
Тарихи тамыр, берік ірге
Иек артпа жерде ирелеңдеген Қытай елінің жолдары, әудем жерде жарқырап Шәуешек қаласы менмұндалайды. Алаштың ұшқыны түскен, дәні себілген тарихи мекен. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, дәл осы Бақты ауылында Алаш арыстары аялдаған, аяқ суытқан, кеңес құрған. 1918 жылдары Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Райымжан Мәрсековтердің болғанын бұрынғы қариялар айтып отыратын дейді. Олар Шәуешекте Демежан, Нұртаза үкірдайлармен жолығып тұрыпты. Әйгілі ән дүлдүлі, ақын, композитор, аудармашы Әсет Найманбаев та болған. Тіпті ауылда Әсет ақынның қарашаңырағы әлі бар.
Үлкендердің айтысына қарағанда, Бақты ауылының бұрынғы атауы Көктұма екен. Патшалық Ресей кезінде де бұл жер шекара бекеті болып, осында келіп-кетіп істейтін әскерлер «Вахтаға барамыз» дейтін сөз арқылы Бахты атанып кетіпті. Кейін бұл қазақ ұғымына, тіл заңдылығына сәйкес Бақты болып өзгерген.
Ауылдың әлеуметтік ахуалы
Ауыл әкімдігі құрқылтайдың ұясындай көнетоз ғимаратта орналасқан. Елдің кіре берісіне дос сүйініп, дұшпанға айбар болар, шекесіне көк ту қадаған бір келісті ғимарат қажет-ақ.
«Бақты – шалғайдағы, шекара түбіндегі ауыл. 2 450-ге жуық жан саны, 650 түтін тұрады. Негізгі кәсіп – мал шаруашылығы. 36 шаруа қожалығы бар. Жеріміз біраз сортаңдау болғандықтан, егін сала алмаймыз. Аягөз – Бақты теміржолы түседі деген сөз бар. Осыны ескеріп, кейбір пайға алған жерлерді қайтарып жатырмыз. Шәуешек жағы теміржолды шекараға дейін салып, стансасын дайындап қойды», дейді ауыл әкімі Алмас Шөшеков.
2006–2007 жылдары қолданысқа берілген Бақты – Таскескен автожолының ой-шұңқыры көп, ескірген. Күн сайын ауыр жүк көліктері тынымсыз қатынап жатыр. «ҚазАвтожол» ұлттық компаниясының баспасөз қызметкері Сәкен Ділдахметтің айтуынша, жолға биыл орташа жөндеу жүргізілмек.
Ауылдың ендігі бір мәселесі – мектеп пен балабақша. Ауыл әкімінің айтуынша, Бақтыдағы 324 орындық мектепте 400 бала оқиды. Жеке ғимарат жоқ болғандықтан, балабақшадағы 50 шақты балдырған да осы мектепке барады. Кезек күтіп тұрған балалар тағы бар. Мектептің өзі апатты жағдайда.
«Аудан қайта ашылып, кеден жұмысы кеңейгеннен шығар, ауылға жастар қайта орала бастады. Басқа ауылдармен салыстырғанда мұнда болашақ бар. Кеден бекеті жаңғыртылып жатыр. Енді теміржол тартылса деп отырмыз. Президентіміз еліміздің транзиттік әлеуеті жоғары деді. Рас, ары-бері өткен көлік кедендік салық төлейді. Ол республикалық бюджетке түседі. Ал ауылда (сол маңға) тұрған орнына жер салығын төлейді. Бірақ кедендік салықтың 0,1 пайызы дәл сол жергілікті жерге түссе, бұл сол өңірге үлкен донор болар еді», дейді ауыл әкімі.
Кеден, пайдаң неден?
«Ауылды дамыту тұжырымдамасында шекаралық аумақтарға қатысты жұмыстың негізгі бағдары айқындалған. Шеткері жатқан елді мекендердің ахуалы ел іргесінің бекем болуына тікелей әсер етеді. Бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты белсенді түрде жалғастыру керек», деген еді Президент Ұлттық құрылтайда.
«Бақты» кеден бекетіне барғанымызда, Президент сөзінің мәнін ұғына түскендей болдық. Кезек күтіп кептелісте тұрған көлік қарасы көп. Қыстың қысқа күндерінде бұдан да көп болады дейді ондағылар. Өткізу бекетінде тұрған әскери азаматтарды да әңгімеге тартып, ондағы жұмыстың жай-жапсарын сұрадық. Айтуларынша, Бақты кеден бекеті қазір жартылай жұмыс істеп тұр. Таңғы 7-ден кешкі 8-ге дейін жұмыс істейді. Тәулігіне 150-дей көлік өтеді. Алда тәулік бойы жұмыс істейтін режім енгізілсе, кептеліс азаяр еді.
Үкіметтің «Өткізу бекеттерін жаңғырту және техникалық жарақтандыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2023 жылғы қаңтар айынан бері нысанның өткізу бекетінде құрылыс-монтаждау жұмысы жүргізіліп жатыр. Бірақ әлі толық аяқталмаған. Жуырда облыс әкімі Берік Уәли жұмыс сапарымен Мақаншы ауданына арнайы барып, Бақты кеден бекетінің жұмысымен танысты. Онда өңір басшысы кеден бекетіндегі жаңғырту жұмысының Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттықтың ұлғаюына тигізер әсері зор екенін айтты.
«Мақаншы – Президенттің бастамасымен ашылған, туристік, аграрлық әлеуеті зор аудан. Ал Бақты кеден бекетінің аудан экономикасы үшін маңызы зор. Сондықтан бекеттің мүмкіндігін кеңейту жұмысын жалғастыру қажет және құрылыс жұмыстарын мерзімінде аяқтау керек», деді Б.Уәли.
Біздің бір байқағанымыз, кептелісте тұрған жүк көліктерінің жүргізушілері тазалық сақтамайды екен. Ауыл маңына қоқыстарын лақтыратынын көрдік. Ауылдың жанашыр азаматтары оларға арнайы тұрақ қойылса, ол тұрақ ақылы болса, түскен ақы жергілікті жердің бюджетіне түссе дейді. Өйткені жүргізушілердің шашып кеткен жерін ауыл тұрғындары тазалауға мәжбүр.
Екі елдің өзара достық қарым-қатынасы, бірігіп жұмыс істеуінде шашау жоқ. Бірақ кеден жұмысында уақыт белдеуіне байланысты аздаған айырмашылық бар. Өйткені Бейжің Астанадан екі сағат алға жүреді.
P.S. Иек артпадан Қытай елінің Баян дейтін ауылының төбесі қылтияды. Бергі жақта қазақ елінің іргесін берік ұстап отырған Бақты ауылының түтіні будақтап, бұлтқа сіңіп жатыр. Түтіні тік ұша берсін деп тіледік.
Абай облысы,
Мақаншы ауданы,
Бақты ауылы