Шаруашылық • Кеше

ЕЭК еліміздің агроөңдеу саласындағы тәжірибесіне шолу жасады

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту қосылған құнның тікелей тізбектерін қалыптастыруда, азық-түлік түрлерін кеңейту мен тұрақты сұранысты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады, деп хабарлайды Egemen.kz.

ЕЭК еліміздің агроөңдеу саласындағы тәжірибесіне шолу жасады

Еліміздің ұсынысымен Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдауға талдау жүргізді. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, құжат ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің, бақылаушы елдердің және бірқатар шет мемлекеттердің агроөңдеуді ынталандыру тәжірибесін қамтиды. Шолуда ЕАЭО елдерінде ұлттық аграрлық саясат аясында тиімді қолдау шараларын қалыптастыруда пайдалы халықаралық тәжірибеге ерекше назар аударылған. Мысалы, Ұлыбританияда тамақ өнеркәсібіндегі инвестициялық жобаларға тікелей қолдау бағдарламалары іске асырылған, оған жабдықтар мен инфрақұрылымға 40%-ға дейінгі гранттар мен өңдеушілерге арналған экспорттық қаржыландыру кіреді. Ал Германия ет, сүт және наубайханалық өнеркәсіптерді салықтық жеңілдіктер, инвестициялық бағдарламалар мен экспортты ілгерілету арқылы ауқымды қолдайды. Канада мен АҚШ шағын және орта бизнесті қолдау шараларын: несиелеу, жаңғыртуды субсидиялау және фермадан дүкен сөресіне дейін қосылған құн тізбектерін құруды қолданады. Қытай агроөнеркәсіптік парктер құруға және агроөңдеу саласына инновациялық технологияларды енгізуге, оның ішінде цифрландыру мен өндірістік процестерді автоматтандыру элементтеріне басымдық береді. Малайзия мен Түркия экспортқа бағытталған агроөңдеуді қолдау мысалдарын көрсетіп, орау, сертификаттау және логистикаға арналған субсидиялау бағдарламаларын енгізген.

Шолуда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласындағы еліміздің тәжірибесі ұсынылған. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту мақсатында былтыр 2024-2028 жылдарға арналған АӨК өнімдерін өңдеуді дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. Жоспарда:

- өңдеуге тапсырылған ауыл шаруашылығы өнімдеріне субсидия беру және шикізат экспортын шектеу арқылы қолжетімді шикізатты қамтамасыз ету;

- негізгі және айналым қаражатын толықтыруға арналған несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және жеңілдетілген несиелер беру арқылы өндірістің рентабельдігін арттыру;

- өңделген өнімнің экспорттық әлеуетін жаңа нарықтарды ашу арқылы арттыру секілді шаралар көзделген.

Нәтижесінде елдегі ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу үлесі 70%-ға жетеді деп күтіліп отыр. Еліміздің экономикасы үшін агроазық-түлік секторының маңыздылығын ескере отырып, шолу жобасы тараптармен тұтастай мақұлданып, оның негізінде мүдделі мүше мемлекеттер үшін ЕЭК коллегиясының ұсынысына тиісті жоба әзірленген. Құжат ЕЭК-тің агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі консультативтік комитетінің отырысында мақұлданған, енді ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында ЕЭК коллегиясының отырысында белгіленген тәртіппен қабылданатын болады.