
Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Ең алдымен Әлихан Асханұлы Үкіметтің және жеке өзінің атынан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтты. Бұдан кейін министрлер кабинетінің мүшелері марқұм болған кеншілерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
«Барлық зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілеймін. Денсаулық сақтау министрлігі емделіп жатқан әрбір кеншінің жағдайын бақылауда ұстасын. Қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Мемлекет басшысы тиісті тапсырмалар берді», деді Премьер-министр.
Компаниямен инвестициялық ынтымақтастық тоқтайды
Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов мәлім еткендей, 28 қазанға қараған түні Костенко шахтасында 700 метр тереңдікте өрт шығып, одан кейін метан-ауа қоспасы жарылған. Оқиға орнына дереу Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Қарағанды филиалының күштері жұмылдырылды.
Апат кезінде ауысымда 252 кенші болған. Оның 5-еуін құтқару қызметінің күштері іздеп тауып, жер бетіне шығарды. Ал 200-ден астам адам жер үстіне өз бетінше көтерілген. Іздестіру-құтқару жұмыстары кезінде 45 кеншінің денесі және тағы бір адамның дене бөлшектері табылған.
Отырыста іздеу жұмыстары электр қуатының болмауы мен тау-кен қазбаларының тереңдігі және механизмдердің бұзылуы салдарынан қиындағаны айтылды. Онда жекелеген су басқан қазба орындарына жету қиын болған. Қазіргі таңда ашық өрт ошақтары жоқ, газ жағдайы қалыпты. Шахта қызметін қалпына келтіру үшін тау-кен қазбаларын зерттеу және жекелеген учаскелерде су сору жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.
Апат себептерін тексеру шеңберінде Үкіметтік комиссия мүшелері шахтаға түскен. Осы тексеруде анықталғандай, тау-кен қазбаларындағы шахта жабдықтары жылжып кеткен, 15-тен астам оқшаулағыш бөгеттер мен желдету қондырғылары қираған. Тергеуге Қазақстанның, жақын және алыс шетелдердің сараптамалық ұйымдары тартылып жатыр.
Премьер-министр Мемлекет басшысының Костенко шахтасында кеншілердің қаза болуына байланысты тергеу жұмыстарын жүргізіп, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату жөніндегі тапсырмасына тоқталып өтті.
«Биыл тамыз айында да «АрселорМиттал Теміртауда» осындай апат болды. Ол кезде 5 шахтер қаза тапты. Көп адамның өмірін қиған бұл апаттар өндірістегі қауіпсіздік талаптарының сақталмауымен тікелей байланысты. Бұл – бірінші кезекте, кәсіпорын басшылығының кінәсі», деді ол.
«Компания өз міндеттемелерін орындаған жоқ. Қазіргі таңда, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын Қазақстанның пайдасына беру рәсімдері аяқталу сатысында», деді Ә.Смайылов.
Оның айтуынша, арнайы Комиссия апаттың себептерін жан-жақты тексеріп, оған кінәлі адамдарды анықтау жұмыстарын жалғастырады.
«Қарағанды облысының әкімдігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі апат салдарынан жою жөнінде шаралар қабылдауға тиіс. Ең бастысы – қаза тапқандардың отбасыларына барлық көмекті көрсетіп, зардап шеккендердің денсаулықтарын қалпына келтіру. Осындай қиын жағдайда ешкім де назардан тыс қалмайды», деп қорытындылады сөзін Премьер-министр.
Шамадан тыс несие шектеледі
Елімізде азаматтарды қаржылық сауаттылық курстарымен қамтуды кеңейту, сондай-ақ несие беру және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау кезінде тәуекелдерді азайту бойынша заңнамалық түзетулер әзірлеу жоспарланды. Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев халықтың шамадан тыс несие алуын азайту үшін бірқатар жүйелі және жедел шара қабылданып жатқанын баяндады. Олардың бірі – барлық облыс пен республикалық маңызы бар қалада халықпен тікелей жұмыс істейтін өңірлік жобалық кеңселер құру. Жобалық кеңселердің маңызды міндеті азаматтарға несиелер бойынша мерзімі өткен берешекті реттеу, қаржылық алаяқтықтан қорғау, сондай-ақ банкроттық, жұмысқа орналасу және бизнесті қолдау шараларын алу мәселелері бойынша жәрдемдесу сияқты өзекті мәселелерді шешуде көмек көрсету болмақ.
