Металлургтер жыл сайын шілденің үшінші жексенбісінде кәсіби мерекесін атап өтеді. Қыз-қыз қайнаған қым-қуыт тірліктің, бейнетті, қажырлы еңбектің ерен үлгісін көрсетіп, күн-түн демей ел ырысын еселеуге елеулі үлес қосып жүрген сала мамандарына қандай құрмет көрсетсе де жарасады. Биылғы Жұмысшы мамандықтарының жылында еңбек адамдарының мәртебесі өсіп, мерейі тасып жатқанда, металлургтер алдыңғы шепте тұратыны сөзсіз.
Елдегі жағдай қандай?
Түсті металды терең өңдеу көбейіп, зауыттарда өнім көлемі ұлғайып жатыр. Бұл бір күнде пайда болған өзгеріс емес. Кейінгі жылдары қабылданған мемлекеттік шаралардың, оның ішінде 2021 жылғы «Өнеркәсіптік саясат туралы» Заңның әсері айқын байқалады. Осы заң арқылы отандық кәсіпорындар шикізатты Лондон металдар биржасындағы бағадан 5 пайыз төмен бағада сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Бұл отандық өндіріс үшін нақты көмекке айналды. Нәтижесінде, 30-дан астам өндірістік жоба іске қосылып кеңейіп отыр.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегінше, алюминий өндірісі ерекше қарқынмен дамып жатыр. Былтыр қайта өңделген алюминий көлемі 57 мың тоннаға жеткен. Биыл бұл көрсеткіш 93 мың тоннаға жетеді деген үміт бар. 2029 жылға қарай 163 мың тоннаның ауылы алыс емес. Мыс өндірісі де артты. Осы жылғы көрсеткіш – 13,2 мың тонна. Бұл алдағы бес жылда 7 есе өсіп, 91 мың тоннаға жетуге тиіс. Қазірдің өзінде ел ішінде мыс өңдейтін 16 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Мырыш пен қорғасын да – осы тізімде. Мырыштың ішкі өңдеу көлемі кейінгі үш жылда 55 пайызға артып, 3,6 мың тоннаға жеткен.
Мерейі үстем металлург
Металлургия – стратегиялық сала. Мұнда тек шикізат емес, бәсекеге қабілетті өнім шығару әрдайым маңызды. Бұл үшін руданы қазып алып, балқытып, қоспасын түзетіп, сапасын бақылап, стандартқа сай дайын өнімге дейін жеткізу қажет. Осы тізбектің әрбір буынында өшпес тарих, өз ісіне жанымен берілген кәсіби мамандар бар.
Сол тарихтың тірі куәгері, оның ішінде сирек металдарды өндіру ісінде орасан еңбек сіңірген тұлғалардың бірі – техника ғылымдарының кандидаты, «Құрмет» орденінің иегері, «Еңбек даңқы» белгісінің толық кавалері Төлеген Нұрмағанбетұлы. Ауысым шебері, аға шебер, учаске бастығы, кейіннен цех басшысы, зауыт директорының орынбасары болған ол 1991–1995 жылдары сирек әрі қымбат металдар цехын басқарды. Ол басқарған ұжым отандық ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесіп, өндіріс қалдықтарынан жаңа өнімдер алу бағытында тың технологиялар енгізді. Қазір зейнет демалысында.
– 1991 жылы алғаш рет реней қышқылын алдық. Оның сапасы Жапония нарығына да лайық болды. Артынша қорғасын жосасын өндірдік. 1995 жылы әлемде тұңғыш рет осмий-187 изотопының таза металын алдық. Солай үлкен жетістіктердің бұлақ көзі ашылды. Металлургияда қосалқы шаруашылықтар болмаса, негізгі ауыр агрегаттарда ер адамдар жұмыс істейді. Учаскелерде температура 1 200–1 300 градусқа дейін жететін. Әсіресе, балқыма агрегаттары, анодты пеш, штейн балқыту үдерісі жоғары температурада жүреді. Мұнда жұмыс істеу үшін тек күш емес, төзім мен білім, нақты тәртіп керек, – дейді құрметті металлург.
