
Кәсіпқой бокста жеңіліп көрмеген, 16 жекпе-жек өткізіп, 11 айқасына нокаутпен нүкте қойған Жәнібек Әлімханұлы кезекті жеңісін еншіледі. Қарсыласы франциялық Анауэль Нгамиссенге де – кәсіпқой бокста 13 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен жампоз.
Айқас алдындағы баспасөз мәслихатында Нгамиссенге: «Мен өзімнің әлеуетімді паш етуге келдім, орта салмақта чемпиондық белбеуден үмітім зор», деп көкейіндегісін ақтарып салған еді. Жәнібек жанкүйерлеріне шоу сыйлайтынын айтқан-ды.
Расында да айта жүрер айқас өтті. 12 раундқа рәсімделген жекпе-жек тіпті 1-раундта түгесіле жаздады. Жәнібектің жойқын соққысынан есеңгіреп қалған қарсыласы нокдаун алған еді, алайда гонг үні құтқарып кетті. Екеуі де солақай болғандықтан, ұрымтал тұсты көп аңдысты. Жәнібек қорғаныста қымтанып алмай, ашық ұрысқа шақырып, қарсыласын қамшылап отырды да, 5-раундта шықшыттан екі мәрте соғып сұлатып түсірді.
«Сөз жоқ, Жәнібек талантты боксшы, орта салмақтың серкесі екенін мойындаймын. Менің мақсатым – тәуекелге бару. Қарсыластың қарымынан жүрексінбей айқастым. Сарапшылар мені айқастың алдында-ақ «оңай олжа» деп бағалап, 3-раундтан аса алмайтыныма сәуегейлік танытты. Рас, жеңіліске ешкімді айыптамаймын. Ұзақ уақыт әзірлік өткіздім, жеңемін деп ұмтылдым. Алайда қарсыласымның деңгейі мен ойлағаннан да жоғары екен. Кәсіпқой бокстағы алғашқы жеңіліске ішім ашитыны, көңілім құлазитыны рас, бірақ орасан тәжірибе жинадым», деді А.Нгамиссенге.
Анауэль 5-раундта реферидің жекпе-жекті тоқтатқанына шағым айтпайтынын да жеткізді. «Төрешінің шешімін қуаттаймын. Мен ет қызуымен айқасты жалғастырсам, бұдан да ауыр соққылар алып, денсаулығымды тіпті құртып алатыным даусыз еді», деген боксшы Жәнібекке сәттілік тіледі.
Жекпе-жектен кейін Жәнібек Әлімханұлы қолдау көрсеткен барша жанкүйерге ризашылық білдірді. «Құрметті жерлестер, бұл біздің команданың ғана жеңісі емес, елдің ортақ жетістігі. Біз мұнымен тоқтамаймыз, еншімізде екі бірдей тұжырымның чемпиондық белбеуі бар, әлі басқа тұжырымдардың да белбеуін аламыз. Біздің өз елімізде осындай жекпе-жек өткізуге мұрындық болған ұйымдастырушыларға, алаңсыз жаттығуға мүмкіндік тудырған жанашыр азаматтарға алғыс айтамын», деді.
Менеджер Берік Сұлтан бұл айқасқа әзірлікті Шымкент қаласында жүргізгенін айтты. Спарринг өткізуге ұлттық құрама мүшелері Аман Қонысбаев, Нұрқанат Райыс, Бексұлтан Манап секілді боксшылардың септігі тигенін мәлім етті.
Қос боксшының спорттық жылнамасында сәйкестік бар. Екеуі де 2016 жылы Рио Олимпиадасына 75 кг салмақ дәрежесінде қатысты. Анауэль ол кезде өзінің атажұрты Конго мемлекетінің намысын қорғаған еді. Алайда алғашқы айналымда алжирлік Илияс Аббадиге есе жіберді. Жәнібек сол Аббадиді ширек финалға шығарда айқын жеңген болатын.