Тағы бір бағыт – азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру. Атап айтқанда, бүгінгі таңда ЖОО студенттері үшін қаржылық сауаттылық курстарын енгізу пысықталып жатыр. Оқушылар үшін арнайы курс әзірленеді. Сонымен қатар республикада банкроттық және жеке тұлғалардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі қарастырылған. Оны банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы борыштар бойынша қолдануға болады. Азаматтардың ХҚКО, eGov.kz порталы, e-Salyq Azamat және eGov Mobile мобильді қосымшалары арқылы өтініш беру мүмкіндігі бар. Сондай-ақ Qoldau деп аталатын жеке тұлғалардың банкроттығы жөніндегі жаңа ақпараттық жүйе іске қосылды. Ол өтініш беру мүмкіндігін және өтініш берушінің критерийлерге сәйкестігін автоматты түрде тексеруді көздейді. Бүгінгі таңда жалпы борыш сомасы 9 млрд теңгеден асатын 6 мыңнан астам азамат банкрот деп танылды.
Премьер-министр халықтың шамадан тыс кредит алуы үлкен әлеуметтік-экономикалық проблемаға айналып бара жатқанын айтты. Биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша банктердің тұтыну кредиттерінің портфелі 9,2 трлн теңгені құраған. Бұл орайда бір қарыз алушыға шаққандағы берешектің орташа мөлшері – шамамен 1,5 млн теңгені, ал проблемалық тұтыну кредиттері бойынша 1 млн теңгені құрайды.
Бұл мәселені шешу мақсатында Мемлекет басшысы «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейтуді тапсырғанын айтты. Жоба халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға, азаматтардың кредиттер бойынша проблемалық берешектерін реттеуде және жұмысқа орналасуда консультациялық көмек беруге бағытталған. Қазірдің өзінде 8 өңірде 45 мың адам қаржылық сауаттылық негіздері бойынша білім алды. 2023 жылдың соңына дейін 60 мың азаматты қамту жоспарланған.
«Микроқаржылық ұйымдардың, әсіресе «жалақыға дейін» қарыз беретін ұйымдардың шекті кредиттеу мөлшерлемелерін, сомалары мен мерзімдерін қайта қарау қажет. Осыған байланысты ұсынылып отырған барлық заңнамалық түзету пысықталып, жыл соңына дейін Парламентке енгізілуге тиіс. Аталған шаралар азаматтардың шамадан тыс қарыз алуын шектеуге ықпал етеді», деді Ә.Смайылов. Сөйтіп, Оқу-ағарту министрлігі оқу бағдарламасы аясында қаржылық сауаттылық курстарын енгізу мәселесін пысықтауы керектігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл мәселелерді жоғары оқу орындарымен бірге қарауға тиіс екенін де айтты.
Проблемалық қарыз алушыларды көбірек қамту үшін Қаржы министрлігі осы жылдың соңына дейін құжаттар беруді оңайлату және соттан тыс банкроттықты қолдану рәсімін жетілдіру жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Қазір банк саласындағы интернет-алаяқтық өзекті мәселеге айналғаны да назардан тыс қалмады. Соңғы жылдары мұндай фактілердің саны 5 есеге дейін көбейіпті.
Осы жылдың басынан бері интернет-алаяқтыққа байланысты 15 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелді. Келтірілген зиянның мөлшері 13 млрд теңгені құрады. Оның 65%-ын шетелден келген алаяқтар жасаған. ІІМ мүдделі мемлекеттік органдармен және мобильді байланыс компанияларымен бірге осындай жағдайларға мониторингті күшейтіп, алаяқтық фактісі бойынша азаматтардың өтініштерін жедел қарауы керек.
ТОП-20 санатындағы туристік аумақ
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың айтуынша, бірінші жартыжылдықта 3 млн-нан астам отандасымыз ел ішінде саяхат жасаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 400 мыңға артық. Жыл соңына дейін ішкі туристер саны 9 млн адамға жетеді деген болжам бар. Ал шетелдік туристердің саны екі есе өскен. Жарты жылда 500 мыңнан астам шетелдік турист келген. Жыл соңына дейін олардың саны 1,4 млн-ға жетеді деген үміт бар. Туристер саны өскендіктен саладағы кәсіпкерлердің табысы да артқан. Саяхатшылар мен демалушыларды орналастыру орындары 100 млрд теңгеге жуық табыс тапты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30 млрд теңгеге көп. Биылғы 9 айда туризм саласына 404,8 млрд теңге инвестиция тартылды – көрсеткіш 44%-ға өсті. Өңірлер бойынша Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе және Алматы облыстары көш бастап тұр.
Министр былтырдан бастап елімізде саладағы кәсіпкерлердің белсенділігін ынталандыруға бағытталған жаңа мемлекеттік қолдау шаралары енгізілгенін айтты. Жалпы, 2023 жылдың басынан бастап барлық мемлекеттік қолдау шарасы бойынша оң динамика байқалады. Бүгінгі таңда жалпы 600 млн теңгеден астам сомаға өтінім мақұлданды. Сондай-ақ туристік инфрақұрылымды дамыту, «Kids go free» бағдарламасын кеңейту, республиканың туристік имиджін халықаралық деңгейде ілгерілету, саланы цифрландыру және тағы да басқа жұмыстар жалғасып жатыр. Ә.Смайылов Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес Үкімет экономиканы әртараптандыру мәселесінде елдің туристік әлеуетін дамытуға көңіл бөлуге тиіс екенін атап өтті.