Ардагердің айтуынша, отандық металлургияның экспорттық әлеуеті жоғары. Өнімдерге Қытай, Түркия, Еуропа елдері тарапынан тұрақты сұраныс бар.
– Бірақ біз әлі де болса шикізатты ғана экспорттап отырмыз. Құны жоғары дайын өнімдер шығару жағы баяу. Мұнда жүйелі реформа керек. Бесінші, алтыншы деңгейдегі терең өңделген металл бұйымдарын шығару арқылы ғана бәсекеге қабілетті ел боламыз. Біздегі кендердің құрамында рений, осмий, германий сияқты өте сирек металдар бар. Бірақ оларды бөліп алу әлі толық жолға қойылған жоқ. Мемлекет басшысы бұл мәселеге назар аударып келеді. Қазір ғылыми зерттеу жұмыстары жүріп жатқан шығар. Бірақ өндіріс ауқымында нақты нәтиже көрініп тұрған жоқ, – дейді Т.Нұрмағанбетұлы.
Темірге тағдырын қосқан
Жезқазған мыс қорыту зауытында отыз жылдан аса еңбек еткен Саят Сейітқалиұлы металлургия саласының ыстығы мен суығына төзіп, өндірістің өрісін көрген нағыз еңбек адамы. Ол шихта күйдіруші ретінде шойын пештің отымен, мыс балқымасының температурасымен күнделікті жұмыс істеген тәжірибелі маман. Уақыттың ағымына сай өзгерген өндірісті, жаңарған технологияны да көріп, 30 жылдан аса уақыт «Қазақмыс» корпорациясында еңбек етіп келе жатыр.
– Бұрын пеш мазутпен жағылатын. Иісі мүңкіген қара май бет-қолға жабысып қалатын. Жерге тамған бір тамшысын сүртіп кетіру мүмкін емес. Қазір бәрі өзгерді, пештер газбен жұмыс істейді. Таза әрі тұрақты. Бұрын пеш жанбай қалса, көп бейнет болатын. Енді газ бір қалыпты беріліп отырады. Цехтағы өндіріс үдерісі де автоматтандырылған. Бұрын концентратқа қоспалар қолмен қосылса, қазір бәрі электронды жүйе арқылы реттеледі. Жұмысшылар өзіне қажетті көлемді арнайы панельден басып таңдайды. ЖБК дейтін концентрат болатын. Бұрын оны адамның өзі қолмен қосатын. Қазір арнайы құрылғылар арқылы сұйық қоспалар өздігінен мөлшерленіп қосылады. Бұрынғы бейнетпен салыстырғанда айырмашылығы жер мен көктей, – дейді маман.
Айтуынша, мұнда фабрикадан концентрат келеді. Сол концентратқа түрлі қоспалар қосылып, пешке түседі. Пештен кеуіп шыққан өнім полиния пешіне жіберіледі. Одан кейін өнім балқытылып, мыс пен шлакқа бөлінеді. Бастысы, мыс құрамы 51 пайыздан кем болмауы керек. Әйтпесе сапа төмендеп кетеді.
Саят Сейітқалиұлының бір күндік жұмысы қарапайым көрінгенімен, нағыз дәлдік пен байқағыштықты талап етеді. Таңғы ауысым ол үшін цехтағы жабдықтарды түгел шолып шығудан басталады. Алдымен аралық бақылау алкатес рәсімінен өтеді. Жұмысқа кіріспес бұрын әр қызметкердің қауіпсіздігі тексеріледі. Одан кейінгі басты кезең – алдыңғы ауысымдағы күйдіру жағдайын қабылдап алу.
Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды
– Қандай температурада күйдірілді, қандай қиындықтар болды, қандай ақаулар байқалды, бәрін бақылаймыз. Егер агрегаттың жұмысы дұрыс болмаса, оны дереу шеберге хабарлап, тиісті шара қолданамыз. Жұмыс орындары өте ыстық. Бізде температура, шаң, қысым – бәрі бар. Бірақ тәртіп сақталмаса, опық жейсің. Сондықтан тапсырылған істі ғана орындап, бекітілген тәртіптен шықпау – ең басты қағида, – дейді ол.