Астанадағы кәсіпқой бокс кешінің аясында яғни андеркардта бірнеше саңлақ жекпе-жек өткізді. Жартылай орта салмақта жерлесіміз Әлішер Әбдуәлім үндістандық Ашиш Чаудхариді ұпай басымдығымен еңсерді. Кәсіпқой бокста бұған дейін 3 мәрте айқасқа түсіп, екеуінде нокаутпен ұтқан Әлішердің соққыларына қарсыласы төтеп берді. Өкінішке қарай, Ақниет Әлімбай (жартылай орта салмақ) чехиялық Йозеф Дубскиге есе жіберді. Жартылай орта салмақта өзінің дебюттік жекпе-жегіне шыққан Төрехан Сабырхан чех боксшысы Йиржи Хаукені 3-раундта техникалық нокаутпен ұтты. Өзбекстандық Отабек Холматов филиппиндік Джейсон Кано Манигосты 8-раундта нокаутпен жеңді. Жеңіл салмақта сынға түскен жерлесіміз Балауса Мұздыман Филиппин қызы Мария Тереза Пинилиден ұпай санымен басым түсті. Екінші жеңіл салмақта бағын сынаған Махмұд Сабырхан вьетнамдық Данг Дак Хайнхті 2-раундта техникалық нокаутпен ұтты. Махмұдтың қарсыласы айқасқа бір күн қалғанда ауысты. Әу баста колумбиялық Николас Тордесияльямен тартысқа түсетіні белгілі болған. Алайда ұйымдастырушылар «өткел үстінде ат ауыстырып» Хайнхты алдырды.
Бірінші орта салмақта Батыр Жүкембаев (23-1, 17 КО) пен британдық Кейн Гарднердің (17-4, 7 КО) жекпе-жегі 10 раундқа ұласып, төрешілердің шешімімен Батыр жеңіске жетті. «Елімізде дәл мұндай ауқымда ұйымдастырылған бокс кешінде сайысқа түсу маған зор мәртебе болды. Қарсыласым осал емес, нокаутпен жеңсем деп жоспарладым, бірақ қорғанысы мығым Кейн көп соққымды дарытпады. 5 сәуір – менің туған күнім. Төл мерекемде өзіме өзім сый жасағандай болдым», деді Батыр.
Спорт кешеніне жиналған қалың жанкүйер де, көгілдір экранға көз суарып бокс кешін тікелей эфирден тамашалаған көрермен де екі дүркін Олимпиада чемпионы, әуесқой бокста жүріп те кәсіпқой жекпе-жекке 14 рет түсіп, барлық айқасын нокаутпен ұтқан өзбекстандық саңлақ Бахадүр Жалолов нокаутпен жеңеді деп сенген еді. Алайда украиналық Игорь Шевадзуцкий (12-2, 10 КО) 10 раундтық жекпе-жекте Бахадүрдің жойқын соққысына төтеп берді. Төрешілер раунд сайын шабуылдағанын ескеріп, өзбек боксшысының еншісіне жеңіс жазды.
IBF Intercontinental тұжырымы бойынша екінші орта салмақтағы жекпе-жек жерлесіміз Сұлтан Заурбек (19-0, 13 КО) пен Оңтүстік Африка Республикасының боксшысы Азинга Фузиле 18-2, 12 КО) арасында өтіп, 10 раундтың қорытындысында Сұлтан жеңіске жетті.
Елорда төріндегі кәсіпқой бокс кешін «Nomad Promotions» компаниясы ұйымдастырды. Былтыр ғана құрылған компания келешекте кәсіпқой бокс жұлдыздарының басын қосып, ауқымды айқас өткізуді жоспарлап отыр. Промоутерлік ұжым 30 жылдан бері кәсіпқой бокс өрісінде еңселі істерді игеріп жүрген британдық «Excelsior Sports Club» ұйымымен тығыз ынтымақтастық орнатқан.