
Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Дарем университетінің зерттеушісі Келли Якубовски бұл құбылысты «еріксіз музыкалық жад» деп түсіндіреді. Яғни адам ән тыңдамаса да, миы сол әуенді қайталай береді. Көбіне мұндай әуендер – бұрыннан таныс, бірнеше рет тыңдалған, сөзі мен ырғағы қарапайым, тез жатталатын әндер болады. Әннің санаға орнығып қалуына бірнеше себеп бар. Біріншіден, қайталанатын әуен – тез жатталады. Екіншіден, ол ән сіздің көңіл күйіңізбен үйлесіп тұрса, ми оны байланыс ретінде сақтап қояды. Мәселен, көңіліңіз көтеріңкі кезде тыңдаған әнді, жайдарыланып тұрғанда айтып отырасыз. Тағы бір қызық жайт – белгілі бір сөзбен, адаммен, оқиғамен байланысты әндер жиі еске түседі. Осылайша, ми өзі жақсы көретін не үйреніп қалған әуенді қайта-қайта еске түсіріп отырады. Мәселен, «Сағындым Алматымды» деп еріксіз ыңылдап отырсаңыз, әлдебіреу есіңізге түскен шығар. Мұндай сәттерде ән – жай ғана ән емес, жүрек тілін сөйлеткен естелік болуы мүмкін. Калифорния университетінің зерттеушісі Мэтт Эванс бұл құбылыс адамның ассоциативтік жадының жұмысы екенін айтады. Ғалымдар бұл күйден арылғыңыз келсе, жаңа ән тыңдау керек дейді. Себебі жаңа ән санадағы ескі әуенді ұмыттырады.