Саясат • 26 Қаңтар, 2017

Қазақ­стан мен Жапония: Дерек пен дәйек

290 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінге дейін мемлекетаралық қарым-қатынас пен стратегиялық серіктестікті нығайту мақсатында Қазақ­стан мен Жапония арасында бекі­тіл­ген құқықтық-келісімшарт құжат­тары­ның саны 44-тен асып түседі.

Қазақ­стан мен Жапония: Дерек пен дәйек

Сурет: qazaqtimes.com

1998 жылы басталып, 2000 жылы аяқталған Ертіс өзенінің үстіне салынған Семейдегі аспалы көпір Қазақстан мен Жапония арасындағы достықтың нышаны. ТМД-дағы ең үлкен құрылыс нысаны саналатын көпірдің кеңістіктегі ұзындығы – 750 метр. Жалпы ұзындығы – 1086 метр де, ені – 35, ал биіктігі – 90 метр.

2000 жылы Токиодағы «Тама» зообағында Қазақстаннан Күншығыс еліне арнайы сыйлық – Қар барысы ресми түрде тарту етілді. Салтанатты жиында Жапонияның Сыртқы істер министрі Йохэй Коно Жапония­ның атынан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен бүкіл респуб­лика халқына ғажайып сый үшін алғыс білдіріп,  мәлімдеме жолдады.

2001 жылдың ақпан айында Қазақстанның Премьер-Министрі Иманғали Тасмағамбетов «Күлтегін» тарихи ескерткішінің көшірмесін жасату жөнінде келіссөздер жүргізу үшін Жапонияға арнайы сапармен барып, сол жылдың мамыр айында ескерткіш көшірмесі Астанаға жеткізілді.

2005-2015 жылдар аралығында Жапония Қазақстанға 5 млрд доллар инвестиция құйды. Ал 2015 жылда екі ел арасындағы тауар айналымы 1,4 млрд АҚШ долларын құраған.

2006 жылы 29 тамызда ядролық полигонның жабылу құрметіне Нагасаки және Семей қалалары арасында телекөпір ұйымдастырылды. Ал 2006 жылдың желтоқсан айында Жапония үкіметі БҰҰ-мен бірлесе Семей өңіріне 2 млн доллар көлемінде арнайы грант бөлді.

2011 жылдың 11 наурызда Жапо­ния­ның солтүстік-шығысында болған алапат жер сілкініс пен жойқын цунами 20 мыңға жуық тұрғынның өмірін қиды. Жапониядағы зілзаладан зардап шеккен халыққа Қазақстан үкіметі Күншығыс елінің Қызыл Крест қоғамы арқылы 1 млн доллар қаржылай көмек көрсетіп, 33 тонна ет-консерві өнімдерін жіберді.

Елбасының 2016 жылғы қараша айында Жапонияға сапары кезінде болат өнімдеріне негізделген Tokyo Rope Almaty компаниясы ашылған. 2016-2020 жылдар аралығына арналған жобаның инвестиция көлемі 70 мил­лион долларды құрайды.

Астанада ашылатын ЭКСПO-2017 көр­месіне Жапония жеке павильонын жабдықтап, келу­ші­лерді қарсы алуға дайындық үстінде. «Бола­шақ­тың энергиясы» деген тақырыпта өтетін халықара­лық ауқымдағы көрмеде Жапония ғажайып техноло­гияларын жұртшылыққа таныстыруды көздеуде.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Хоккайдо университетінің құрметті профессоры Кандзи Фудзий Орталық Азияға жасаған сапары аясында Қазақстанға арнайы келді. Бұл екі ел арасындағы ғылыми-мәдени бағыттағы байланыстардың қайнар бастауына айналып, бүгінгі таңда екі елдегі ЖОО маман даярлау ісінде терең әріптестік орнаған.

Соңғы жаңалықтар

Панфиловке баратын жол жаңарды

Инфрақұрылым • Кеше