Денсаулық • 09 Сәуір, 2025

Дәрі-дәрмек қауіпсіздігі – мемлекеттік саясаттың маңызды элементі

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада «Шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығы мен Денсаулық сақтау министрлігі бірлесіп «Қазақстанның дәрі-дәрмек қауіпсіздігін қамтамасыз ету: талдамалық тәсіл және жаңа сын-қатерлер» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Дәрі-дәрмек қауіпсіздігі – мемлекеттік саясаттың маңызды элементі

Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің қызметі аясында өткен іс-шарада Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов, «Шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының директоры Жанна Байдашева, «Химфарм» АҚ бас директоры Адам Алексеюк, Польша Республикасының Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Михал Лабенда, өзге де мамандар қатысып, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде жүйелі шешімдер әзірлеу, жергілікті өндірісті дамыту және мемлекет пен жекеменшік сектор арасындағы әріптестікті нығайту мәселелерін талқылады.

Денсаулық сақтау вице-министрі Т.Мұратов өз сөзінде халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету – денсаулық сақтау саласындағы негізгі міндеттің бірі екенін жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі тұрақсыздық жағдайында көп мемлекет, соның ішінде АҚШ пен Еуропа елдері дәрі-дәрмек қауіпсіздігін мемлекеттік саясаттың маңызды элементі деп қарастырып отыр.

«Шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының директоры Ж.Байдашева денсаулық сақтау секторы өкілдерінің күшін біріктіріп, жергілікті өндірісті дамыту, отандық компаниялармен тиімді әріптестік тетіктерді қалыптастыру және әділ де теңгерімді патенттік саясат жүргізудің маңызын атап өтті. «Біз дәрі-дәрмекті мемлекет есебінен сатып алғанда едәуір негізді шешім қабылдауға мүмкіндік беретін медициналық технологияларды сараптау (HTA) секілді құралдарға ерекше назар аударамыз. Ортақ мақсатымыз – өмірлік маңызы бар әрі сапалы дәрі-дәрмек елдің кез келген өңіріне, қажет уақытында және әділ бағамен жетіп, оған тұрғындар қол жеткізе алғанын қамтамасыз ету. Мемлекет, бизнес пен сарапшылар арасындағы мұндай диалог – Қазақстан фармацевтика секторын орнықты, инновация мен инвестиция тұрғысынан тартымды етуде таптырмас құрал. Мұндай пікір алмасу елдің, азаматтардың және стратегиялық серіктестердің мүддесін көздейтін ұзақ мерзімді шешімдер қабылдауға негіз болады деп сенеміз» деді ол.

Дөңгелек үстелде айтылған тағы бір маңызды мәселе – дәріхана желілеріне дәрі-дәрмек жеткізу проблемасы. Қатысушылар Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде дәрі-дәрмекті тіркеу процедураларына байланысты туындап жатқан қиындықтарды атап өтті. Мәселен, 2025 жылдың аяғына дейін 2 мыңға жуық дәрі ЕАЭО аясында тіркеуді күтіп тұр. Осыған орай қатысушылар Үкіметке пациенттерді қажетті дәрі-дәрмектермен қамтудағы іркілістерге жол бермеу үшін өтпелі кезең енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.