Халық • 10 Сәуір, 2024

Әскерилер 150 адамды эвакуациялады

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

6 сәуірде Қарулы күштердің инженер­лік техникасы Қонаев гарнизонынан елдің батысындағы су басқан аймақ­та уақытша байланыс өткелін ұйым­дастыру үшін жеткізілді.

Әскерилер 150 адамды эвакуациялады

Осы өткелдің арқасында 58012 әскери бөлімнің әскери қызметшілері 150 адамды эвакуациялап, 3 тонна жүк тасымалдады. Понтон көпірі 60 тонна жүкті тасымалдай алады.

Ел Президенті – Қарулы күштер Жоғарғы Бас қолбасшысының нұсқауына сәйкес Қорғаныс министрлігі халыққа көмек көрсету үшін «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінен қосымша 300 әскери қыз­метшіні жіберді. Атырау облысында Құлсары қаласынан 30 шақырым жерде Жем өзенінен өту үшін «Батыс» өңірлік қолбас­шылығынан құрамында 7 әскери қызметші бар саперлер командасы мұзды жарды.

41433 және 99116 әскери бөлімдерінің әске­рилері Ойыл өзенінде, сондай-ақ Құлсары қаласында, Индер ауданының Қарабау ауылында су басу қаупі басым жерлердің жағалауын күшейту шараларын іске асырды.

Еліміздің үш өңірінде апаттан құтқа­ру шараларына аумақтық қорғаныс брига­даларының жеке құрамы тартылды. Қостанай қаласында 99260 әскери бөлімнің 129 әскери қызметшісі Тобыл өзенінің жағалауын күшейтуге атсалысты. Петропавл қаласында 99275 әскери бөлімі жеке құрамының 30 адамы су арнасы ауданында осындай жұмыс жүргізді. Батыс Қазақстан облысында Орал қаласынан бес шақырым жердегі Меловые горки ауылында 99250 әскери бөлімнің 52 жауынгері құм салынған қаптар дайындады.

Ақтөбе қаласында Әуе қорғанысы күштері әскери институтының 167 адамнан құралған жеке құрамы Қарғалы өзенінің арнасын нығайту жұмыстарына жұмылдырылды.

Соңғы тәуліктерде су тасқынына қарсы шараларға 884 әскери қызметші, 46 көлік, 4 тікұшақ және ұшақ жұмылдырылды. Әскери қызметшілер құм салынған 25000 қап дайындап, төседі. Жергілікті билік, құтқарушылар және халық арасынан 74 адамды, оның ішінде эвакуацияланған 5 адамды тасымалдауға Әуе қорғанысы күштерінің ұшқыштары көмек көрсетті.

27 наурыз бен 6 сәуір аралығында жалпы саны 2128 әскери қызметші, 105 автотехника, 15 тікұшақ, 4 әскери-көлік ұшағы жұмылдырылды. Су басқан аймақтарда Қоста­най, Абай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында 2127 адам, оның ішінде 625 бала эвакуа­цияланды. 80 тоннаға жуық жүк тасымалдан­ды. 79 мыңнан астам құм салынған қап дайындалып, төселді, 1700 метрден астам ағын су кәрізі тазартылды.

Бұл жұмыстар ТЖ жою жөніндегі респуб­ликалық және облыстық жедел штабтармен бірге жүргізіліп жатыр.