
Фото: Видеодан алынған кадр
Естеріңізге сала кетейік, сотталушы Перизат Қайраттың өтініші бойынша сот оның айғақтары мен жеке деректерін жария етпеу мақсатында сот отырысын ішінара жабу туралы шешім қабылдады.
Прокуратура Қайратқа – 10 жыл, Алашбаеваға – 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, сондай-ақ олардың мүліктерін тәркілеуді сұрады.
Сотта анықталған деректерге сәйкес, 2021 жылдың қазанынан 2024 жылдың қарашасына дейін Қайрат пен Алашбаева «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қайырымдылық қоры арқылы мұқтаж жандарға арналған бірнеше бағыт бойынша қаражат жинаған. Атап айтқанда:
- Балаларға арналған оңалту орталығын салуға – 126,7 млн теңге;
- Палестина халқына гуманитарлық көмек көрсетуге – 566,5 млн теңге;
- Қазақстандағы су тасқыны зардаптарын жоюға – 2,8 млрд теңге.
«Жиналған қаражаттың жалпы сомасы 3,5 млрд теңге құраған. Аталған қаражат мұқтаж жандарға арналды, алайда Қайрат пен Алашбаева ұрланған ақшалай қаражатты қолданыстағы бизнесті сатып алу және су тасқынынан зардап шеккендерге тауарларды жеткізуге жалған мәмілелер жасау жолымен заңдастырды. Заңдастырылған ақшаға элиталық жылжымайтын мүлік, қымбат көліктер, сәнді заттар сатып алынған», делінген мәлімдемеде.
Сонымен қатар Қайрат Перизат әлеуметтік желілерде өзін табысты кәсіпкер ретінде көрсетіп, БАӘ-ге ет өнімдерін экспорттайтын отбасылық бизнесі бар екенін, шетелде жоғары білім алғанын хабарлаған. Бірақ іс материалдарына сәйкес, оның жоғары білімі жоқ және колледжден шығарылғаны анықталған.
Ғайни Алашбаева бұл қылмыстық схемаға белсенді қатысып, қызына банктік шоттарын берген және қайырымдылық жасаған азаматтарды адастыруда көмектескен.
Іс бойынша жәбірленуші ретінде 51 адам танылған. Прокуратура олардың атынан 1,5 млрд теңгеге талап арыз беріп, оны толық көлемде қанағаттандыруды сұраған.
«Бұл қылмыстық іс азаматтардың сеніміне қиянат жасау ауқымы бойынша елдегі ең ірі істердің біріне айналды және қайырымдылықты заңсыз әрекеттерге бүркемелеу ретінде пайдаланатындардың барлығына қатаң ескерту болуы керек», делінген мәлімдемеде.