Тағзым • 02 Сәуір, 2025

Қайсар қайраткерге құрмет

56 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтің есімін қарағандылықтар дәстүрлі түрде ұлықтап келеді. Сөзімізге жыл сайын үздіктерге табысталатын Тәшенов атындағы жүлде дәлел. Жақында қаладағы «Достық» үйінде «Жұмабек Тәшенов: Тұлға. Тарих. Тағылым» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Тағылымды кеште тұлғаның 110 жылдығына арнайы шы­ғарылған «Жұмабек Тәшенов» жинағының тұсауы кесілді. Жаңа жинаққа қайсар қайраткер жайында естеліктер, мақалалар мен ­ой-тол­ғамдар енген.

Қайсар қайраткерге құрмет

Ғылыми конференцияға еліміздің түкпір-түкпірінен келген ғалымдар мен қай­рат­керлер Тәшеновтің елі үшін жа­са­­ған ерлігі, жері үшін қабыл­даған батыл шешімі жөнінде сөз қозғады.

– Жұмабек Ахметұлы өзінің саяси күресі мен қайыспас ерік-жігері арқылы еліміздің шекарасын қорғап, мемлекеттік тұтастықты көздің қарашығындай сақтауға, халқымыздың мәдениеті мен тілін дамытуға аянбай еңбек еткен тұлға. Арқа жерінде Ж.Тәшеновке арналған танымдық іс-шаралар жыл сайын өтеді. Оның ішіндегі ауқымдысын Ж.Тәшенов атындағы жүлде дер едік. Сонымен қатар Қарағанды қаласының №54 мек­тебіне Жұмабек Ахметұлының есімі берілгені де көңіл қуантады. Осындай игі іс-шаралардың өткізі­луіне мұрындық болып, басы-қасында жүрген, әртарапты қолдау көр­сеткен барлық азаматтарға, оның ішінде руханият жанашыры Айт­бай Жұмағұлға алғысымды біл­­­ді­ремін, – деп лебіз білдірген облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей конференцияны ресми ашып берді.

Асылдың сынығы, тектінің тұяғы Саян Жұмабекұлы әкесінің өнегелі жолын әңгімелемес бұрын, ұлт батырының есімін ардақтап жатқан Арқа жұртына алғысын білдірді.

«Қарағанды – менің ата-ба­бам­ның туған жері. Әкемнің түп-тамыры осы жерден бастау алады. Сондықтан бұл ел маған ыстық. Он бес жасымда әкемнен: «Мен неге бастықтың баласымын? Неге еркін, жұрт қатарлы керзі етікпен жүре алмаймын?», деп сұрадым. Жауабы әлі есімде. «Егер сен өзгелерден ерекше болғың келсе, тек ақылыңа жүгін, киіммен бөлектену ақылдының ісіне жатпайды» деген болатын. Міне, сол сөзі өмірлік қағидама айналды. Біздің үйіміз оқу уақытында студенттер жатақханасы тәріздес ығы-жығы болатын. Білім алуға ұмтылған өрендердің бетін қайтармай, үйге жатқызуының өзі бауырмалдықтың өшпес үлгісіндей. Әкемнің ай сайынғы алатын жалақысы үйге қажетті тұрмыстық заттарға, тамақ шығынына, өзге де қажеттіліктерге жұмсалатын. Салым ақша немесе болашақта керек болып қалады-ау деген мақсатпен қосымша табыс көзі бізде атымен болған емес. Әкем жұмыстан босағанда көрпе-төсегімізден өзге бізде ешнәрсе қалмады, өлең төсегімізге балайтын өз пәтеріміз де, арқамызды кеңге салуға жарайтын дүние-мүлкіміз де болмады. Басымыздағы бас­панамыз да әкемнің қызметімен бірге кетті. Өзінің емес, елдің қамын ойлағандығы бүгінде аңызға айналды», деген ұлының естелігінен әкеге деген сағыныштың лебі есті.

Алғаш баяндама жасаған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­­­тық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов қайраткер тұлғаның бес бірдей облысты аман алып қалғаны жөнінде әңгімеледі.

«Ар-намыстан жаралған өткір зейінді оғлан, ой-парасат иесі Жұмабек Тәшеновтің «Никита Сергеевич, егер Жоғарғы Кеңес әр рес­публиканың жерлерін жер­гілікті орындарсыз шеше беретін болса, КСРО-ның және ұлт респуб­ликаларының конституция­сын жою керек қой. Ал ол Конс­титу­ция­ла­рының заңдарында әр ұлт респуб­ликасы өзінің тарихи жерін, онда­ғы табиғи байлығын өз меншігім деп пайдалануға құқығы бар. Оны өзге­р­туге ешкімнің, ешбір органның құ­қығы жоқ», дегені – көзсіз ба­тыр­лық!» деп ойын түйіндеді ғалым.

Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әуесбаев Тәшеновтің мәңгілік мұрасына айналғалы тұрған кітапқа құтты болсын айтты.

«Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Нұрсахан Бейсенбекова Ж.Тәшеновтің қоғамдық саяси қызметі жөнінде, тарих ғылым­да­рының кандидаты Қанат Еңсенов Оңтүстік Қазақстан аудандары үшін күресі турасында баяндама жасады.

Тәшеновтанушы Ерекболат Қабылда, педагогика ғылым­дары­ның кандидаты Жабай Қалиев, филология ғылымдарының кандидаты Қайырбек Кемеңгер, филология ғылымдарының кандидаты Саржан Такиров баяндамаларында Жұмабек Ахметұлының тарихи тұлғасын жан-жақты ашты. Тау тұлғаның саяси қызметін Алаш идеясымен сабақтастырды. Көркем әдебиеттегі Тәшеновтің бейнесі жөнінде де сөз қозғалды.

Конференция соңын Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола об­лыс­­­тық Қазақ музыкалық-драма театры Қазақстанның халық әртісі, бел­гілі драматург Ерсайын Төлеу­бай­дың «Алдаспан» драмасымен түйіндеді.

 

Қарағанды облысы