02 Сәуір, 2010

ДӘРІ-ДӘРМЕКТІ ҚАЛАЙ ЖЕТКІЗГЕН ТИІМДІ?

760 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Соңғы кездері еліміздің емдеу мекемелерін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін бірыңғай дистрибьютордың жұмысына байланысты көптеген мәселелер туындауда. Осыған орай біз фармацевтикалық саланың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру, дәрі-дәрмек өнеркәсібін дамыту мақсатында және тегін медициналық көмектің шеңберінде дәрілік заттарды сатып алу мен қамтамасыз ету бойынша бірыңғай дистрибьютордың қызметін іске асыру үшін құрылған “СҚ-Фармация” ЖШС бас директорының орынбасары Жанайдар МУСИНДІ әңгімеге тартқан едік. – Қазір бірыңғай дистрибью­тордың жұмысына байланысты мәселелердің туындап жатқанын көріп отырмыз. Мұнда емдеу меке­мелеріне дәрі-дәрмектердің жеткі­зіл­мей жатуы себептен дәрілерді сатып алуды Денсаулық сақтау министрлігіне беру туралы мәселе­лер бар. Осыған қандай түсініктеме бере аласыз? – Ең алдымен мына нәрсені айтайын. Бірыңғай дистрибьютор­дың мақсаты – Үкіметтің қау­лысына сәйкес дәрі-дәрмектерді төмен бағаға сатып алу, емдеу ме­ке­­мелеріне дер кезінде жеткізу бол­­ғандықтан қазір біз осы жұ­мыс­ты дәрілерді сатып алумен ай­налысатын дистрибьютор компа­ниялар арқылы жүргізіп келеміз. Ал енді оның қандай себеппен елді мекендерге жеткізілмей жат­қанына келсем, дәрілерді ішінара жеткізу ақпан айының басынан басталды. Өткен жылдары өңірлік бағдарламалар бойынша дәрілік заттарды жеткізу наурыз-сәуірде, республика бойынша мамыр-маусымда жүргізілетін еді. Былтыр 39 жеткізушімен желтоқсанның соңынан бастап қаңтардың басы аралығындағы кезеңге шарттар жасалды. Бұдан басқа 7 желтоқ­сан­да Үкімет 2010 жылғы қаңтар-ақпан айларына арналған дәрілік препараттардың қажетті екі айлық қорын өңірлерге жеткізуді денсау­лық сақтау ұйымдарына тапсыр­ған болатын. Содан кейін ақпан айының басында бірнеше емдеу-алдын алу мекемелерінде, желтоқ­сан айының аяғында емдеу меке­мелері дәрілік заттардың жеткілік­ті көлемін растағанына қарамас­тан, препараттар тапшылығы пайда болды. Осыған байланысты дәрі-дәрмектердің тапшылығын болдырмау үшін Үкімет денсау­лық сақтау ұйымдарына айлық қажеттілік шегінде ең қажетті медикаменттерді дербес сатып алуды жүргізуге рұқсат берген болатын. Енді осы қаулы күшіне енгеннен кейін наурыз айынан бастап сатып алу жүргізіле баста­ды. Дәрілердің жеткізілмеуінің тағы бір себебі бар. Биыл қыс өткен жылдарға қарағанда қатты болды. Сол себепті дәрілер ауру­ха­наларға дер кезінде жеткізілмей жатты. Қазір біздің 1708 аурухана­мен дәрі-дәрмектерді жеткізу бойынша жасалған келісімдеріміз бар. Препараттарды жеткізумен логистикалық компания айналы­сып келеді. Енді жағдай қалпына келген соң осы сәуір айынан бастап ауруханаларға дәрілер 100 пайыз жеткізілетін болады деп ойлаймыз. Ал дәрілерді сатып алуды Денсаулық сақтау министр­лігіне беру туралы мәселе шешіл­ген жоқ. Жалпы, біздің пікіріміз­ше, сатып алуды бір жерден жүргізу керек. Егер бұрындары сатып алу бойынша тендерлерді Денсаулық сақтау министрлігі бір бөлек, облыстық басқармалар бір бөлек өткізіп, дәрілердің бағасын әр түрлі қойған болса, қазір бі­рыңғай дистрибьютор жүйесі бойынша өтетін тендерлерде пре­параттарға қойылатын бағалардың бәрі бірдей, дәрі де төмен бағамен сатылады. Осының нәтижесінде биыл дәрілерді сатып алуға бюд­жет­тен бөлінген 30 млрд. теңгенің 4,5 млрд. теңгесін үнемдей алдық. Осы қаржыға біз тағы қосымша дәрі-дәрмектер сатып алуды жүргіздік. Бұл дәрілердің бағасы Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық