Волонтер • Бүгін, 08:38

Қайырымдылықты қолдайтындар жеткілікті

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кейде ақысыз еңбек ететін ерікті азаматтарға сенімсіздік танытатынымыз бар. Ал шын мәнінде жұмыс кестесіне бағынбайтын олардың жұмысы ерлікпен тең. Өкінішке қарай, ел тұрғындарының 24 пайызға жуығы ғана волонтерлік ұйымдардың қызметінен жете хабардар екен.

Қайырымдылықты қолдайтындар жеткілікті

Сурет: inbusiness.kz

Қазақстан қоғамдық даму инсти­тутының зерттеуіне сүйенсек, ел аза­маттарының 23,9 пайызы ғана волонтерлік ұйымдардың қызметін біледі, ал 56,8 пайызы, яғни көпшілігі бұл қызмет туралы естіген. Қалған 19,3 пайызы волонтерлік бастамалар туралы ештеңе білмейді.

«Волонтердің әлеуметтік-демог­рафиялық портретін айтар болсақ, жоғары білімі бар, эконо­микалық жағдайы тұрақты, жұмыс істейтін немесе оқумен қатар еңбек ететін жастар. Сондай-ақ волонтерлер үлесі салыстырмалы түрде қала тұрғындары арасында көбірек. Гендерлік айырмашылық айқын емес. Психологиялық тұрғыдан волонтерлер өзін бақыттырақ сезінеді, болашаққа деген сенімі жоғары», дейді Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы Гүлсайран Нұртай.

Волонтерлер альтруистер ғана емес, олар жеке құндылықтарын қалыптастыруға, тәжірибе жинақ­тауға, әлеуметтік қарым-қатынас орнатып, өзін-өзі дамытуға ұмтылады. Көбіне волонтерлік қызмет ақылы жұмысқа жол салады, бұл жерде адам өзін жақсы жақтан көрсете алады, өзін түрлі қызмет аясында сынап көруге мүмкіндігі мол.

Ал халықтың қайырымдылық туралы хабардар болу деңгейіне келсек, азаматтардың 46,1 пайызы мұндай ұйымдардың жұмысы туралы жақсы біледі, 38,6 пайызы бұл туралы естіген. Ал ештеңе білмейтіндер үлесі – 15,4 пайыз.

Зерттеуге сәйкес, азаматтардың шамамен 24,8 пайызы қайырым­дылық қорларына мүлдем сенбей­тінін айтқан, яғни шартты түрде әр төртінші азамат сенімсіздік білдір­ген. Қайырымдылық қорлары­на толықтай сенетіндер үлесі де осы шамада – 26,4 пайыз. Ал респон­денттердің 45 пайыздан астамы қайырымдылық қорларына ішінара сенеді, атап айтқанда, олардың 29,6 пайызы тек кейбір қайырымдылық қорларына сенім білдірсе, 15,8 пайызы қорларға емес, қайырымдылықпен жеке айналысатындарға сенетінін айтқан.

Жалпы, кейінгі 12 айда респон­денттердің үштен екі бөлігі қайы­рымдылықпен айналысқан, адамдар көбіне тікелей мұқтаж жандарға көмектесуді жөн көреді. Ал қорлар арқылы көмектесетіндер үлесі – бар-жоғы 10 пайыз шамасында.

Зерттеу елдің барлық өңірін – Астана, Алматы, Шымкент қалала­ры мен 17 облыс орталығын, сондай-ақ ауылдық елді мекендерді қамтыған.

«2021 жылы жүргізілген зерттеумен салыстырсақ, кейінгі төрт жыл ішінде ел азаматтарының қайы­рым­дылық қызметіне деген көзқарасы түбегейлі өзгермегенін атап өткен жөн. Халықтың басым көпшілігі қайы­рымдылықты белгілі бір деңгейде оң қабылдайды. 2021–2025 жылдар аралығында әлеуметтік желілерді пайдаланушылар үлесі айтарлықтай артты, қолданбайтындар 15 пайыздан 5,1 пайызға дейін азайды. Алайда ондағы көмек туралы жазбаларды елемеу, оларды лайк, репост арқылы тарату деңгейі бұрынғы күйінде қалды. Сонымен қатар көмек туралы посттарға жауап ретінде ақшалай немесе мүліктік көмек көрсету біршама жиілегені байқалады», дейді Г.Нұртай.