
Қазақ-француз коллоквиумының тарихы осыдан 40 жылдай бұрын, 1986 жылы басталған. Новосібірдегі академқалашықта француз логигі әрі лингвисі Брюно Пуаза мен қазақ ғалымы Төленді Мұстафин алғаш рет жүздесіп, өзара құрмет пен ғылыми қызығушылық негізінде ерекше серіктестікке жол ашты. Сол кездесудің нәтижесінде 1990 жылы Алматы мен Қарағандыда алғашқы қазақ-француз коллоквиумы өтті. Содан бері конференция географиясы кеңейіп, жыл сайын түрлі мемлекетте ғылыми басқосулар ұйымдастырылып келеді.
1994 жылы Төленді Ғарифұлының өмірден өтуіне байланысты коллоквиум жұмысы уақытша үзіліп қалған еді. Алайда профессор Бруно Пуазаның бастамасымен форум 2000 жылы Қарағандыда қайта жанданды. Биыл да өзінің шәкірттері мен ғылыми ізбасарларын ертіп келген Бруно Пуаза жастар арасындағы ғылыми байланысты нығайтуға зор үлес қосты. Ол қазіргі таңда Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың құрметті профессоры.
«Ғылымда шекара болмауы керек. Сол себепті бұл коллоквиум оқу ордамыздың механика-математика факультетінде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Біз Бейжің университеті, Жоғары экономика мектебі, Мәскеу мемлекеттік технологиялық институты, Новосібір мемлекеттік университеті, сондай-ақ Лион университетінің көрнекті ғалымдарын қарсы алғанымызға қуаныштымыз. Конференция барысында тың ғылыми жаңалықтар айтылатынына сенімдімін», деді Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай.
Айта кетейік, биылғы коллоквиумға 70-тен астам қатысушы жиналды. Олардың қатарында Қазақстан, Франция, Ресей, Өзбекстан, Қытай, Испания және басқа да мемлекеттердің ғалымдары бар. Конференция бағдарламасында классикалық модельдер теориясымен қатар, қазіргі заман талабына сай тақырыптар – криптографиядағы логикалық әдістер, алгоритмдік құрылымдар, логика мен тіл байланысы, жасанды интеллект контексіндегі дәлелдер теориясы сынды өзекті салалар қамтылды.