Қоғам • Кеше

Жаңа жүйенің жаңалығы: айып тұрағының әр күні ақылы болуы мүмкін

110 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Енді айып тұрағына түскен көлік үшін жүргізуші әр тәулікке ақы төлеуі мүмкін. Бұған дейін айып тұрағындағы көлікті шығару үшін тиісті айыппұлды төлеу жеткілікті еді. Көлік ұзақ тұрып қалса да, оған қосымша ақы есептелмейтін. Бұл жағдайды өз пайдасына шешіп, айып тұрағын тегін тұрақ ретінде пайдаланып келгендердің қарасы да көбейген. Жол ережесін бұзып, көлігін заңсыз жерде қалдырған азаматтар үшін бұл әділетті жаза болып көрінгенімен, мәселенің екінші жағы бар, деп жазады Egemen.kz.

Жаңа жүйенің жаңалығы: айып тұрағының әр күні ақылы болуы мүмкін

Фото: Ашық дереккөз

Жаңа ереже енгізілсе, айып тұрағында тұрған әр тәуліктің құны жергілікті әкімдіктер бекітетін тарифпен есептелмек. Парламент Сенаты бұл түзетулерді мақұлдап, құжатты Президенттің қол қоюына жолдаған. Егер жаңа жүйе заңды күшіне енсе, айып тұрағында тұрған көліктер үшін әр күн сайын ақы алу міндеттелмек.

Айып тұрағы тегін тұраққа айналып кеткен

Автосарапшы Оңғар Тоқанов бұл реформа қажетті әрі орынды екенін айта отырып, айып тұрағының айналасында қордаланған бірнеше күрделі мәселені ортаға салды.

1

«Айып тұрағының маңыздылығына қос тараптан қарау керек. Бір жағынан бұл – тәртіп орнатудың бір құралы. Бірақ екінші жағынан, ол тегін күзетілетін тұрақ ретінде пайдаланылып отыр. Мысалы, мас күйінде ұсталған адам 15 күнге қамалып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады. Сол көлік айып тұрағына қойылады. Ал ол азамат көлікті жүргізе алмайтын болған соң, оны шығарып алуға да асықпайды. Себебі ешқандай ақы төлемейді. Көлік сол жерде апталап, айлап тұрып қалады. Мемлекет оны күзетеді, алайда ешқандай пайда көрмейді», дейді сарапшы.

Иә, мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Тіпті кейбір жүргізушілер заңды айналып өтіп, айып тұрағын қасақана пайдаланып жүрген көрінеді.

«Бір адамның 5 көлігі бар делік. Ауласына барлығы сыймайды. Егер эвакуатор бір көлігін алып кетсе, ол оны әдейі айып тұрағында қалдырып, өзіне орын босатады. Сол секілді мотоцикл мінетін байкерлер қыста жүрмейтіндіктен, күзде мотоциклдерін қасақана тәркілетіп, оны айып тұрағына қойғызып қояды. Күзет тегін, бейнебақылау бар, ал көліктері қауіпсіз жерде. Көктемде келіп, алып кете салады».

Тіпті автосарапшы Көктал шағын ауданындағы айып тұрағын арнайы барып көргенін айтады. Көрініс жан түршігерлік: көліктер аузы-мұрнынан шығып, тығыз қойылған. Кейбірі тіпті 15–20 жылдан бері сол жерде тұр.

«Бұл машиналарды ешкім іздемейді. Өйткені олардың айыппұлы көліктің өз бағасынан асып кеткен. Яғни көлікті алып шығу тиімсіз. Оларды мемлекет те сата алмайды, себебі заңда ондай механизм реттелмеген. Салдарынан олар тұрағымызды жай ғана бітеп, орын алып тұр», дейді Оңғар Тоқанов.

Сарапшы мұндай көліктерге қатысты арнайы заңнамалық ереже қажет екенін айтады. Мысалы, белгілі бір уақыт ішінде иесі сұраныс білдірмесе, көлік аукцион арқылы сатылуы немесе қайта өңдеуге жіберілуі керек.

Ал, егер айып тұрағында тұрған көлік зақымданса не болмақ? Бұл да жиі кездесетін, алайда нақты шешімі жоқ мәселе. Сарапшының айтуынша, бұл ретте жүргізушілер өз құқығын қорғау үшін алдын ала әрекет етуі тиіс.

«Көлігін айып тұрағына жеткізер кезде иесі міндетті түрде фото және видео түсіруі керек. Қандай сызат бар, қай жері соғылған бәрі құжатталуы тиіс. Кейін айып тұрағында көлік зақымданса, дәлелді түрде әкімдікке немесе сотқа жүгініп, шығынды өндіре алады», дейді сарапшы.

 

Кінәсіз адамның көлігі айып тұрағына қойылса не болады?

Жол апатына ұшыраған көлік міндетті түрде айып тұрағына қойылады. Сот шешімі шықпайынша, сол жерде тұрады. Алайда жүргізуші кінәсіз болса да, жаңа жүйе бойынша күн сайын тұрағы үшін ақы төлеуі тиіс болуы мүмкін.

«Мұның өзі – өте үлкен әділетсіздік. Сізді біреу келіп соғып кетеді. Көлігіңіз айып тұрағына жөнелтіледі. Сот бір-екі жылға созылуы мүмкін. Ал сол аралықта сіздің көлігіңіз үшін күн сайын ақы есептелсе, бұл ақылға қонбайды. Бұл жерде нақтылайтын заңдық механизм керек», дейді сарапшы.

Ол сондай-ақ, сот шешімінен кейін кінәсіз деп танылған азаматқа көлігін айып тұрағынан тегін шығаруға мүмкіндік берілуі керек екенін атап өтті. Ал егер ол кезеңде ақы есептелген болса, сол шығынды кінәлі тарап өтеп беруі тиіс.

Айта кетейік, егер де тиісті түзетулерге қол қойылса, айып тұрағындағы төлемақыны әр өңірдің мәслихаты бекітеді. Сарапшы бұл бағаның екі шектен біріне ұрынбауын қалайды.

«Бұл тариф жүргізушінің қалтасын қағып, қиын жағдайға тап қылмауы тиіс. Бірақ, сонымен қатар, мемлекет көлікті тегін күзететін құрылым да болмауы керек. Орта жолды ұстану қажет – тәртіп орнататын, бірақ әділетті жүйе болуы керек», дейді ол.

Сарапшы халықаралық тәжірибеге де шолу жасады. Мысалы, АҚШ-та бір тәуліктік айып тұрағы үшін 20-60 доллар алынады. Оған қоса, эвакуатор құны 100-200 доллар шамасында. Германияда бұл сома 300 еуроға дейін жетеді.

«Яғни дамыған елдердің бәрінде айып тұрағы ақылы. Бірақ ол жерде жүйе ашық, баға айқын және жауапкершілік тең бөлінеді. Бізге де соны үлгі ету керек», деп есептейді сарапшы.

Жалпы айып тұрағын ақылы ету бір қарағанда әділеттілік орнатуға бағытталған қадам. Бірақ оның көлеңкелі жақтарын да назардан тыс қалдыруға болмайды. Сарапшылардың пікірінше, бұл жүйені енгізбес бұрын құқықтық негізін нақтылап, әртүрлі жағдайға арналған ережелерді ашық көрсету қажет. Заң бұзған жүргізуші де, жазықсыз жол апатына ұшыраған азамат та, барлығы бір ережемен жазаланса  бұл әділетсіздікке алып келеді.