
74 кило салмақ дәрежесінде бақ сынаған Нұрқожа Қайпанов бұған дейін Азия чемпионатын екі рет ұтқан. 2019 жылы Сиань және 2021 жылы Алматыда өткен жарыстарда алдына жан салмады. Одан бөлек қандасымыздың қоржынында әлем чемпионаты мен Дүниежүзілік әскерилер ойындарының күміс медалі бар. Бұл жарысқа Қайпанов жақсы бабында келген екен. Бастапқы белдесуінде ол Рио Олимпиадасының қола және Лас-Вегастағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындары мен құрлық біріншілігінде сан мәрте атой салған Өзбекстанның өте мықты балуаны Ихтиер Наврузовты бас көтертпей ұтты. Келесі айналымда әлем кубогы мен Азия чемпионатында үздіктер санатынан көрінген Қырғызстанның көкжалы Исламбек Орозбековті 15:8 есебімен еңсерді. Финалда Нұрқожа Парсы елінің өкілі Юнес Алиакбар Эмамичогаимен күш сынасты. Өкінішке қарай, шешуші бәсекеде Нұрқожа кеңінен көсіле алмады – 2:5.
86 кило салмақта сынға түскен Азамат Дәулетбеков осыдан бес жыл бұрын Нью-Делиде өткен сары құрлықтың басты додасында ақтық сынға алқынбай жеткенімен, шешуші тұста ирандық Алиреза Каримиге есе жіберген еді. Бұл жолы сол олқылықтың орнын толтыруға тамаша мүмкіндік туды. Ұланбатырда Дәулетбеков өзбекстандық Бобыр Исламов пен қырғызстандық Сайқабай Юсуповтың тас-талқанын шығарды. Екі белдесу де мерзімінен бұрын аяқталды. Финалда оны Депак Пуния күтіп тұрды. 22 жастағы үндістандық спортшы бағындырған белестер бір төбе. Осыдан үш жыл бұрын Нұр-Сұлтанда жалауы желбіреген әлем чемпионатында дәл осы спортшы күміс медальды мойнында жарқыратқан еді. Десек те, Депакқа қарсы өте сауатты тактика қолданған Азамат Моңғолияда өзінің мықтылығын мойындатты. Финалдық сайыста 6:1 есебімен басым түскен Азамат Азия чемпионы атанды.
Құрлық біріншілігінде үш рет жүлдегерлер санатына қосылған Әлішер Ерғалидің аса ауыр салмаққа ауысқанына аса көп уақыт бола қойған жоқ. Десек те, оның аяқ алысы жаман емес. Бұл жарыста түрікменстандық Шаттылық Немеляев (14:4) пен кореялық Йохен Чонды (9:6) жеңген Әлішер финалда Яадолла Мохаммадказем Мохебиге жол берді.
61 кило салмақтағы Ақбар Құрбанов қола медаль үшін кездесуде Бахрейннің туы астында өнер көрсетіп жүрген дағыстандық Алибег Алибеговтен (5:4) басым түсті. 92 кило салмақта күрескен Әділет Даулынбаев алғашқы айналымда ирандық қарсыласынан ойсырай ұтылса да, қола медаль үшін таласу мүмкіндігін сақтап қалды. Шешуші тұста ол жапониялық Такума Отсумен айқасты. Бұл бір финалға бергісіз айқас болды. Белдесу барысында қандасымыз тоғыз ұпай айырмашылығымен ұтылып жатты. Отсу енді бір ұпайға иелік етсе, айқын жеңіске жетер еді. Алайда сын сағатта намысына қамшы басқан Әділет қарсыласын алып ұрып, қос жауырынымен жерге қадады. Таза жеңіс!
Қазақстанның еркін күрес шеберлері Ұланбатырдағы Азия чемпионатын 1 алтын, 3 күміс және 4 қола медальмен қорытындылады. Жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте үшінші орынға табан тіреді. Ал көш басында – Иран құрамасы. Парсы елінің пехлевандары сегіз жүлдеге (6 алтын+1 күміс+1 қола) қол жеткізді. Екінші орындағы Жапонияның еншісінде алты медаль (2+0+4) бар. Үндістанның сайыпқырандары жеті рет (1+3+3) жеңіс тұғырына көтерілді. Сондай-ақ Моңғолия (0+2+0), Қырғызстан (0+1+4), Өзбекстан (0+0+3) және Оңтүстік Кореяның (0+0+1) оғландары Ұланбатыр көгінде өз елдерінің туларын желбіретті.
Сонымен, күрестің үш түрі бойынша Қазақстанның балуандары биылғы Азия чемпионатында 21 (5+8+8) жүлде олжалады. Дәл сондай көрсеткішке Жапония құрамасы да (10+2+9) қол жеткізді. Бірақ алтын медальды әлдеқайда көп жиған Күншығыс елінің өкілдері жалпы есепте алдымызды орап кетті. Сондай-ақ жүлделердің сапасы жағынан Иранның да (10+2+3) отандастарымыздан көші ілгері. Ал сары құрлықтың өзге мемлекеттері біздің артымыздан сығалап қалды.