
Жергілікті әкімдік пен құрылыс саласына жауапты құзырлы мекемелер заңсыз құрылыс тұрғызып жатқандарды бақылаудан шығарып алғаны соншалық, тұрғындарға жаңа үйлерден пәтер аларда құрылыстың талапқа сай салынғанын тексеріп алуды ұсынып отыр. Өңірлік сәулет және қала құрылысы басқармасының мамандары тұрғындар алданып қалмауы үшін саналы әрекет етуі керек деп санайды. Былай қарасаң, парадокс. Екінші тұрғыдан, тұрғын үй құрылыс саласы бүгінде алаяқтар құратын қаржы пирамидасына ұқсап барады. Үлескер ретінде үй тұрғызушы компанияға миллиондаған теңгеңізді құйып, соңынан пәтерсіз қалуыңыз бек мүмкін. Оның бірнеше нақты көрінісі жуықта Павлодарда қылаң беріп те үлгерді. Естай көшесі, 102 және Қамзин көшесі, 102 мекенжайлары бойынша тұрғызылып жатқан көпқабатты үйлерде өрескел заң бұзушылықтар тіркеліп, сот шешімімен құрылыстарды ысырып тастау туралы қаулы шығарылды.
– Басқарма мамандарымен өңірдегі құрылыстарға мониторинг жасалып, заңдылығы бақылауға алынып жатыр. Өкінішке қарай, кейбір құрылыс нысандарының ешбір құжатсыз салынып жатқаны назарымызға ілікті. Жаңадан тұрғызылып жатқан бірнеше ғимаратқа Павлодар қаласы әкімдігінің талап-арызы негізінде олардың құрылысын тоқтатып, ысырып тастау туралы сот шешімі қабылданды. Құрылысты жүргізіп жатқан фирмалар өз беттерімен шешім қабылдап, тиісті органдардан рұқсат қағаздарын алмаған. Естай және Қамзин көшелері бойындағы екі бірдей тұрғын үй құрылысы заңсыз деп танылды. Сондықтан азаматтар жекелеген құрылыс жүргізуші компаниялардан пәтер алуды жоспарлап жүрсе, ең әуелі «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңына зер салып, ғимараттардың талапқа сай келетінін тексеріп алуы керек. Бұл үшін жергілікті әкімдікке хабарласса болады, – дейді өңірлік сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бақытжан Әлімғазинов.
Жалпы облыс орталығында заңсыз салынып жатқан 50-ге жуық құрылыс бар болса, соның 30-дан астамы тұрғын үй ғимараттарына қатысты. Былтыр Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Павлодар қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің қызметіне қатысты жемқорлық тәуекелдері бойынша талдау жүргізіп көрген екен. Антикордың қызметкерлері мекемедегі қаттаулы құжаттардың бетін ашқанда, өз көздеріне өздері сенбепті. Мекемеде өрескел заң бұзушылықтардың көбейіп кеткені соншалық, олардың ауқымын санап бітпейтінін айтады облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің мамандары.
Бір қызығы, өзен жағалауынан ебін тауып жер алып, 4-6 қабатты үйлер салып жатқандардың қатары азаяр емес. Кәсіпкерлікті тексеруге қатысты мораторийдің салдарынан құзырлы органдар құрылыс фирмаларын тексере алмаймыз деп бармақтарын шайнайды. Қызыл жолақта тұрған құрылыстар негізінен төрт қабатты, 8 немесе 12 пәтерлі болып тұрғызылады. Оларды қаржыландырып отырған – жеке үлескерлердің өзі. Әлгі нысандарға рұқсат құжатының қалайша беріліп кеткені де беймәлім. Антикор қызметкерлері мемлекеттік органдарда бұл бейбастақтыққа жол берген мемлекеттік қызметшілерді анықтау қиынға соғатынын айтады. Сондықтан қадағалауға, шектеу қоюға қауқарсыз.
«Әділдік жолы» РҚБ Павлодар облыстық филиалының жетекшісі Нұргүл Қайырденованың айтуынша, ойына келгенін істейтін құрылыс компаниялары небір құйтұрқы әрекетке баратын көрінеді. Ең әуелі салынатын нысанның бастапқы мақсатын өндірістік немесе сауда нысаны ретінде көрсетеді. Мемлекеттік органдардан рұқсат алған соң мақсатын өзгертіп, салынатын нысан аяқ астынан тұрғын үй ғимараты болып шыға келеді. Ал оны тексеріп жатқан ешкім жоқ. Мысал үшін Луговая көшесіндегі құрылыс жүріп жатқан учаске 2021 жылдың қазан айында көкөніс қоймасы деп көрсетілген. Арада үш ай өткенде қала әкімдігі оны көпқабатты тұрғын үй құрылысын салуға берілді деп жобаны бекітіп жіберген.
Тағы бір мәселе, құрылыс компаниялары мемлекеттік органдар тарапынан тыйым салынғанына қарамастан, біраз уақыт өткен соң учаскелерді өзгенің атына рәсімдеп құрылысты қайта жалғастырады. 2021 жылы жаз айында Торайғыров көшесі, 75/3 мекенжайында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйдің төбе бетондары құлап, сол жерде жұмыс істеп жатқан өзбекстандық 3 азамат мертіккен еді. Оқиғадан соң құзырлы мекемелер құрылысты тоқтатып, ысырып тастау туралы ұйғарымға келген. Кейін бұл мәселенің беті жабылып, тыныштық орнады. Сөйтсек, өткен жылы әлгі жерге екінші бір фирма келіп тұрғын үй тұрғызған. Бұл аумақ өте тар, балаларымыз ойнайтын алаң жоқ деп ересектер шағымданып келген. Алайда олардың шағымына жергілікті әкімдік назар аудармағанға ұқсайды. Бүгінде алақандай ғана жерде бір емес, екі бірдей тұрғын үй бой көтерген. Аумақта бұрыннан тұрып жатқан пәтер иелерінің сөзінше, әлгі жаңа үйлерге жергілікті прокуратура органдарының қызметкерлері де үлескер болып отырған көрінеді. Тіпті, 2021 жылы құлап қалған құрылыста да олардың еншісі болған. Құрылыс компаниясының өкілдері жағдай тыншыған соң әлдебіреулердің ықпалымен өз мақсаттарын жалғастырып, үйді салып шыққандарына көпшілік қайран қалып отыр. Бұл қос үйдің шынымен заңды салынғанына күмән мол. Сондықтан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі мәселені зерделеп, үлескерлердің шын мәнінде кімдер екенін тексеріп көрсе, көп мәселе айқындалар еді деп ойлаймыз.
ПАВЛОДАР