мұның бәрі салық жүйесін түсінікті, икемді әрі әділетті етуге бағытталған. Экономист Ғалымжан Айтқазиннің айтуынша, бұл өзгерістер – кезекті реформа ғана емес, мемлекет пен бизнес арасындағы «қоғамдық келісімнің» жаңа кезеңі.
«Маңыздысы – жаңа Салық кодексі кәсіпкерлікке кедергі емес, керісінше, оны дамыту құралына айналуы тиіс. Бұл – салық саласында азаматтар мен бизнесті қолдайтын өтемдік тетіктерді күшейтуді де талап етеді. Тек жүктемені азайту емес, салық шегерімдері институтын кеңінен енгізу қажет», дейді сарапшы.
Салық төлемегенге – салмақты жауапкершілікСалық кеңесшісі Айдар Масатбаев салықтан жалтарудың құқықтық салдарын жан-жақты түсіндіріп береді. Оның айтуынша, төлем мерзімі өтіп кеткен салықтар бойынша азаматтың электронды кабинетіне ескерту жіберіледі. Бұл – алғашқы «дабыл». Егер 30 жұмыс күні ішінде ешқандай қарыз өтелмесе, Мемлекеттік кірістер басқармасы арнайы салықтық бұйрық шығарады.
«Салықтық бұйрық дегеніміз – салық органдарының ресми талабы. Ол бұйрық шыққаннан кейін 5 жұмыс күнінде борышкерге жолданады. Егер оған да мән берілмесе, іс жеке сот орындаушыларына табысталады. Осыдан кейін есепшоттар бұғатталып, мүлікке арест қойылуы мүмкін», дейді кеңесші.
Жеке тұлғаның белгілі бір мүлкі тәркіленбейді. Бұлар: жалғыз баспана, күнделікті тұрмысқа қажетті заттар, жалақы, зейнетақы, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мүлкі мен көлігі. Алайда қалған дүние-мүлік – екінші үй, көлік, бағалы заттар, тіпті депозиттер – тәркіленуі әбден ықтимал.
Салық органы да жаңылады
Айдар Масатбаевтың тәжірибесінде салық органдары тарапынан рәсімдердің бұзылуы жиі кездескен екен. Сондықтан бұған да баса мән берген дұрыс.
«Мысалы, бір азаматқа ескерту 2023 жылы жіберілген. Бірақ салықтық бұйрық екі жылдан кейін ғана рәсімделіп отыр. Бұл – процессуалдық тәртіптің бұзылуы. Тағы бір жағдай: салықтық бұйрық мүлде берілмеген, бірақ азаматтың есепшоты бұғатталған. Мұндайда азамат бұйрықтың күшін жоюға немесе шағым түсіруге құқылы», дейді сарапшы.
Сосын тағы бір жансақ пікір бар. Көптеген заңды тұлға басшылары компанияның салық қарызы үшін жеке жауап береміз деп жаңсақ ойлайды.
«Директор – тек заңды тұлғаның уәкілетті өкілі. Егер ЖШС-нің салық қарызы болса, компания жауап береді. Ал директор ретінде емес, жеке тұлға ретінде салық төлемесе, онда ол жоғарыда айтылған тәртіпке сай жауап береді», деп нақтылады Масатбаев.
ЖК-ның жүгі де ауыр
Жеке кәсіпкерлер (ЖК) үшін жағдай өзгеше. Олар барлық мүліктерін қоса алғанда жауапты. Егер салық төленбесе, салық органдары кәсіпкердің есепшотынан бірден қаражат алуға құқылы.
«Кейде жеке шоттар да бұғатталады. Бұл заңдылыққа толық сай емес, даулы мәселе. Бірақ іс жүзінде жиі болады. Ал егер есепшот бос болса, салық органдары дебиторлық берешекті тәркілеуі мүмкін. Яғни, басқа біреудің кәсіпкерге берешегі болса, сол ақшаны салық төлеміне бағыттап, өз пайдасына бұрып жібереді», дейді кеңесші.
Айдар Масатбаев әрбір азамат пен кәсіпкерге бір кеңесті көне дәуірдің қағидатындай етіп еске салады: «Есті жан – ерте қамданар».
«Электронды кабинеттеріңізді жиі тексеріп, хабарламаларды ескерусіз қалдырмаңыздар. Барлық салық төлемдері мен құжаттарды мұқият сақтап отыру керек. Егер күмәнді талап келсе, заңгерден кеңес алып, өз құқығыңызды қорғаудан тартынбаңыз. Өйткені салық бұйрықтары да, бұғаттау шаралары да кейде заңсыз болуы мүмкін», дейді ол.
Электронды кабинет – бақылау тетігіСарапшылар кеңесі – электронды кабинетті жиі тексеріп, барлық хабарламаларға мән беру. Салық құжаттары мен төлем тарихын мұқият сақтау керек. Егер күмәнді талап келсе, заңгерден кеңес алған жөн. Себебі кейбір салықтық бұйрықтар немесе шектеу шаралары заңсыз болуы да мүмкін.
Сонымен, жаңа Салық кодексі – мемлекет пен азаматтар арасындағы жаңа сенім кезеңі. Бұл өзгерістер салық мәдениетін дамытуға серпін береді. Ал салықтан жалтару – заң алдында жауап беретін әрекет. Электронды ескертуді елемеу – ертең есепшот бұғаттауға, ал мүлікке салынған арест – кәсіп пен күнкөріске салынатын тұсау. Сондықтан заң аясында әрекет ету – азаматтық жауапкершілік қана емес, қауіпсіздік кепілі.