Музей • 17 Сәуір, 2025

Шәкәрім ғылыми музейі

0 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Өткенде хакім Абай оқыған, қолының табы қалған киелі кітап­­тар­ды біз де ұстап көріп, бір тебіреністі бастан кешірген едік. Бұдан соң жұртшылықтан «жуырда Шәкәрім музейі ашылды» деген­ді естіп, жастықты биік жастап жата алмадық.

Шәкәрім ғылыми музейі

Абайдың дәстүрін жалғастырған Алаш арыстарының бірі, ақын әрі ойшыл ғұлама, аудармашы, сазгер Шәкәрім Құдайбердіұлының мұрасын көзбен көруге асығып, университетке тарттық. Шығыстағы білім мен ғылымның бастау бұлағы болып тұрған бұл оқу орны­ның бүгінде аты да, заты да өзгерген. Бұрын­ғыдай орыстан тіке аударылатын «имени», яғни «атындағы» дейтін артық жалғауы алынып, Shakarim university атаныпты. Білім саласының жаһандық стандарты.

Осындай сүйекті де, сүбелі жұмыс­тарды жүйелі жүргізіп келе жатқан оқу орнының ректоры Думан Орынбеков мырза  әуелі осы жұмыстың сәтті жүзеге асқанын, университет жанынан «Шәкәрім ғылыми музейі» ашылғанын және «Шәкәрім» ғылыми журналының шыққанына 20 жыл толғанын айтты.

шәкәрім

90 жылдық тарихы бар Shakarim university еліміздегі іргелі білім ордасы. Семей қаласының тарихында жоғары білімнің ұйтқысы болған – Семей педагогикалық институты, Семей малдәрігерлік институты, Семей ет және сүт өндірісінің технологиялық институты және Семей экономика институттарының басын қосқан жоғары оқу орны.

– Университеттің атауы ақын, ғұлама Шәкәрімнің құрметіне қойылғандықтан, оның өмірі мен мұрасын насихаттау, зерттеу – тікелей міндетіміз. Ойлана келе, хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзі келіп ашқан республикалық Абай музейін заманға сай модернизация жасаған, осы университет түлегі, әдебиеттанушы, философ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрдықұл Шаңбайды жұмысқа шақырдым. Ондағы мақсат, қазір екеуміз бара жатқан университет жанынан Шәкәрім музейін ашу еді, – деп бастады әңгімесін Думан Рымғалиұлы.

Музейді тезірек көруге асық болғаным сонша, жүрісім жылдамдай түсті. Білдей бір оқу орнының басшысын жүре тыңдап келемін.

– Тұрдықұл ағаны бұрыннан танитынмын, – деп сөзін жалғады Думан Рым­ғалиұлы. – Қарымды энциклопедист, көрнекті ғалым Семейге Алма­ты­дан келіп, 2002 жылдары осы универ­ситет жанындағы Шәкәрімтану ғылыми-зерттеу орталығын басқарып, «Шәкәрім» тұлғалық энциклопедиясын, «Шәкә­рім­тану мәселелері» сериялық ғылыми жина­ғын дайындағанын отандық ғалымдар жақсы біледі. Міне, осы жайттарды ескеріп, жаңа тұрпатты музей жасақтауды Тұрдықұл Қасенұлына тапсырдым.

Музей университеттің екінші қабатында, ректордың кабинетінен тым алыс та емес екен. Әуелгі кең зал Шәкәрім ғылыми музейінің университет тарихына арналған экспозициясы екен. Онда университет қонақтарын және студент жастарды білім ордасының тарихын, жетістіктерін, ғылыми бағыттарын және көрнекті ғалымдар, танымал тұлғалармен таныстыруға арналған фотосуреттер, архив деректері қойылыпты. Мына бір деректе 1994 жылы алғаш болып, университет ғалымдары жартылай қылшық жүнді қазақтың жаңа «Байыс» қой тұқымын шығарғаны туралы айтылыпты.

Мұнда көп бөгелгім келмегенін ұққан ректор бірден Шәкәрім өмірі мен мұра­сына арналған екінші залға алып жүрді.

Кіреберістен музейдің басшысы Тұрдықұл Қасенұлы қарсы алды. Ол кісіні бұрыннан танитын едім. Бірден жылы ұшыраса кеттік.

– Бұл ғылыми музей, тегінде, – деп бас­тады Тұрдықұл ағамыз. – Ал Шәкәрім ғылыми музейі университетіміздің 90 жылдық мерейтойына ерекше сый деуге болады. Музейдің негізгі тірегі – ғылыми бағыт. Елімізде шамамен ірілі-ұсақты 500-ден астам музей бар. Шағын болса да Шәкәрім музейінің өзіндік ерекшелігі, ғылымға басымдық беруінде. Шәкәрім – феномен тұлға. Шаһит болып дүниеден озғанға дейін, өмірін даналыққа, шығар­­машылыққа және ғылымға арнаған. Оның тарих, пәлсапа сияқты ғылым саласындағы еңбектері ұлттық ғылым­ның басында тұрған дүниелер. Ол қалып­тастырған «ар ілімінің» өзі – адамзат баласы үшін ешқашан маңызын жоймайтын құндылық.

