Шаруашылық • Бүгін, 11:20

Күнбағыс болса, күн бағыс жақсы

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Абай облысының дән егіп, тер төккен диқандары көктемгі егіске қауырт кіріскелі қашан. Ауыл шаруашылығы саласының техникамен жарақталуы да жақсарып келеді. Жер тоймай, ел тоймайтынын жақсы білетін шаруалар егістік алқаптарына жоғары сұрыпты тұқым сеуіп, ала жаздай егіннің ебін табуға әзір.

Күнбағыс болса, күн бағыс жақсы

 

Абай облысы – ауыл шаруашылығы саласында әлеуеті жоғары өңірлердің бірі. Облыстың агроөнеркәсіптік кешені негізінен өсімдік және мал шаруашылығына бағытталған. Өңірдегі егістік алқаптардың басым бөлігі дәнді және майлы дақылдар. Астық дақылдары арасында бидай мен арпа негізгі орын алады. Кейінгі жылдары майлы дақылдарға, әсіресе күнбағыс пен рапсқа деген сұраныстың артуына байланысты, олардың егіс көлемі де ұлғайып келеді. Бұл дақылдардан алынатын өнімдер ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортқа да шығарылады.

Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаевтың мәліметінше, көктемгі егіс жұмыстары барлық аудандарда басталған. Оған 12 900 техника жұмылдырылған. Биыл облыста 753,1 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілмек. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,6 мың гектар артық. Өңірдің егіс алқаптарына 46,2 мың тонна тұқым дайындалған. Облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне 27,5 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Бірақ Үржар, Бородулиха, Көкпекті, Бесқарағай аудандарында минералды тыңайтқыштарды енгізу көрсеткіші төмен. Алайда Жаңасемей, Мақаншы және Бородулиха аудандарына «Кең дала» бағдарламасы шеңберінде дихандарға көктемгі егіс пен күзгі жиын-терінге жеңілдікпен берілетін несие жұмысы қолға алынды.

Мәселен, жуырда Абай облысының әкімі Берік Уәли жұмыс сапарымен Бородулиха ауданына барып, өңірдегі ірі агроқұрылымдардың бірі – «Лазарев и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің көктемгі дала жұмыстары барысымен танысты. Аймақ басшысы шаруашылықтың егіс алқабын аралап, ауыл шаруашылығы өндірісіндегі озық технологиялар мен жаңа тәсілдердің қолданылуына назар аударды. Қазір серіктестік өсімдік және мал шаруашылығын қатар дамытып отыр. Жалпы иелігінде 13 мың гектардан астам жері бар құрылымның 10 мың гектарына жуық бөлігіне биыл егін салынбақ.

«Шаруашылық майлы дақылдарды өңдеуге басымдық беріп, күнбағыс майын Қытайға экспорттап келеді. Биылғы көктемгі науқанда 4 000 гектарға күнбағыс, 6 00 гектарға зығыр және рапс егу жоспарланған. Аталған дақылдардың сапасын арттыру үшін дрон арқылы себу тәсілі алғаш рет сынаққа енгізілді. Шаруашылық келер жылы көктемгі ылғал толық кетпей тұрып, дәл осы әдіспен рапс егуге ниетті. Сонымен қатар ұсақ дәнді дақылдарды себуге арналған жаңа техника сатып алынған», дейді серіктестік мамандары.

Олардың айтуынша, серіктестікте мал шаруашылығы бағыты да қарқынды дамып келеді. Онда сүт өңдеу мақсатында 420 сауын сиыр алған. Жалпы1 500-ге жуық ірі қара мал бар. 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Тұқымдық өңдеу мен органикалық тыңайтқыш енгізу жүйесі де жолға қойылған. Қытай мамандарымен бірлесіп күнбағыс буданын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Биыл Бородулиха ауданында жалпы көлемі 320 мың гектарға дәнді және майлы дақыл егу жоспарланған. Бұл – өңірдің аграрлық әлеуетінің жоғары екенінің айқын көрінісі.

Абай облысы,

Бородулиха