• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Білім 30 Қаңтар, 2025

Инженер мамандарды даярлау түйткілі

90 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы былтырғы 12 сәуірдегі Ғылым және тех­­но­­­ло­гиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында ха­лық­­ара­лық стандарттар мен тәжірибені ескере отырып, инже­­нерлік кадр­ларды даярлаудың ұлттық моделін әзірлеуді тап­сырды. Тап­сыр­маны іске асырудың барысы қандай? Бұл туралы Орталық ком­му­ни­кациялар қызметінде өткен брифингте баяндалды.

Жиында сөз алған Жоға­ры және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова инженерлік мамандықтарды заманға сай сапалы даярлауда біраз түйінді түйткіл барын айтты. Сол мәселелерді шешу үшін бірқатар жұмыс қолға алын­ғанын жеткізді. Бұл 100 мыңнан аса болашақ инженер кадрларына қатысты болып отыр. Өйткені қазір 54 жо­ғары оқу орнында 100 мыңнан аса студент инженерлік бағыттар (бакалавриат, магистратура, докторан­турада) даярланып жатыр.

«Қазақстанда инженерлік білім беруде ЖОО-ның материалдық-тех­никалық базасының ескіруі, ЖОО мен экономиканың нақты секторы арасындағы байланыстың жеткі­ліксіздігі, жастар арасында инже­нерлік мамандықтардың тартым­ды­лығының төмендігі секілді бірқатар мәсе­ленің бар екенін мойындай­мыз, мұны  шешу үшін қазірдің өзін­де біршама бастама жүзеге асы­ры­лып жатыр. Жаңа модель мектептерде инженерлік сыныптардың ашылуынан бастап ерте кәсіптік бағ­­дарлауды, сондай-ақ техникалық жо­ғары оқу орындарының өндіріс­пен толық интеграциясын көздейді. Екін­­­ші­ден, Мемлекет басшысының тап­­сыр­масы шеңберінде 2024 жыл­ғы 1 қыркүйектен бастап, 8 ЖОО базасында ірі өндірістік компаниялармен («Үлбі металлургия зауыты» АҚ, «Қазмырыш» ЖШС, «ҚТЖ Жүк тасымалы» ЖШС (Павлодар бөлімше­сі), «Ақсу ферроқорытпа зауыты» Қаз­хром ТҰК АҚ, ЖШС, «Кастинг» және т.б.) бірлесіп «индустриялық РhD» (өндірістік РhD) бойынша дайын­дық басталды. Бүгінде 94 докторант қабылданды. Докторанттар кәсіпорындардың нақты міндетте­рін шешуге бағытталған зерттеулер жүргізеді және кәсіпорындар үшін қажетті ұсыныстар әзірлейді. Осы бағ­дарлама бойынша докторант­тар санын біртіндеп ұлғайту қарас­ты­рылған», деді Г.Жарасова.

Министрлік өкілінің баяндауы­на қарағанда, инженерлік білім­дегі түйткілдердің түйінін тарқату жұмыстарының үшінші бағыты – шетелдік әріптестік арқылы сапалы кадр даярлау. Елімзде ашылған шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарының бағдарламалары мен мамандықтарының басым бө­лігі техникалық бейіндегі кадрлар­ды даярлауға бағытталған. Жалпы, ше­телдік серіктес университеттер­ді іріктеуде жекелеген салалардағы экономикалық қажеттілікке, сондай-ақ өңірлердің сұраныстары мен ұсыныстары ескерілді. Мысалы, Heriot Watt University Британдық жоғары оқу орнының филиалы Ақтөбе университетінің базасында «Электртехника және энергетика», «Тау-кен ісі және пайдалы қазбаларды өндіру» бойынша кадр­лар даярлау үшін құрылды. Тараз университе­ті­нің базасындағы РХТУ филиалы Химия және химиялық техно­ло­гиялар саласында кадрлар даяр­лай­ды.­ Бұл тәсіл түлектерге жер­гі­лік­ті кәсіп­орындардың сұранысына ие болуға, сондай-ақ халықаралық дең­гей­де бәсекеге қабілетті болуына мүм­кіндік береді.

«Төртіншіден, инженерлерді даярлаудың жаңа моделі білім бағ­дарламаларын әзірлеуден бастап өндірістік тәжірибеден өтуге және кейін жұмысқа тұруға дейінгі жұмыс берушілермен тығыз байланысқа негізделген. Өткен жылы ғана білім бағдарламаларының 71%-ы қазіргі еңбек нарығының талаптарына сай жаңартылды. Еліміздің маңызды сала­­ларының екеуіне тоқталып өте­йін. Бұл – атом энергетикасы және су саласы. Атом энергетикасы үшін кадрлар даярлау «Қазатомөнеркәсіп» және басқа да осы саладағы кәсіби ұйымдармен, бейінді министрлікпен ынтымақтастықта жүзеге асырылды. Су саласына келсек, Мемлекет бас­шысының 2024 жылғы 12 сәуір­­дегі тапсыр­масына сәйкес Тараз гидро­ме­лио­ративтік-құрылыс институтын қалпына келтіру мақсатында «Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті» жаңа ЖОО құрылды. Қазіргі уақытта бұл университет бас лицензия алды. Аталған университет Финляндия университетімен, Өзбекстан­ның су саласындағы ұлттық зерттеу уни­вер­­ситетімен ынтымақтастықты және бірлескен білім бағдар­ла­маларын іске асыру жөніндегі жұмысты жалғастырады. Бүгінгі таңда су саласы үшін кадрлар даярлау еліміздің 9 жоғары оқу орнында жүргізіліп жатыр», деді Г.Жарасова.

