
Түнгі ұйқы – жай ғана демалыс емес. Ол – адамның жүйке жүйесін тынықтырып, ойлау қабілетін жаңартып, бүкіл ағзаны қалпына келтіретін ең маңызды мезет. Алайда осы тыныштықты ең алдымен смартфондар бұзып отыр. Ғалымдардың айтуынша, жастар арасында ұйқы бұзылысының басты себебі – әлеуметтік желіге тәуелділік.
Бұрын тек экран жарығының ұйқы сапасына әсер ететіні айтылса, қазір мәселе тереңдей түскен. Қазір басты қауіп экраннан ғана емес, әлеуметтік желілердегі контент пен адамның оған эмоциялық байланысынан туындап отыр.
2024 жылы жүргізілген ауқымды зерттеулер осыны дәлелдеп отыр. Әлеуметтік желілерге жиі кіру, ондағы ақпараттарды шектен тыс тұтыну – ұйқыны бұзатын негізгі фактор. Адам неғұрлым телефонға көп қараса, ми соғұрлым демалмайды.
Желіде отырған адам жатып алып өзгелердің өмірін бақылап, өзін өзгемен салыстырады. Нәтижесінде: «Мен жетістікке жеткен жоқпын», «Басқалар бәріне үлгеріп жатыр?» деген мазасыз ойлар миға орнығып алады. Ғалымдар мұны когнитивті белсенділік деп атайды – яғни ми тыныш күйге көше алмай, белсенді күйде қалып қояды. Ал ол ұйқыны бұзады.
Сонымен қатар әлеуметтік желіге кіріп, жаңалық қарамаса, бірдеңеден құр қалғандай күй кешу де ұйқыны бұзатын негізі фактор. Бұл – FOMO синдромының көрінісі. «Бір нәрседен қалып қоймаймын ба?» деген қорқыныш адамды телефоннан алыстатпайды. Соның салдарынан ұйқының ұзақтығы қысқарады, сапасы төмендейді. Ал ұйқысы қанбаған адамның ойлау қабілеті әлсірейді, шыдамсыз бола бастайды.
Мамандар ең алдымен, ұйықтардан кемінде бір сағат бұрын телефонды қолданбауға кеңес береді. Бұл кезде адам миын тынышталып, ағзасын ұйқыға дайындайды. Сонымен қатар жағымсыз жаңалықтар мен мінсіз өмір туралы жазбалардан оқымау маңызды. Әр қосымшаны ашқан сайын өзіңізге: «Мен неліктен дәл қазір осыны аштым?» деген сұрақ қою бұл ойсыз әрекеттердің алдын алады екен.
Ұйқының маңызын зерттеуші нейробиолог Мэттью Уолкердің айтуынша, ұйқы – жай ғана физиологиялық қажеттілік емес. Ол – адамның ішкі әлемінің тыныштығы, жан дүниесінің тепе-теңдігі, өмірге деген құлшынысының кепілі. Түнде телефон ұстамау – көзді ғана емес, ойды да, жүректі де тынықтырады. «Ұйқы арқылы біз күндізгі ауыртпалықтан арылып, ішкі әлемімізді қалпына келтіреміз», дейді ғалым.