басқармалар сатып алған дәрілердің бағасынан әлдеқайда төмен. – Парламент Мәжілісінің өткен бір отырысында дәрілердің, шприцтердің сапасына қатысты Үкімет басшысының атына сауал жолданғанын білеміз. Онда  қы­тай­лық шприцтердің сын көтер­мейтіні айтылған еді. Қазір біздегі ин­сулиндік шприцтердің сапасын қалай бағалар едіңіз? – Негізі, дәрілердің сапасына бақылау жасаумен Денсаулық сақтау министрлігі мен “Дәрі-дәрмек” компаниясы айналысады. Егер осы компания шприцтердің, дәрілердің сапасын үнемі қадаға­лап отырса, біз оның сапасына күмән келтіре алмаймыз. Қытай­лық шприцтер туралы айтсам, егер олар Қазақстан рыногына ен­ген болса, онда шприцтер арнайы мекемелерде тіркеліп, сертификат алған. Ал сертификат, шприцтерді тіркеу олардың сапасына қарай берілетіні белгілі. Қазір барлық жеткізілетін дәрі-дәрмектердің сапасы Ұлттық сараптамалық ор­талықта қатаң бақыланады. Жаңа сіз айтқан инсулиндік шприцтерді біз бірыңғай дистрибьютордың емдеу-алдын алу  мекемелерінің өтінімдеріне сәйкес, 3,5 млн. қытайлық Bіoject және 1,5 млн. дана германиялық Vogt Medіcal инелері бар шприцтерді сатып алдық. Бұлар еліміздің барлық жерінде тіркелген және оларды сатуға рұқсат етілген. Денсаулық сақтау министрлігі өткен жылы Қытайдың Bіoject өндірісінің шприцтерін сатып алды және бү­гінгі күнге дейін уәкілетті органға олардың сапасы бойынша ешбір ресми шағымдар мен наразылық түскен жоқ. – Сатып алынған дәрі-дәрмек­тердің қаншаға түскенін айтып берсеңіз. – Гипроксикармабид препара­ты 20 млн. теңгеге сатып алынды. Сол сияқты басқа да дәрілерді төмен бағаға сатып алдық. Біз са­тып алынған препараттардың бағаларына талдау жүргіземіз. Мы­салы, кезінде облыстық ден­сау­лық сақтау басқармалары атор­вас­татин дәрісінің бір таблетка­сын, ванкомицин, гемцитабин, доксорубицин, оксалиплатин препараттарының бір флаконы мен октреотид препаратының бір ампуласын “СҚ-Фармация” ЖШС-нің бағаларынан 220 және 800 пайызға қымбат бағамен сатып алған екен. Сондықтан біз дәрілерді сатып алуды бірыңғай дистрибьютор арқылы жүргізу керек деп есептейміз. – Отандық өндірісті дамытуда ком­панияның қандай жобалары бар? – Индустриялық-инновация­лық даму бағдарламасында фар­ма­цевтикалық өндірісті дамыту мәселесіне көңіл бөлінгенін біле­сіздер. Бұл өндірісті дамыту жұ­мы­сымен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі айналысады. Қазір елімізде 5 ірі фармацевтикалық зауыт бар. Осылардың ішіндегі “Химфарм” зауытының бір бөлігін Астана қаласында салу жоспарлануда. Алдағы кезде елімізде осындай ірі жобалар іске асатын босла, отан­дық фармацевтикалық өндірістің 30 пайызға артатынына сенім мол. – Қазір көпшілікті Қазақстан­ның Кеден одағына кіруіне байла­нысты Ресей және Беларусь елде­рінің фармацевтикалық саласымен бәсекеге түсе ала ма деген мәселе толғандырып жүргені белгілі... – Сұрағыңызды түсіндім. Бә­секелес болу үшін отандық дәрі­лер көршілес елдердің препаратта­рына қарағанда сапасы жағынан жоғары болу керек. Кеден одағы­ның аясында Қазақстанның бір ұтатын жері, Ресейде мысалға, дә­рілерді тіркеу мерзімі өте ұзақ, сосын ол қымбатқа түседі. Мыса­лы, оларда тіркеу мерзімі 210 жұмыс күніне созылады екен. Ал тіркеу бағасы 50 мың АҚШ долла­ры. Бізде 3 мың доллар, ал тіркеу уақыты жарты жыл. Осы жағынан Ресей ұтылатын болады. Ал сапасына келер болсам, солтүстік көршімізде өндірістің мықты дамығаны белгілі. Сондықтан олардың бізді он орап кетпеуі үшін фармацевтикалық өндірі­сімізді одан әрі дамытқанымыз жөн. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.