
1200 оқушыға арналған білім шаңырағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында келер жылы басталуға тиіс. Бұл туралы жуықта қаланың бас жоспарын талқылау барысында мәлім болды. Әуелі ғимаратты қаланың түпкірдегі шағын аудандардың бірінде тұрғызу жоспарланған екен. Бірақ ол жерде бос орын табылмай, әкімдіктегілер білім беру саласына жауапты ұйымдармен ақылдаса келе Ертіс өзенінің дәл жағасынан саламыз деп ұйғарыпты. Жаңа мектеп үшін шамамен 3-3,5 гектар жер керек. Ал әлгі жерді алып қойса, екі бірдей кәсіпорынның жабылуына қауіп төніп тұр.
Жергілікті экологтер құрылыс жобасы бірден екі бірдей заң бұзушылыққа жол береді деп отыр. Тәуелсіз эколог Марина Регутанова аумақ рекреациялық аймаққа жататынын, онда жаңа ғимараттарды салуға немесе жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейтуге, тұрғынжай-азаматтық мақсаттағы құрылыстар мен нысандарды орналастыруға болмайтынын айтады. Яғни рекреациялық аймақтың жұмысына қатыссыз нысандар үшін рұқсат мүлде жоқ. Ал мектеп салу қағидаға қайшы келеді. Екіншіден, бұл жерде Ертіс өзені ағып өтетіндіктен оның жағасында құрылыс жүргізуге болмайтыны баршаға мәлім.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мүбәрак Жақыповтың пайымдауынша, биліктің мектеп салу туралы идеясы – шикі жоба. «Сол себепті оны қайтарып алу керек. Жаңа мектеп салынса, Павлодардағы өзен флотының дамуына да кедергі келеді. Бұл жерде кеме жөндейтін үлкен зауыт бар. Онда тек отандық емес, ресейлік кемелер де жөнделеді. Ал кәсіпорынды өзге жерге көшіру ойға сыймайтын мәселе», дейді ол.
Бір қызығы, жергілікті шенділер өткен айда кеме жөндеу зауытына «аумақты босатуға үш ай мерзім береміз» деген мазмұнда хабарлама да жіберіп қойыпты. «Мұндай шешім біздің кәсіпорынды жауып, түбегейлі жою дегенмен пара-пар. Қазақстанда үш бірдей өзен слипі (кемелерді судан шығарып, түсіруге арналған құрылыс) бар. Ең үлкені – Павлодарда, мың тоннадан астам жүк көтере алады. Ал біздің кемелерге ең жақын слип Ресейдің Омбы қаласында орналасқан. Біздің кәсіпорында салмағы ауыр баржалар жөнделіп, тексеріледі. Ұсақ кемелерді қоспағанда, флотымызда 28 ірі кеме бар. Олардың барлығы үнемі тексеріліп тұруы керек. Жолаушылар кемелері де бізде жөнделеді. Енді келіп жергілікті билік бізге аумақты босатыңдар деген талап қойып отыр. Кәсіпорынды көшіру ақылға сыймайды, себебі су астындағы және су үстімен жүргізілген рельстердің ұзындығы 1,5 шақырымға жетеді. Ал табиғи географиялық жағдай тұрғысынан мұндай өзге затон қалада мүлде жоқ. Зауыт таратылса, 30 адам жұмыссыз қалады», деп қынжылады кеме жөндеу зауытын ұстап отырған «Эллинг» ЖШС-ның атқарушы директоры Николай Цепелев.
Білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралин Усолка мен Затон шағын аудандарындағы оқушылар орнының жетіспеушілігі мың жарымның үстінде екенін жеткізді. «Кейінгі үш жылда оқушылар саны еселеп артып, жаңа мектеп салу жобасын тездетуді қажет етіп отыр. Ал Ертіс өзені балалар үшін қауіп тудырады десек, ол жерде жасөспірімдер үшін қауіпсіздік шаралары қарастырылады, білім шаңырағының өзі заманауи ғимарат болады», дейді ол.
Бұл мәселеге Мәжіліс депутаттары да маңыз бере бастады. Парламенттегі пленарлық отырыста халық қалаулысы Ирина Смирнова кеме жөндеу зауытына жасалып жатқан қысастықты доғаруды сұрады. «Павлодар қаласы әкімдігінің ойынша, қазіргі сәтте қалыпты жұмыс істеп тұрған әрі осы салаға маманданған жалғыз кәсіпорынды жойып, мектеп салу тиімді екен. Әрине мектеп тұрғызу керек-ақ. Алайда бизнес нысандарын зар қақсатып тартып алған жерге жаңа білім ғимаратын салу ешбір ойға сыймайды. Бұл бірегей кәсіпорынды сақтап қалу қажет. Ол жойылса, отандық кемелерге жөндеуге тұру үшін Ресейге сабылуға тура келеді. Оның үстіне кемемен жүк тасу тек Павлодар облысында ғана сақталып отырғаны баршаңызға мәлім. Сондықтан бұл экономикалық ресурсымызды дамытудың жолын іздейік», деді И.Смирнова.
Қазіргі күні қала әкімдігі жаңа мектепті орналастыратын үш бірдей нұсқаны қарастырып жатыр. Оның бірі – жоғарыдағы зауыт болса, қалған екеуі – 48 жер үй мен жұмыс істеп тұрған әлеуметтік нысанның орны. Билік өкілдері жер үйлердің иелерінің барлығын көндіріп, қысқа уақытта жерлерін ала алмайтынын жақсы біледі. Ал әлеуметтік нысанды өзге жерге көшіру, жаңа ғимарат табу қаржылай шығынды қажет етеді. Сондықтан кеме жөндеу зауыты құрбандыққа айналуы бек мүмкін.
Мамандар өзен арқылы жүк тасу – ең арзан әрі экологиялық тұрғыдан тиімді тасымал түрі екенін айтады. Жалпы, бүгінде Павлодардағы өзен флоты, соның ішінде жүк тасымалына пайдаланылатын кемелер мен баржалар тозып тұр. «Павлодар өзен порты» АҚ-ның бас инженері Бауыржан Әубәкіровтің айтуынша, егер өзен бойын өрлеп кемелер жиі жүретін күн туса, Павлодар өзен портының арқасында алыс-жақын шетелдермен жақсы байланыс орнатуға болады. «Порттың порталдық крандары бойынша мәселелер бар, оларға күрделі жөндеу жүргізу қажет. Кеңес одағынан қалған техникалар ғой. Тозығы жетсе де, кейбір бөлшектерін жаңартып, мүмкіндігінше жұмыс қалпында ұстап отырмыз. Қазір бізде жеті кран бар. Олардың ішінде алтауы жұмыс істейді. Мұндай кранды толық құрастыру үшін шамамен 600-650 миллион теңге қажет», дейді маман.
Қазір компанияға жүк тиегіштер қажет екен. Ұйым оларды сатып алуды жоспарлап отыр. Мұның бәрін бір жылдың ішінде тындыру мүмкін емес. Ал техникалардың шамамен 70 пайызы тозған.
Шындап келгенде трансшекаралық өзен арқылы Қазақстан мен Ресей арасындағы жүк тасымалы қазіргі күні небәрі 180-200 мың тоннадан аспайды. Бұл мәселені реттеу үшін қос елдің басшылары Ертіс өзеніндегі бірқатар мәселені реттеу бойынша шешімдер қабылдауы керек. Екі ел де бұған мән бермей отырғаны өкінішті.
ПАВЛОДАР