«Бізге туризм саласында жаңа серпінді жобалар қажет. Соңғы 3 жылда салаға 4 млрд доллар көлемінде инвестиция тартылды. 400-ден астам нысан салынып, 7 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылды», деді ол. Сөйтіп, Қазақстанда 20-дан астам танымал халықаралық деңгейдегі қонақ үйлер ашылғанын, мұның өзі шетелдік туристерді тартуға айтарлықтай ықпал ететінін атап өтті.
«Өткен жылдан бері туризм нысандарын салу, тау шаңғысы курорттарын дамыту және туристік автобустар сатып алу жөніндегі жобалар мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды. Ел ішінде саяхаттайтын азаматтар үшін балалар авиабилеті субсидияланады. Туроператорларға шетелдік туристерді тартқаны үшін субсидиялар беріледі», деді Ә.Смайылов. Жалпы, 80 елдің азаматы Қазақстанда визасыз жүріп-тұра алады. 109 мемлекеттен келетін шетелдіктер үшін электрондық виза алу мүмкіндігі бар. Халықаралық әуе қатынасының географиясы да кеңейіп келеді.
«Бүгінгі таңда елімізде басым туристік аумақтар айқындалды. Онда «зәкірлік» жобалар іске асырылатын болады. Бұдан бөлек, еліміздегі туристік саланың үлкен әлеуетін ескере отырып, аталған жұмысқа әрбір өңір тартылуға тиіс деп санаймын», деді Премьер-министр. Бұл ретте, туристік нысандарды жыл бойы пайдалану тұжырымдамасын кеңейту және құру қажет. Нәтижесінде, бұл Дүниежүзілік экономикалық форумның Саяхат пен туризмді дамытудың жаһандық индексінде рейтингті арттыруға мүмкіндік береді. Десе де ол саланың тиімді дамуына бірқатар фактор кедергі келтіретінін де айтты. Олар – инфрақұрылымның жетіспеуі, шектеулі жатын орындары, логистика мен көрсетілетін қызметтер сапасының төмен деңгейі.
Бүгінде еліміздің бүкіл туристік әлеуетін пайдалану өзекті күйінде қалып отыр. Атап айтқанда, Баянауыл курорттық аймағында туризмді дамыту тек Жасыбай көлімен шектелген. Өңірдегі басқа да көлдердің, таулар мен мәдени ескерткіштердің мүмкіндіктері назардан тыс қалғанын айтты.
«Өткен жазғы маусымда Ассы үстірті мен Қапшағай аймағына турларды ұйымдастыру кезінде қызметтердің сапасына көптеген шағым түсті. Такси, тамақтану және қонақ үй қызметтері бағаларының шарықтап кетуіне қатысты шағымдар жиі айтылады. Мұндай келеңсіз жағдайлар елдің туристік тартымдылығын төмендетеді», деді ол. Қонақ үйлерді классификациялау жүйесін реформалау және стандарттарды халықаралық деңгейге дейін көтеру жұмыстарын бастау қажет. Осыған байланысты Туризм және спорт министрлігіне Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, туризм саласындағы нысандар мен көрсетілетін қызметтерге әлемдік стандарттарға сәйкестігі тұрғысынан тексеру жүргізу жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Сөйтіп, ТОП-20 туристік аумақтарды дамыту жөніндегі жол карталарын бекіту қажеттігін еске салды.
«Жергілікті тарихи ескерткіштер, көркем табиғи пейзаждар мен халқымыздың басқа да игіліктері түгелдей туристік өнімдерге дұрыс интеграциялануы қажет», деді ол. Үкімет басшысы мәдени, агро және экотуризмді дамыту бойынша нақты тәсілдерді әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ туристік нысандарды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, қауіпсіздігін арттыруға бағытталған шараларды қабылдау, Қазақстанның шетелдегі туристік әлеуеті туралы белсенді ақпараттық науқан жүргізуді қамтамасыз ету, саланы цифрландыру және қызмет көрсету сапасын арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту қажеттігін қадап айтты.
«Бұл ретте, шетелдік туристің ел аумағына келгеннен бастап, кетуіне дейінгі барлық кезеңін цифрландырудың және оңайлатудың толық циклін, сондай-ақ ішкі туризмге арналған қызметтердің барлық спектрін қамту маңызды», деді Үкімет басшысы.