
Фото: z-taraz.kz
Ассамблея 30 жылда бастапқы құрылу миссиясын мүлтіксіз атқарып келеді. Оның ең негізгісі елдегі бірлікті сақтап, әртүрлі этностық топтардың басын қосып ҚР азаматы ретінде біріктіру. Мұндай маңызды қадамдар мәнді жобалар арқылы жүзеге асып жатыр. Тату тірлікке ұйытқы болған ұйым бастамаларын Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары Айгүл Сәдуақасова айтып берді.
«Ассамблеяда мемлекттік тілді үйретіп, дәріптеуді міндет қойған «Мың бала» атты жобамыз бар. Жоба, алдымен, балаларға қазақ тілін үйретіп, ары қарай сайыс арқылы олардың біліктілігін арттырып, қоғамдық ортаға бейімдейді. Ұйымның қайырымдылық бағытында атқарып отырған бастамалары да бір төбе. Осы арқылы ұлт пен этностар арасындағы жанашырлық тұғыры мығымдалып, қолғабыс көрсету тәртібі төрге озып келеді. Осы сөзіміздің жарқын үлгісі былтыр көктемдегі су тасқыны кезінде айқын көрінді. Өңірлердегі Ассамблея еріктелері қаражат жинап, су астында қалған ауыл тұрғындарына азық-түлік жеткізу, тасқынға тосқын болу сынды істерді абыроймен атқарды», деген Айгүл Сәдуақасова кей сәтте әлеуметтік желіде тұтанатын арандатушылықтың алдын алуға Ассамблея, мемлекет, үкімет, азаматтық институттар, жоғары және арнаулы оқу орындары, білім ұйымдары, қоғамдық бірлестіктер мен жергілікті билікпен жұдырықтай жұмылу тетігі қалыптасқанын айрықша атап өтті. «Ассамблея қоғамда әртүрлі билік тармақтары мен халық арасындағы өзара байланысты қалыптастыруда берік көпірге айналды. Ұйым ұстаным ретінде басқа адамның қадір-қасиеті мен намысына тимеу, Қазақстан халқы азаматы тең құқылы деген қағидаттарды сіңіріп, дәріптеуді мақсұт етеді. Сол арқылы Президентіміздің «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жалпы елде келісім мен бірлікті нығайтуға күш саламыз», деді Айгүл Сәдуақасова.
Ата заңымыздың 19-бабы 2-тармағында «әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқығы бар» деген норма бары белгілі. Жазушы, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Республикалық Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Камал Әлпейісова Конституциямыздағы осы норма қазақ топырағын басып жүрген түрлі этностардың қоғамдық бірлестіктерге бірігіп, тілін, салт-дәстүрі мен тарихын зерделеуге мүмкіндік бергенін ерекше екшеді.
«Осы норманың арқасында этностар өз тарихын, қазақ жеріне қалай келгенін, кімнің арқасында аман қалғанын білді. Ассамблея аясындағы іс-шараларда жерімізден пана тапқандар мен қазақ халқының арасындағы достықтың, бірліктің бастаулары қалай пайда болғаны туралы тебіреністі көріністер арақатынасты нығайта түсетінін көріп жүрміз», дейді Камал Әлпейісова.
Республикалық Аналар кеңесі төрағасының орынбасары «Аналар кеңесінің» этносаралық татулықты тереңдетуде атқарып отырған шараларды тарқатып айтты.
«Ұлтына, тіліне, дініне қарамастан Қазақстанның әр анасы осы елдің азаматын тәрбиелеп отыр, сол ананың шай ішіп отырғанда айтқан сөзі баласының даладағы іс-әрекетінде көрініс табады. Бір сөзбен айтқанда, бала анасының ықпалымен, өнегесімен өседі. Тіпті, оның жақсы көргенін жақсы көріп, ұнатпағанын ұнатпайды. Баланың тілін, ел тарихын білуі, салт-дәстүрін қадірлеуі, бойына ұлт намысын сіңіруі ең алдымен анаға байланысты. Ананың білімді, мәдениетті болуы – ұлттың мәдениетті болуының негізі. Отбасында билікті, үкіметті жамандап, қарғап-сілеп отыратын ата-ананың баласы отаншыл, патриот болады деу қиын. Адамдарды әлеуметтік жағдайына қарап бөлуді, ұлтына, тіліне қарап кемсітуді естіп, көріп өскен баланың бойына да сол әдеттер сіңуі әбден мүмкін. Бала бәрін тез қабылдайтыны есте болуы керек. Оқу-білімге, спортқа бейімділік сияқты, адамдармен қарым-қатынас жасай білу де – өнер. Солардың қатарында этносаралық қатынас мәдениетін үйренетін ортасы да – отбасы. Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы осындай мәселелерді зерделегеннен кейін туындаған», деп түсіндірді Камал Әлпейісова.
Заңғар жазушы М.Әуезов «Адамдық негізі – әйел» атты мақаласында «...адам баласы бір үлгі аларда, ең әуелі шын жүрегімен сүйген кісісінен күштеп алады. Сол сүйген кісісінен сүйіп алған үлгі жүрегіне нық орнайды дейді. Бұған қарағанда біздің ой буынымыз қатпай тұрған бала күнімізде ең әуелі елжіреп сүйетін кісі кім? Ол анамыз...» деп ой сабақтайды. Асылында да отбасы табалдырығында қалыптасқан мінез қоғамдағы тәртіппен тұтасып жататыны ақиқат.
Ассамблея қызметі - түрлі этникалық топ өкілдеріне бірлік пен өзара түсіністікке негізделген диалог алаңын ұсынып отыруымен де құнды. Осы құндылықтың құнын құлдыратпай, бағасын биік көтеріп отырған Қызылорда облысындағы Ассамблея. Бүгінде аталған өңірде 35-тен астам этнос өкілі тұрады. Татулық пен бірліктің шаңырағына баланған Достық үйінде 11 этномәдени бірлестік белсенді қызмет атқарып жатыр. Облыстың елдегі татулықты тұралатпау жолында еңсеріп жатқан еңбектерін Ассамблея мүшесі Дильфура Байрақтаровадан сұрап, білдік.
«Аймағымыздағы этнос өкілдері мемлекеттік саяси науқандарға белсене қатысып, өңіріміздің әлеуметтік - экономикалық дамуына зор үлес қосуда аянбайды. Қазір этномедиация бағытын дамытуға ән беріліп, ілкімді жобалар жүзеге асырылып жатыр. Сыр өңіріндегі Аналар кеңесінің «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясындағы «Салауатты сана» жобасы жұмысына оң баға беріліп, кеңестің жұмысы тәжірибе алаңы ретінде республика көлемінде таратылуда. Ғылыми сарапшылық топтың қызметі нәтижесінде аймағымыздағы этносаралық ахуал ғылыми тұрғыда талданып, мемлекеттік этносаясаттың жүйелі жүргізілуіне септігін тигізіп келеді. Жастарды қоғамдық келісім негізінде топтастыру мақсатында өңірлік «Ассамблея жастары» ұйымы түрлі бағыттағы шаралар мен акцияларға жиі бастамашы болып жүр. Этномәдени бірлестіктердің атаулы мерекелері де назардан тыс қалмады. Осы уақыт ішінде Корея халық батыры Хон Бом ДО-ның мемориалдық кешені қайта жаңғыртылды. Этностардың өзіне тән «Масленица», Сабантой сынды мерекелері ескерусіз қалмайды», деді Дильфура Байрақтарова.
Қазақстан қоғамында татулықтың тілін тауып, бірліктің шамын жаққан Ассамблея қызметі әрдайым өзекті болып қала бермек.