Оның айтуынша, бесіншіден, жаһандық контексте мамандықтар мен құзыреттер үнемі жаңа­рып отырады, мүлдем жаңа маман­дық­тар пайда болады.  Сондықтан қазір ин­­же­­нерлерді даярлаудың бағдар­ламаларына кәсіби қызметте жасанды интеллектіні (ЖИ) қол­дануды оқытатын пәндер енгізілді, соны­мен қатар университеттегі барлық мамандықта білім алатын сту­денттерге ЖИ қолдану дағдыла­ры арнайы пән ретінде оқытылады. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін шетелдік же­текші университеттермен бірле­сіп 3 ЖОО базасында ЖИ саласында кадрлар даярлау қамтамасыз етілді. Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­вер­ситеті Сеул Ұлттық ғылым және тех­но­логиялар университеті­мен (SeoulTech), Сәтбаев универси­­те­ті City University of Hong Kong (CityU) бірлесіп, Д. Серікбаева ШҚТУ-мен Лу Бань шеберханасының базасында ЖИ саласының мамандарын даярлаудың жаңа бағдарламалары енгізілді. Осыған ұқсас жұмыс басқа жоғары оқу орындарында да (Astana IT University, ХАТУ және басқалар) жүргізіліп жатыр.

Баспасөз жиынында баяндама жасаған Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің академиялық басқару жөніндегі вице-провосы Нұрлан Қызылбаев өзі еңбек ететін ЖОО-да инженерлік кадрлар даярлау жаңа моделі туралы тарқатып айтты. Оның пікірінше, қазіргі ғылым, технологиялар және өнеркәсіп сала­ларындағы заманауи сын-қатер­лер инженерлерден жо­ғары білікті­­лік­ті, инновацияларға дайын­дықты және жедел өзгерістерге бейім­делу қабі­летін талап етеді. Осы талап­тарға сай болу үшін университет­тер білім бағ­дар­ламаларын жаңартуы қажет.

«2024 жылдың қыркүйек айынан бастап Satbayev University және ШҚТУ жаңа инженерлік білім беру моделін енгізді. Алдағы уақытта бұл модельге тағы үш университет қосылады, содан кейін тәжірибе бүкіл ел бойын­ша таратылады. Осы модель аясында Satbayev University білім бағ­дарламаларын еңбек нары­ғының талаптарына сәйкес бейім­деп жатыр. Роботтехника, жасанды интеллект, тұрақты даму және цифрлық технологиялар бойынша жаңа курстар, заманауи зертханалар мен ғылыми орталықтар ашылып, инновациялық білім беру технологиялары (онлайн-курстар, симуляторлар, виртуалды шындық) енгізілді. Satbayev University АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Корея елдерінің оқу орындарымен келі­сімдер жасасты, оның ішінде The Pennsylvania State University, City University Of Hong Kong бар. Өнер­кәсіппен серіктестік те ма­ңыз­ды рөл атқарады. «Astana Motors», «Alageum Electric», «KAZ Minerals», «Самрұқ-Энерго» сияқты ірі компаниялармен бірлескен жобалар, өндіріс­­тік практика және тағы­лым­да­малар жүргізілді. Дуалды оқытуды енгізу маңызды аспект саналады, студенттер нақты кәсіпорындар­да тәжіри­бе жинақтайды. Қазір­гі уақытта се­ріктес компаниялар­­­­­­дың базасын­да 29 кафедра филиалы құрылды», ­ деді Н.Қызылбаев.

Спикердің айтуынша, аталған университетте кәсіпкерлікке бағыт­талған 25 инженерлік жоба жүзе­ге асырылып жатыр. Ал Satbayev University ұсынған «Өндірістік PhD»­ бағдарламасы «Kaz Minerals», «Сам­рук-Энерго» және басқа да се­рік­тес компаниялардың мамандарына арналған. Университет энергетика, металлургия, тау-кен инженериясы және мұнай-газ саласында мамандар даярлау үшін «Қазмыс», «Қазатомпром», «ҚазМұнайГаз» сияқты өнеркәсіптік компаниялармен белсенді ынтымақтастық орнатып отыр.

Соңғы жаңалықтар