
«Павлодарское» ауылының жұртшылығы осымен екінші мәрте дабыл қағып отыр. Бұған дейін құрамында зиянды заттар бар қалдықтарды жергілікті қоқыс полигонына заңсыз төгіп жатқан кәсіпкерлердің ісіне наразылық танытса, енді, міне, ауыл жанында мұнай өнімдерінің төгілуі ашу-ызаларын тудырды. Жол құрылысына пайдаланатын кәдімгі жабысқақ битум жердің топырақ қабатын құртып қана қоймай, оған аяқ басқан, жыбырлаған тіршілік иелерінің барлығын қыбыр еткізбей тастайтыны белгілі. Ыстықта сағызша созылып, еріп жататын мұнай өніміне абайсызда ойын баласы түсіп кетсе, кім жауап береді?
Тұрғын Игорь Смирновтың айтуынша, ауыл маңайының барлығы санитарлық талаптарға сәйкес келмейді. Мұндағы кәсіпорындар амалы жетсе күл-қоқысты кез келген жерге төгіп жүре беруге бар. «Құрылыс қалдықтары төгіліп жатқаны туралы біз, жергілікті тұрғындар, әлеуметтік желіде жазып көрсеттік. Сөйтсек, бұл қалдықтарды кәсіпорын ауыл әкімдігінің рұқсатымен алып келген екен. Күн ыстықта битум еріп, кәдімгідей ағып жатыр. Битумге түсіп кеткен бірнеше қаңғыбас итті жабылып жүріп әрең алып шықтық. Үй жануарлары түсіп, өліп қалғанын да байқадық. Бұл негізінен қорғалуға жататын табиғи аумақ, өзен жайылмасы орналасқан», дейді ол қынжылыспен.
Тұрғындар жергілікті билікке бірнеше мәрте арызданғандарын айтады. Алайда ондағылар бастапқыда: «Бұл ешбір қоқыс емес, жай ғана құрылыс материалдары. Құрылысқа пайдаланатын топырақты уақытша әкеп төкті», деп жауап қайтарған. Наразылық күшейе түскен соң ғана әрекетке көшіп, кәсіпорын басшыларынан битумды жинап әкетуді сұраған.
«Павлодарское» ауылының әкімі Сырым Рушановтың заңсыз төгілген битумды күл-қоқыс деп атағысы келмейтіні қызық көрінді. «Мұнда «Павлодар жолдары» кәсіпорны құрылысқа пайдаланатын материалдарын әкеп жүретін. Топырақ аралас битум да қалдық емес, жол саласына пайдаланылатын құрылыс материалы. Алайда кәсіпкер бұл жерге мұндай топырақты әкеп төгуге рұқсат сұрамағаны рас. Енді бұдан былай мұнда ешқандай қалдық жеткізілмейтініне сөз беремін», дейді ауыл басшысы. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, фирма әлгі жерге құрылыс қалдықтарын 5 жылдан бері төгіп келген. Анықтағанымыздай «Павлодар жолдары» ЖШС-не ауыл жанында 1,8 гектар жер телімі тиесілі. Онда асфальт зауыты орналасқан. Зауыттан шығатын өнім кәсіпорынға бекітілген аумаққа сыймай, оны кейде аталған жерге әкеп төгіп отырған. Өздері «құрылыс топырағы» деп атайтын материалды кәсіпкерлік соңғы рет өткен қыста әкеп орналастырыпты. Құрамында битум көп болғандықтан көктемде өнім еріп, елді мекен айналасына жайыла бастаған.
Павлодар облысының экология департаменті халықтың алаңдаушылығына толық негіз бар дейді. Мекеме қызметкерлері әлгі орынды тексеріп, шамамен 70 шаршы метр жерді мұнай өнімі былғағанын растады. Жағдайды толық сараптау және кінәлі тұлғаларды анықтау үшін департамент өкілдері жергілікті полиция қызметіне жүгінгендерін айтады.
Елді мекен тұрғындарын алаңдатып отырған екінші мәселе – жақын жердегі заңды күл-қоқыс орнының жағдайы. Бұл жерге соңғы уақытта құрамында сынап бар, пайдаланылған шамдар жиі әкеліне бастаған. Жұртшылық дабыл қағып, экологтерді шақырған. Мамандар сараптама жүргізе келіп, қалдықтар адам мен жануарлар ағзасына өте қауіпті, оларды тез арада жою керек деген қорытынды жасайды. Бұдан шошынған халық билік өкілдеріне арызданып, «қоқысты тазалаңдар, болмаса оқшаулаңдар» деген талап қойып отыр. Әлгі зиянды өнімдер жақын жердегі зауыттардан әкелініп жатқан сынды. «Шығыс» өндірістік кооперативі төккен зиянды қалдықтарды экология департаментінің мамандары зерделеп, расымен зиянды екенін де дәлелдеп берген. Жұртшылықтың айтуынша, қоқыс полигонында әзірге зиянды заттарды оқшаулау, терең көму шаралары жүргізілмеген. Сондықтан көпшілік өңірлік құзырлы органдар бұл мәселеге маңызбен қарап, белгіленген жұмыстардың уақтылы атқарылуын назарға алуды сұрап отыр.
Павлодар облысы