
Жиналғандар алдымен бір минут үнсіздікпен қызмет барысында қаза тапқан ұландық жауынгерлерді еске алды. Содан кейін батыр сарбаздың әкесіне сөз берілді.
«Біздің баламыз алдымен бір жыл бойы өзін-өзі әскерге дайындады. Армияға өз ықтиярмен аттанды. Ол офицер болсам деп армандады. Бірақ оттай жалындап тұрған ұлымызды сұм ажал арамыздан ерте алып кетті. Ол Отанын қорғау жолында ерлікпен қаза тапты. Тағдырға көнбеске амал жоқ. Ең бастысы қайғылы оқиғалар қайталанбасын, әр сарбаз үйіне аман-есен оралсын. Ел аман, жұрт тыныш болсын», деді Е.Аманұлы.
Сондай-ақ батырдың анасы да жауынгерлер алдында сөз сөйледі.
«Кез келген жерде Ұлттық ұлан сарбазын кезіктіргенде ұлымды көргендей боламын. Әрқашан сендердің амандықтарыңды тілеп жүрген ата-аналарыңның көңілін қалдырмаңдар. Аналарыңа мүмкіндік болған кезде жиі-жиі хабарласып тұрыңдар. Менің Айбатым сендер секілді жауынгер болып, антына адалдық танытты. Ол маған жиі хабарласатын. Соңғы рет өмірден өтер алдында, яғни Жаңа жыл күні сөйлестік. Сонда батыр ұлымның дауысын ең соңғы рет естіген екенмін», деді ол.
Іс-шара барысында Айбат Аманов туралы деректі фильм көрсетілді.
«Ұлттық ұлан сарбаздары әрқашан елдік пен ерліктің асқақ үлгісін көрсетіп келеді. Сіздердің ұлдарыңыз – Отан үшін жанын пида еткен батырымыздың бірі. Оның антқа адал, сөзге берік нағыз жауынгер болғанын білеміз. Сондықтан осындай азаматты өмірге әкелген сіздердің алдарыңызда бас иіп, алғысымызды білдіреміз», деді 5573 әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Аслан Оразалин.