
Рождественка ауылдық округіне қарайтын Максимов және Розовка ауылдарының тұрғындары мен «Киров» ЖШС-ның жылқылары бір үйірде бағылып келген. Жалпы саны 375 малдың 37-сі жоғарыда аталған серіктестікке тиесілі. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, оқиға 6 қараша күні орын алған. Түліктерінің бірінен соң бірі тырапай асып өліп жатқанын көрген Максимов тұрғындары дабыл қағып, ветеринарлық органға хабар түсірген. Ветеринарлар алғашқыда 27 жылқының өлексесін анықтаған екен. Уақыт өте қырылған малдың саны 51-ге жетіп жығылды.
– Шығын болған жылқылардың жетеуі «Киров» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен қосылғаны анықталды. Өзгесі 13 тұрғынға тиесілі. Барлық жылқылар егілген, жұқпалы аурулар тарады дейтін емес. Біздің ойымызша, мал тойынып өлген болуы мүмкін, – дейді ауылдық округтің әкімі Рашид Галеев.
Павлодар облысының бас ветеринары Айдар Уәлиевтің айтуынша, қос ауылдың үйірін жергілікті жылқышы біраз күн қашықта ұстаған. Жануарлар ашығып қалса керек. Одан соң топ жылқы Максимовтағы шаруа қожалығына қарасты егістікке түсірілген.
– Бұл аумақта қарабидай өсіріледі. Биыл қара күз аймағымызда ерекше жылы болып тұруына байланысты қарабидайдың сабағы 10-15 сантиметрге көтеріліп, қаулап өсіп кеткен. Әрі шаруашылық жер танабында күзгі өңдеу іс-шараларын жүргізген. Ашығып тұрған мал егістікте түскен соң қатты тойынған. Асқазаны бірден нәрлі азыққа толып қалған соң жануардың ас қорыту жүйелері дұрыс жұмыс істемей, жағдайлары қиындаған. Малдың іші кеуіп, ісініп кеткен. Ветеринарлардың тілімен айтқанда, өткір метеоризм жүрген. Жылқылар содан қиналып өлген сияқты. Біздің ветеринарларымыз қазір жылқылардың күйін тұрақты бақылап, күніне бірнеше мәрте температурасын өлшеп жатыр. Дене температурасы 38 градустан асқан жоқ. Егер мал арасында жұқпалы дерт тараса, жануарлардың дене қызуы әлдеқашан 40 градустан асып кетер еді. Оның үстіне мамандар ішкі ағзаларын кесіп, зерттеулер жүргізді. Органдары зақымданбаған, көкталағында өзгеріс жоқ. Аман қалған малдың күйлері тұрақты, –дейді ол.
Қазіргі уақытта өлген малдың ұшаларынан арнайы сынамалар алынып, зертханаларға жіберілген. Ал аман қалғандарынан ветеринарлар қан алып, жұқпалы аурулардың бар-жоғын тексеру үшін елордадағы зертханаға жөнелтті. Өңірдің бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы Рашид Нұрбеков жылқылардың ағзасы әлденеден улануы мүмкін екенін жеткізді. Әйтпегенде барлық мал күйдіргі мен пастереллезге қарсы вакциналаудан өткен. Ветеринарлық құжаттары да дұрыс. Ал мал жайылған қарабидай алқаптарын жергілікті шаруашылық өкілдері химиялық пестицидпен өңдеген жоқпыз деп отыр.
Арам өлген малдың барлығы бүгінде орға құлатылып, өртелген. Мамандар қауіпті дерт тараса, оның белгілері көзге ұрып тұратын еді, тірі қалған жануарларда ондай байқалмайды деп сендіріп отыр.
Айтып өтейік, Павлодар облысында малдың жаппай қырылу оқиғалары жалғыз бұл емес. Биылғы шілде айында Железин ауданындағы «Асан» шаруа қожалығы айдың-күннің аманында 37 бас қара малынан айырылып қалды. Былтыр несиеге сатып алған асыл тұқымды қымбат түлік айналасы бір сағаттың ішінде бірінен соң бірі сұлап, арам қатқан. Кейін жануарлардың нитратты тыңайтқыштармен өңделген жерде жайылғаны мәлім болған. Яғни уланып өлген. Былтыр «Демеу» несие серіктестігінен он жылға 30 млн теңге несие алған шаруа осылайша аяқ астынан шығынға батты. Жергілікті жерлерде мал табындарының улану оқиғалары көбіне бақташылардың салғырттығынан орын алатыны да жасырын емес. Сондықтан мал өсірушілер де, егін өсірушілер де өз қырағылықтарын күшейте түспесе болмайды.
Павлодар облысы,
Павлодар ауданы