• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Бизнес 19 Шілде, 2025

Кәсіпкердің өрісі кеңи береді

80 рет
көрсетілді

Бүгінде бизнесті мемлекеттік қолдаудың талап етілетін бірнеше түрі бар. Солардың бірі – кешенді бағдарлама шеңберінде іске асатын бизнестің жол картасы мен қарапайым заттар экономикасы. Қазір жол картасы негізінде дайындалған бағдарламаның арқасында кәсіпкердің тұсауы ағытылып, өрісі кеңи түсті.

Кәсіпкерлікті дамыту  – экономиканың тұрақты өсуінің маңызды факторлары­ның бірі. Өткен жылдың 4 тоқсанында ІЖӨ-дегі ШОБ үлесі 39,7%-ды құрады. Бұл бұрнағы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,2 пайыздық тармаққа артық. Секторда жұмыспен қамтылғандар саны 2,2%-ға артып, 4,4 млн адамға жетіп отыр. ШОБ субъектілерінің өнім шығару көлемі 81 трлн теңгені құрады, ал бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткішінен 19,2%-ға жоғары деп ауыз толтырып айта аламыз.

«Даму» қорының қатысуымен іске асатын кәсіпкерлікті қолдаудың қол­даныс­тағы кешенді іс-шарасы шеңбе­рінде «Бизнестің жол картасы» мен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларының құралын белсенді іске асыру жалғасып жатыр», деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәс­лихатында Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаментінің директоры Дарын Әбдуәлі.

Ол брифингте елдегі шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдаудың негізгі нәтижелері мен жаңа шаралары туралы айта келіп, өткен жылдың қорытындысы бойынша кредиттерді субсидиялау арқылы жеңілдетілген қаржыландыру шараларымен жалпы сомасы 1 трлн теңгеге 7 мыңнан астам бизнес-жоба қамтылғанын жеткізді.

Онда кепілдіктер 310 млрд теңге сомасына 8 мың жобаға беріліпті. Енді биыл осы мақсаттарға 275,2 млрд теңге, оның қатарында республикалық бюджеттен 196,4 млрд теңге және жергілікті бюджеттерден 78,8 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр. Жобалардың дені Алматы, Астана, Шымкент қалаларында екенін айтқан жөн. Сондай-ақ Алматы, Түркістан және Ақтөбе облыстарында іске асырылды.

Салалар бойынша өңдеу өнеркәсібі, көлік және қоймалау мен білім салалары басым. Қаржылық емес қолдау шаралары да белсенді дамуды жалғастыруда. Былтырғы жылы 15 мың сервистік қызмет көрсетілді және бизнесті жүргізу бойын­ша 135 мыңнан астам консультация ұсынылды.

Қолдау Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары арқылы да, онлайн-ма­мандандырылған портал арқылы да көрсетіледі. Қолдаудың неғұрлым нарық­тық тетіктеріне көшу шеңберінде Кешен­ді бағдарламаға өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, портфельдік субсидиялау мен «Даму» қоры базасында жаңадан құрылатын өңірлік кепілдік қорлары арқылы кепілдік беру.

Қаржыландыру туралы шешімдерді қабылдау жөніндегі өкілеттікті тіке­лей екінші деңгейдегі банктерге беру бас­ты жаңалық болып табылады. Бұл өтінімдерді қарауды жеделдету мен биз­несті қолдау тиімділігін арттыруға мүм­кіндік береді.

«ШОБ субъектілеріне жылдық 12,6% мөлшерлемесімен жеңілдетілген қаржыландырудың жаңа бағдарламасы қосымша әзірленіп жатыр. Несиелер қоса қаржыландыру тетіктерінің қатысуымен екінші деңгейдегі банктер арқылы берілетін болады. Максималды лимит бір қарыз алушыға немесе байланысты қарыз алушылар тобына 7 млрд теңгеге дейін болады», деді Дарын Әбдуәлі.

Мұнымен бірге департамент директоры мемлекет бұдан былай шағын және орта бизнесті қолдауды дәйекті түрде күшейтіп, қаржылық және қаржылық емес құралдарға қолжетімділікті кеңей­тіп, кәсіпкерлік белсенділік үшін қолайлы жағдай туғызатынын атап өтті.