Спорт • Бүгін, 11:05

Елімізде бокстан студенттер арасында әлем чемпионаты өтуі мүмкін

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан спортының беделін айқындайтын дода келесі жылы өтеді. Студенттердің жаһандық жарысы елімізде  бұған дейін 2006 жылы ұйымдастырылған еді. Араға 20 жыл салып, байрақты бәсекенің жалауы қазақ жерінде қайта желбірегелі отыр, деп жазады Egemen.kz. 

Елімізде бокстан студенттер арасында әлем чемпионаты өтуі мүмкін

Бокстан әлем чемпионатын Қазақстанда өткізуді Халықаралық университеттер спорты федерациясы ұсынып отыр. 28 қараша күні Қытайдың Макао қаласында Азия университеттік спорт федерациясының Бас Ассамблеясы өтті. Бұл жиынға Қазақстан ұлттық студенттер спорт одағының Президенті Қайрат Закирьянов та қатысты. Іс-шара аясында өңірдегі университеттік спортты дамытуға қатысты негізгі мәселелер, ынтымақтастық стратегиялары мен Орталық Азиядағы студенттік спорт жобаларын ілгерілетуге бағытталған жаңа бастамалар талқыланды.

Халықаралық университеттер спорты федерациясының Президенті Леонц Эдер Қазақстанның халықаралық ірі жарыстарды ұйымдастыруда тәжірибесі мол екенін айтты. 2017 жылы елімізде Бүкіләлемдік қысқы Универсиада жоғары деңгейде ұйымдастырылды.  

Бокстан студенттер арасындағы Әлем чемпионатын отандасымыз Геннадий Головкин басқаратын WORLD Boxing халықаралық ұйымның қолдауымен өткізуі мүмкіндігі жан-жақты қарастырылып жатыр.

Сондай-ақ Халықаралық университеттер спорты федерациясы 2029 жылғы Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындарын да Қазақстанда екінші рет өткізу мәселесін көтерді.

Бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Қайрат Закирьянов студенттер арасында әлем чемпионатын өткізу маңызды екенін айтты. «Бұл Халықаралық университеттер спорты федерациясы, басқа да халықаралық спорт ұйымдарының елімізге деген сенімі жоғары екенін айқындай түседі. Сондай-ақ елімізде бұған дейін де спорт түрлерінен әлемдік додалар ұйымдастырылып жүр. Мұндай ауқымды сайыстарды өткізуге тәжірибеміз де жеткілікті», деді Қ.Закирьянов. Сондай-ақ ол 2028 жылы Астанада студенттер арасында Combat бойынша Әлем чемпионатын өткізуге келіссөз жүргізіліп жатқанын да айтты.