Музейдің осы залы толығымен Шәкәрім тұлғасы мен мұрасына арналыпты. Бұл залдағы жүйелі орналасқан 23 экспозиция шәкәрімтану саласындағы нақты ғылыми мәселелерді көрсетіп тұр. Бір сөзбен айтқанда, әрқайсысы болашақта шәкәрімтануда дипломдық, магистрлік, докторлық жұмыстарға мол азық болатыны сөзсіз. Әр экспозиция витриналарында бүгінге дейін қорғалған жұмыстардың авторефераттары, ғылыми монографиялар мен зерттеулер қойылған. Шәкәрімтануға қатысты материалдарды жинақтау, оның электрондық қорын байыту да жолға қойылыпты. Шәкәрімтану саласында баламасы жоқ ғылыми зерттеу орталық десе болғандай.

– Шәкәрім ғылыми музейінің қоры – Шәкәрім мұрасына қатысты материал­дармен ғана шектелмеген, қазақ тарихына қатысты тарихи-этнографиялық жәді­герлер де жинақталған. Оның ішінде XIX ғасырда жарық көрген кітап­тар, V ғасырдан бастау алатын әйел­дер­дің әше­кей бұйымдары, әскери садақ­тың ұш­тары, кейінгі кезеңдерге дейін тұр­мыс­та қолданылған заттар жинақ­талған. Университет ғалымдарының архео­ло­гия­лық-тарихи, этнографиялық-мәдени ізде­ніс­тері сыр шертеді, – деді Тұрдықұл Шаңбай.

Ғұламаның күллі жүріп өткен жолы – ғылымның арналы салалары бойынша экспозицияда жүйелі түрде көрсетілген. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханнан бас­тап, бүгінгі шәкәрімтанушы Ерлан Сыдықовқа дейінгі ғалымдардың еңбек­тері түгел қамтылған. Ақынның барлық қырлары ғылыми зерттеліп, сөрелерден сөйлеп тұр. Ақынның жеке тұтынған заттары неге жоқ деген сұрақ туындауы мүмкін. Көп дүние «Саят қорада» Шәкәрімнің кітап­тары өртелгенде, талан-таражға түскен. Бірақ ғылыми музейде ақынның өз қолы­мен жазған хаттары, көзі тірісінде жарық көрген еңбектері, қолжазбалары, әр жыл­дары «Сарыарқа», тағы басқа басылым­дарда жарық көрген зерттеулері рет-ретімен, жанр бойынша жүйелі қойы­лыпты. Әсіресе 1931 жылы 3 ақпанда Сәбит Мұқановқа жазған хаты көзге оттай басылды.

Тұрдықұл Қасенұлының айтуына қарағанда, ғұламаның заттай мұралары Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің – Абайдың ақындық мектебі экспозициясында қойылған. Онда ақынның асыл сүйегі салынған чемодан, шоқпары, саптаяғы сақталыпты. Ақынның басқа дүниелерін кеңестік қызыл жендеттер құртып тынған тәрізді...

Әйткенмен асыл мұраның ең негізгісі – ақынның алақаны тиген әйгілі Саят қора мекені. Алайда ол киелі мекеннің де қазір халі мүшкіл екені баршаға мәлім. Ахат Шәкәрімұлы: «1925 жылы Кереймен жапсарлас, Шақпақтың күнгей бетінен, бұрынғы қорасынан он бес шақырымдай ары, жайлаудан әкейге жаңа қора салып бердік. Бір там, бір шошала, айналдыра салған пішен қора, ат қорасы болды. Өзі өлгенше сол қорасында болды. Қыстай сол қорасында жазуын жазып, кітаптарын оқып жатады», деп жазады. Демек Шақпақтың күнгейіндегі Саят қора 1925 жылы салынса, биыл 100 жыл болыпты. Тіпті кеңес заманын айтпағанда, ел тәуелсіздік алғаннан бері отыз төрт жыл өтті. Ғұламаның көзіндей төртбұрыш тамның кірпіштерін қазір  жел мүжіп, жауын кеміріп барады.

– Иә, уәжің өте орынды. Биыл Саят қораны зерттеуге біздің университет ғалымдары гранттық жоба ұтып алды. Жетекшісі – тарихшы ғалым Мұхтарбек Кәрімов. Енді ол жерде ғылыми-архео­логиялық жұмыстар жүреді. Мүмкін көмілген бұйымдар табылып қалуы да ғажап емес қой, – деп Тұрдықұл Қасенұлы бір қуантты.

Болашақта Шәкәрім қажының көзіндей болған Саят қораны кешенді қорғау жұмысы да қолға алына жатар деп үміттеніп қайттық.

 

Абай облысы