Оқу-ағарту министрлігінің таратқан ақпаратына сүйенсек, шетелдік белді жоғары оқу орнының грантын олжалаған оқушы бүгінде Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алып жүр. Енді мектептегі оқуын бітірген соң, өзін шақырған Пенсильвания университетінде грантта оқи алады. Аталған университет Айви Лигасына (Ivy League – Американың және әлемнің ең үздік жоғары оқу орындар қауымдастығы) кіреді. Қауымдастық құрамындағы білім ордалары ондағы оқыту сапасының жоғарылығымен ерекшеленеді, қауымдастықтың құрамында Гарвард университеті секілді беделді оқу ордалары бар.
Иманәлінің роботтехникаға деген қызығушылығы 7-сыныпта басталған. Соның ішінде халықаралық «First Global Challenge» (FGC) байқауына қатысуы оның бұл бағытқа деген құштарлығын еселей түскен. «Сингапурдағы FGC – 2023-те инженер болудан бөлек, матчтар кезінде жүргізуші болдым және роботты басқардым. Бұл стреске төзімділікті қажет етеді. Жарыста 194 елдің арасында өнер көрсетіп, бірінші орын алдық. Бұл команданың ауызбіршілігі, табандылығы мен тынымсыз еңбектің нәтижесі екенін көрсеттік», дейді Иманәлі.
Дәл сол уақытта Қазақстан құрамасы роботтехника бойынша екінші рет әлем чемпионы атанған еді. Дарынды оқушы инновациялық жобаларды әзірлеумен де белсенді айналысып жүр. Мәселен, ол есту қабілеті нашар адамдарға арналған ақылды сағат жасап шығарды. «Бұл сағат есту қабілеті нашар адамдарға вибрация арқылы күмәнді немесе қауіпті дыбыстар туралы ескерту береді. Мен мұқтаж адамдардың өмірін жақсартатын технологияны жасағанымды мақтан тұтамын», дейді 17 жастағы чемпион.
Иманәлі болашақта еліміздің технологиясы мен экономикасын дамытуға үлес қосқысы келеді. Сондықтан Пенсильвания университетін таңдап отырғанын жеткізді. «Wharton School» бизнес мектебі әлемде бірінші орында болғандықтан осы университетті таңдадым. Университет тек білім беріп қана қоймай, студенттердің әлеуметтік өмірін дамытады, бұл маған өте маңызды. Мен алған білімімді өз елімнің дамуына пайдалану үшін жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін еліме оралуды жоспарлап отырмын. Менің оқиғам жастарды өз армандарына ұмтылуға және ешқашан берілмеуге шабыттандырады деп үміттенемін», деді И.Көксал.