Қоғам • Бүгін, 09:35

Елге сенімі жоғары

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жастардың 85%-ы ел болашағына сеніммен қарайды. Мұндай қоры­тындыны Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты жүргізген республикалық сауалнама нәтижелері көрсетіп отыр.

Елге сенімі жоғары

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Сауалнама 11 шілде мен 12 тамыз аралығында ұйым­дас­­ты­рылған. Оған еліміздің 17 облысынан және республикалық маңызы бар – Астана, Алматы, Шымкент қаласынан 18 жастан асқан 8 мың азамат қатысқан.

Әлеуметтік зерттеуде респон­денттердің 75,9%-ы еліміз қазіргі уақыт­та дұрыс бағытта дамып келеді деп есеп­­тейтінін атап өткен. Сауалнамада қоғамдағы оптимизмнің деңгейін де анықтады. Ең жоғары сенім көрсеткіші 18 бен 29 жас аралығындағы азаматтар арасында тіркелген. Ал жас ұлғайған сайын болашаққа деген сенім біршама төмендей түсетіні байқалған. Мәселен, 61 жастан асқан респонденттердің тек 70,6%-ы елдің болашағына сенім біл­­дір­ген.

Бір қызығы, мемлекеттің даму бағы­тын оң бағалауда ауыл тұрғындары­ның көрсеткіші қала тұрғындарынан жоғары болып отыр. Бұл ауылдық жер­лер­де жүргізіліп жатқан әлеуметтік рефор­ма­лардың нақты әсерін аңғартса керек.

Елдің дұрыс бағытта дамып келе жатқанын қолдаған респонденттердің басым бөлігі қазірдің өзінде нақты жүзеге асырылып жатқан бірқатар маңызды реформаны атап өтті. Бұл ретте ауылдық және қала мектептерінің салыну мен жаңартылуы, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының іске асуы, БЖЗҚ-дан
қаражаттың бір бөлігін шешіп алу мүмкіндігі аталды. Одан бөлек көпшілігі мемлекеттік қызметтердің цифрлық форматқа көшуін, отбасының цифрлық картасын, әлеуметтік әмиянның бар екенін білетінін жеткізген. «Заң және тәртіп» қағидаты мен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акцияларын да ерекшелеп айтқан.

Бұл көрсеткіштер азаматтардың өз өмірінде нақты өзгерістерді байқап отырғанын дәлелдейді. Яғни жүргізіліп жатқан реформалар халықтың күнде­лікті тұрмысына тікелей әсер етіп, мем­лекет­тік саясатқа деген сенімді күшей­тіп, болашаққа деген оптимизмді арттырып отыр.

Экономикалық реформалар мен әлеу­меттік бастамалардың тиімді іске асуы ел басшылығына деген қоғамдық сенім­нің артуынан көрініс табуда. Сауалнама нәтижелері бойынша респон­денттердің 82,4%-ы Президентке сенім білдірген.

Сонымен қатар қоғамда патриоттық көңіл күйдің де айтарлықтай өскені байқалады. Зерттеуге қатысқан азамат­тардың 89,9%-ы Қазақстанмен және осы елдің азаматы болғаны үшін мақта­натынын айтқан. Оның ішінде 49,1%-ы «өте мақтанамын» десе, 40,8%-ы «мақта­на­мын» деп жауап берген.

Ел болашағына қатысты респон­денттердің көпшілігі еліміздің өңірлік қана емес, жаһандық деңгейде де көш­басшы бола алатын салаларын атап өткен. Мәселен, агроөнеркәсіптік сектор, цифр­ландыру және жасанды интеллект, энергетика, көлік және транзит, адам капиталды дамыту – ең перспективалы бағыт.

Зерттеу барысында қоғамдағы құн­дылық ұстанымдарға да талдау жасал­ған. Мәселен, сауалнамаға қатысқан азамат­тардың 80%-ы елімізде ЛГБТ насиха­тына заң жүзінде шектеу қоюды қол­дайтынын білдірген. Бұл қоғамның ұлт­тық құндылықтар мен дәстүрге бейім­ділігін көрсетеді.