Аймақтар • 07 Маусым, 2024

Түзеу мекемесіндегі театр қойылымы

78 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қостанайдағы №38 түзеу мекемесінде «Туған күніңізбен, анашым!» отбасылық драмасы сахналанды. Темір тордың ар жағында жазасын өтеп жатқан талай жанды толғандырып, терең ойға қалдырған рухани іс-шара облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті мен Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрының бірлескен қайырымдылық жобасы аясында ұйымдастырылды.

Түзеу мекемесіндегі театр қойылымы

Қойылымдағы оқиға бір шаңырақтың астында өсіп, ержеткен аға­йын­ды жігіттердің арасындағы әңгіме арқылы өрбиді. Бір-бірін іштей жақсы көретін үш ағайын­ды әкелері қайтыс болған соң, баяғы ұйыған татулық-бірліктен, бауырмалдықтан айы­рылып, әрқайсысы әр соқпаққа түседі. Ағайындылар деген аты ғана болмаса, бұрынғыдай жақын қарым-қатынас жоқ. Ортаншысы ағасына ренжулі. Ағасы «маған ақыл айтпа, өз орныңды біл» деп інісіне ренжулі. Үнемі сөзге келіп қала беретін екі ағасының берекесіз әңгімесінен үйдің кенже ұлы Сырым да әбден қажыған. Сондықтан студент Сырым қара шаңырақтан аулаққа кетіп, алыс шетелде оқығысы келеді.

м

Айналасы бір сағаттың ішінде бүгінгі қоғамда, кейбір отбасында кездесіп қалып жататын келеңсіз көріністерді сахнаға алып шығып, әлеуметтік салмағы батпан қадау-қадау мәселелерді көтере отырып, көрерменге кейде ағайын арасындағы үлкен өкпе-реніштің, араздасу мен суысып кетудің артында түкке тұрғысыз дүниелер тұратынын ұқтыра білген театр құдіретін мойындамасқа шара жоқ. Мекеме ғимаратына айдау­мен кірген соң, әу бас­та сахнаға мысқылдай қарап, жай уақыт өткізу үшін келгенін емеурінмен танытқандай көрінген кейбір сотталушылардың қойы­лым­ның орта тұсында мүлде өзгеріп, терең толқыныс, үлкен тебіреніс үстінде отырғанын байқағанымызда-ақ осыған көз жеткізгендей болдық.

«Сөз жоқ, спектакльдегі көрі­ніс­тердің бәрі шынайы өмірден алынған. Актерлер де шынайы ойнады. Кәсіби өнерпаздар екені көрініп тұр. Қойылымға келсек, өте ұнады. Анамызға деген сағынышымызды үдетті. Бізге осындай жақсы рухани демалыс сыйлаған департамент басшыларына алғысымыз шексіз. Өзіміз де ағайын-туыс, бала-шағамызды сағынып жүрміз. Спектакльдегі үш ағайындының үлкені – өте ақкөңіл, адамға сенгіш, көпшіл. Бірақ туған бауырларымен емес, достарымен жиі араласады. Сол мінезінен әр нәрсеге ұры­нып, жолы болыңқырамай жүре­тін адам. Екіншісі – алаяқтау, же­ңіл­дің астымен, ауырдың үстімен жүр­генді ұнатады. Ағасын аға деп құрметтемейді, үнемі кекетіп, ақыл айтып жүреді. Ал отба­сы­ның кенжесі Сырым өз ағала­рын­дай емес, алғыр, білімді, адал. Ақыры ағайындылардың өзара тіл табысып, татуласуына осы Сырым түрткі болады. Мұн­да өзіміз сияқты ағайынның қаді­ріне жетпей, үлкеннің ақылын тыңдамағандықтан, жақынның жанашырлығын сезінбегендіктен адасып, жазым басқандар отыр. Қойылым қай-қайсымызға да ой салды. Еркін күндеріміз, жіберген қателіктеріміз көз алдымызға кел­гендей болды. Өзім де жаза мерзімін өтеп шыққан соң, жаңа өмір бастасам, ағайын-туыстың қата­рына қосылып, жұмыс істе­­­сем, бала-шағамды дұрыс тәр­бие­лесем деп күніне мың ойланып, жүз толғанамын. Амандық болса, ол күн­ге де жетермін», дей­ді түзеу меке­ме­сінде жазасын өтеп жатқан Азамат Мұратов.

Спектальдің қоюшы режис­сері – Тал­ғат Тәжіковтің айтуынша,­ спек­такльдің соңында осындай әлеу­меттік мәселелердің туын­да­уына кім кінәлі деген сауал қойылады.

«Кейбір жастардың ұрлыққа баратынына, бір отбасы мүше­лерінің, жақын ағайынның арасындағы араздыққа, түсін­беу­шілікке кім кінәлі? Қойылым – жанры бойынша отбасылық драма. Қойылымда үлкенге деген құрмет, кішіге деген ізет, отбасында әркімнің өз орны бар, соны білу, жоғалтпау, отбасылық құндылықтарды сақтау сияқты мәселелер бар. Біз бұл спектакльді облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ұсыны­сымен қойдық. Әсіресе осында жатқан азаматтарға ой салатын дүние», дейді режиссер.

Облыстық ҚАЖД баспасөз қызметінің маманы Динара Сүйлейменованың айтуынша, шынайы өмірден алынған оқиғаларды арқау еткен мұн­дай драмалық қойылымдар соттал­ғандардың мінез-құлқын түзеп, жамандықтан тыйылуына көп ықпал етеді. Бүгінгі өтіп жатқан іс-шараның мақсаты да осы – нағыз өмірінің дер шағын темір тордың ар жағында өткізіп жатқан азаматтардың жүрегіне жылу ұялатып, өзде­рін еш жамандыққа қимайтын аналарының, туған-туыс, бауыр­ларының бар екенін естеріне салу. Сол арқылы әркім­нің өз жүріс-тұрысын, ниетін түзеуіне ықпал ету.

Мекеме қызметкерлері мұн­дай іс-шараларды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.

 

Қостанай облысы 

Соңғы жаңалықтар

Кітап. Қоғам. Кітапхана

Мәдениет • Бүгін, 08:41

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Қоғам • Бүгін, 08:38

Менің Түгіскенім

Тарих • Бүгін, 08:36

Ақ Олимпиадалар қайда өтеді?

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 08:32