Тағзым • 27 Ақпан, 2025

Академиктің аты ардақталды

135 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жақында Бұқар жырау ауданының жұрты көрнекті академик Қаныш Сәтбаевтың ізінен ерген ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы Арықтай Қайыповтың құрметіне Мәдениет үйінде «Ғалымның хаты өлмейді» атты тағылымды кеш өткізді.

Академиктің аты ардақталды

Ғылымға салмақты үлесін қос­қан ғалымның көп жылдан бері есімі ескерілмей қалған еді. Енді, міне, елі сол олқылықтың орнын толтырғандай. Былтыр академиктің туғанына 110 жыл толуына орай Бұқар жырау аудандық мәслихатының төрағасы Асхат Әли бастаған жергілікті 13 депутат өз қаражаттарына сатып алған 125 көшетті Үлгідегі Қаныш бағына екті. Сонда аудандық орталық кітапхана қыз­меткерлері «Геологияның қос алыбы» көрмесін ұйымдастырған еді. Осы орайда, аталған кітапхананың әдіскері Майгүл Асқарованың еңбегіне ерекше тоқтала кеткен жөн. Ол Арықтай ғалымның туған жері Үлгі ауылының тарихын, академик­тің өмірі мен ғылыми қызметі жөнінде талмай ізденіп, балалары мен туыстарынан деректер мен фотосуреттерді тірнектеп жинап, тартымды көрме мен бейнекөрініс әзірледі. Тағылымды кештің мазмұнын да бір өзі жазып шықты. Әрі өзі жүргізді.

Салтанатты кеште алғаш болып баян­дама жасаған академиктің туған топы­рағынан шыққан PhD, Е.Бөке­тов атындағы Қарағанды зерттеу уни­верситетінің ғылым жөніндегі проректоры Асылбек Зейниденов ғалымның игілікті ізі жөнінде сөз қозғады.

ап

– Академик Арықтай Қайыпов өзінің соңында үш игілік қалдырды. Бірінші­ден, ол Орталық Қазақстан өңірінде Ақмая с­ирек металл кен орнын ашып, екінші­ден, Ащысай мен Зырянов кен көздерін­де жүргізген зерттеулері жаңа кентас қа­баттарын табуға, кендердің жалпы қорын анықтауға мүмкіндік беріп, қазіргі Алтай қаласында қорғасын комбинатының са­лынуына негіз болды. Үшіншіден, Қазақстан мен Орта Азия­ның металлогениялық картасын құрас­тырушылардың бірі. Біз ғалым ағамыздың осынау еңбегі мен мұрасын дәріптеуіміз керек. Бүгінде оның ісін жалғастырушы жас буынның жоқтығы жанға батады. Кезінде Арықтай бастаған қаншама ғалым шыққан Үлгіні былай қойғанда, Бұқар жырау ауданының өзінен ғылыммен шындап шұғылданып жүрген бірді-екілі адамды ғана білемін. Сондықтан бұл мерейтой өткенді еске алу ғана емес, Арықтай Қайыповтың ұрпақтарына үлгі болған ісін әрі қарай жалғастыруға серпін береді деп ойлаймын, – дей келе университеті аты­нан аудандық кітапханаға ғұлама ғалым­дар Қаныш Сәтбаев пен Ебіней Бөкетов туралы бірнеше кітапты тарту етті.

Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын мұндай салтанатты жиын­ның жастарға ой салатынын, өйткені ешбір мемлекет ғылым, білімсіз дамып, өркендемейтінін жеткізді. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу уни­вер­ситетімен екі арада өзара ғылыми ынты­мақ­тастық туралы меморандум жасасу туралы ұсынысын жоғары оқу орнының ректоры Нұрлан Дулатбеков мырзаға жолдайтынын айтты. Бұл келісім болашақта ауданның мектеп оқушылары арасынан ғылымға қабілеті бар балаларды анықтап, олардың жолын ашуға ықпал етеді.

Академиктің АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында тұратын ұлы, техника ғылым­дарының докторы Мәлік Қайыпов­тың ұсынысымен және демеушілігімен ­Бұқар жырау ауданының былтырғы оқу жы­лында мектеп бітіретін түлектері арасында «Мен болашақта кім болғым келеді?» тақырыбында эссе жазудан байқау жария­ланып, қорытындысы шығарылған еді. Байқау жеңімпазы атанған 11 оқушының әрқайсысына Арықтайдың Алматыдан арнайы келген жиені Юлия қаржылай сыйлық пен арнайы диплом тапсырды. Мұнымен қоса, білім саласына қосқан үлесі мен кәсіби біліктілігін танытқаны үшін аудандық білім беру бөлімі ұсынған Ботакөз Сембаева, Мерей Қайратова, Салқын Баяхметова мен Ербол Айболат­тай ұстаздар да Юлияның қолынан Алғыс­хаттар мен ақшалай сыйлық алды. Жыл бойы Арықтай атын ардақтау жолында жарғақ құлағы жастыққа тимеген Майгүл Асқарованы да ұмыт қалдырмай, туыс­тары атынан алғысын білдіріп, оған да қаржылай сыйлық табыс етті. Сондай-ақ аудандық кітапханаға үш тілде шығарылған «Қазақстан ғалымдарының библиографиясы: Қайыпов Арықтай Қайыпұлы» библиографиялық көрсеткішін, бірнеше мақала мен фотосуретті сыйлады. Сөйтіп, кітапхана қоры Қайыповқа қатысты 11 кітап, 18 мақала, 63 фотосурет, 4 ғылыми еңбек, 1 естелік кәдесыйға толықты.

Салтанатты кеште медицина ғылым­дарының кандидаты, доцент Әбдірахман Кулов пен медицина ғылымдарының докторы, профессор Дүйсентай Кулов Арықтайдың адами қасиетіне тоқталды. Оның ар мен адалдықты тең ұстаған тұлға екендігін есіне алды. Белгілі ақын-жур­налист Ержан Имаш пен ұлағатты ұстаз Жасұлан Хамитовтың академикке, оның туған жеріне арнаған өлеңіне көрермен қол соқты.

Бұл күні Үлгі ауылының да рухы оянды. Үлгіден шыққан ақындардың өлеңіне жазылған әндер шырқалды. Бір-бірін көп жыл көрмеген ауылдастар арқа-жарқа күйге бөленді.

 

Қарағанды облысы,

Бұқар жырау ауданы