
Астық келісімі – Ресей, Украина, Түркия мен Біріккен Ұлттар Ұйымының бірлескен жобасы. Былтыр Украина мен Ресей арасындағы қақтығысқа байланысты келісім аясындағы жұмыс шатқаяқтап, Қара теңіздегі украиналық үш порт бірнеше айға жабылған-ды. Бірақ Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Түркияның арағайындығымен Украина мен Ресей арасында жасалған астық келісімі қайта жанданды. Уағдаластық шеңберінде Украина порттарына кіретін және олардан шығатын кемелерге шабуыл жасалмайтынына кепілдік беріледі. Бұл кемелерді Ресей, Украина, Біріккен Ұлттар Ұйымы және Түркия инспекторлары тексеріп оларға қару-жарақ емес, азық-түлік тиелгеніне көз жеткізіп отыруға тиіс. Ал Ресей ауылшаруашылығы банкіне салынған санкциялардың тоқтатылуын және ауыл шаруашылығы экспортына кедергі келтіріп отырған тасымалдауға және сақтандыруға қатысты шектеулердің доғарылуын талап еткен-ді. Өйткені кейбір компаниялар санкцияларға байланысты Ресеймен бизнес жасаудан қауіптенеді. Бірақ Батыс азық-түлік пен тыңайтқыштардың шектеулерден босатылатынына уәде берген.
Нәтижесінде, миллиондаған адамы аштыққа ұшыраған елдерге азық-түлік пен тыңайтқыш жеткізуге жол ашылып, жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық азайған. Осылайша, 800 мың тонна гуманитарлық азық-түлікті Украинадан шығарып, азық-түлік тапшылығы сезіле бастаған елдерге, соның ішінде Эфиопияға, Ауғанстанға және Йеменге жеткізуге мүмкіндік туды. Себебі екі ел де бидай, арпа, күнбағыс майы және Африка, Таяу Шығыс, Азияның кейбір бөліктері тәуелді өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі жаһандық жеткізушілері саналады.
Әр төрт ай сайын ұзартылатын келісім осы уақытқа дейін үш рет жаңартылды. Соңғы екеуі екі айға ғана созылған. Себебі Ресей өз экспорты тежелді деп бұл құжаттың мерзімін 60 күннен асыруға келіспей отыр. Мәміле жалғаспаса, Ливаннан Мысырға дейінгі аралықтағы импорттық азық-түлікке тәуелді елдер Қара теңіз аймағынан тыс мемлекеттерден жеткізушілерді табуы керек. Ал мұндай елдер алыста, демек жол шығыны артып, астық құны қымбаттайды.
Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Батыс «берген уәделерін» орындамаса, Мәскеудің келісімшартты ұзартуына негіз жоғын айтқан. 17 шілдеде Украинаға Қара теңіз арқылы бидай экспорттауға мүмкіндік беретін келісімнің мерзімі аяқталды. Ресей бұл уағдаластықтан шығып, Украинаның сауда кемелерінің жүруіне тыйым салды. Өйткені Мәскеудің мәлімдемесіне сәйкес, Ресейдің азық-түлік өнімдері мен тыңайтқыш экспортына кедергілерді алып тастау туралы міндеттемелер орындалмаған.
Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының бас экономисі Ариф Хусейннің ойынша, Қара теңіз астық келісімі жаңартылмаса, табысы төмен елдер мен адамдар үшін азық-түлік «қолжетімсіз тауарға айналады». Қазір әлемдегі астық бағасы 15%-ке қымбаттаған. 3-ші тамызда өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында көптеген елдің өкілдері Ресейдің мәміледен шығу туралы шешім қабылдағанына қынжылыс білдіріп, елді өз шешімін қайта қарауға шақырған-ды. Себебі олар мұның соңы миллиондаған адамның аш қалуына әкеліп соқтырады деп алаңдап отыр.
– Астық келісімі жанданған жағдайда әрбір ел өз азық-түлігін емін-еркін және қауіпсіз түрде экспорттай алуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Ресейдің де тағам өнімдерінің әлемдік нарыққа шыққанын қалаймыз. Баға арзан болса, барлық ел пайда көреді, – деді АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен.
Бұл ретте Мәскеу Қара теңіз келісімдерінің Ресейге қатысты бөлігі орындалған бойда, мәмілеге қайта оралуға дайын екендерін бірнеше рет баса айтты. Кездесу барысында Ресейдің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілінің орынбасары Дмитрий Полянский де бұл туралы мәлімдеді. Сөз арасында ол Батыс елдері келісімнің Ресейге қатысты тұсын «менмендікпен» орындауға дайын емес деп айыптады.
«Батыс елдері ресейлік астық пен тыңайтқыштардың мұқтаж елдерге кедергісіз жетуін қамтамасыз етуге назар аударуы керек», деді Полянский, Ресейдің Украинаға қарағанда әлемдік бидай нарығының үлкен үлесін алып жатқанын және тыңайтқыштарды негізгі экспорттаушылардың бірі екенін еске салды. Өз кезегінде Энтони Блинкен журналистерге Ресейден азық-түлік экспорты Ресейдің Украинадағы арнайы операциясы басталғанға дейінгі деңгейден асып кеткенін айтты. «Сонымен қатар егер тасымалдау және сақтандыру бойынша қандай да бір проблемалар болса, онда Қара теңіз астық бастамасын жүзеге асыру барысында біз оларды шешу және жою шараларын қабылдадық», деді АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы.
Энтони Блинкеннің айтуынша, Вашингтон банктерге «бұл операцияларды жүзеге асыруға болады және олар санкцияларды бұзбайды» деп сендірді. АҚШ-тың JPMorgan банкі Вашингтоннан осындай кепілдік алғаннан кейін, ресейлік астық экспорты бойынша кейбір төлемдерді өңдеген.
Айта кетейік, кейбір сарапшылар Украинадан жетпей қалған аграрлық өнімдердің орнын толықтыру үшін басқа елдерде астық жеткілікті деңгейде жиналып жатыр деп санайды. Ресей экспортынан кейін Еуропа мен Аргентина да бидай жөнелтуді күшейтіп, Бразилия биыл жүгері жинаудан рекорд жасаған.
«Қазіргі жағдайға нарықтар да, өндірушілер де үйренісіп жатыр. Ал бидай мен жүгері нарықтары оған өте тез бейімделді» дейді S&P Global Commodity Insights компаниясының астық нарығын талдау бөлімінің басшысы Питер Мейер АР агенттігіне берген сұхбатында.