Шахмат • 01 Қараша, 2024

Әлемнің үздік шахматшы қыздары Шымкентте бас қосты

57 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Шымкентте «KazChess»/Қазақстан шахмат федерациясы Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ), «Freedom Holding Corp» компаниясының қолдауымен әйелдер арасындағы 2024–2025 жылғы ФИДЕ Гран-приінің 2-кезеңі басталды. Бұл ауқымды турнирге қатысуға әлемнің мықты 10 шахматшы қызы Шымкентке жиналды. Олардың арасында Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы – 45-шахмат олимпиадасының күміс жүлдегері Бибісара Асаубаева да бар.

Әлемнің үздік шахматшы қыздары Шымкентте бас қосты

Қомақты жүлдеге таласады

Турнир 8 қарашаға дейін жалғасады. Жарыстың ашылу рәсімі  29 қазанда «Rixos Khadisha Shymkent» қонақүйінің салтанат залында өтті. Ресми ашылу жиынында ФИДЕ президенті Аркадий Дворкович, қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов сөз сөйлеп, турнирге қатысушы үміткерлерге табыс тіледі.

«Халықаралық шахмат федерациясы әйелдер арасындағы беделді турнирдің қазақ жерінде, елдің көрікті қаласы Шым­кентте өткізуін өте құп көрді. Қа­­зақ­станда әлемдік ірі жарыс ұйым­дастыру жақсы дәс­түрге айналып келеді. Біз осы елде шахмат спортын дамытуға Президенттен бастап, федерация мен бизнес өкілдеріне дейін мүдделі екендерін көріп, ерекше шабыт алдық әрі қазақ елінің осылайша қолдау көрсетіп жатқанын өте жоғары бағалаймыз. Жарысқа келген әрбір қатысушыға сәттілік тілейміз», деді А.Дворкович.

15 жылдық тарихы бар клас­сикалық шахматтан әйелдер Гран-приінде жалпы есепте екі жеңімпаз келесі әлемдік шахмат тәжінен үміткерлер турниріне (FIDE Women’s Candidates 2026) қатысуға мүмкіндік алады. 2024–2025 жылғы турнир сериясына қатысып отырған әлемнің ең мықты 20 шахматшысы 6 кезеңде бақ сынасады. Кезеңдердің біріншісі тамыз айында Тбилисиде өтсе, Шымкенттегі 2- кезең турнирінде осы жиырмалықтың он үміткері өзара кім мықтыны анықтайды. Олар – Тань Чжунъи (Қытай, 2551), Александра Горячкина (FIDE, 2533), Хампи Конеру (Үндістан, 2530), Катерина Лагно (FIDE, 2527), Элизабет Петц (Германия, 2458), Дивья Дешмух (Үндістан, 2501), Бибісара Асаубаева (Қазақстан, 2487), Ставрула Цолакиду (Гре­кия, 2439), Нургюл Салимова (Болгария, 2405), Батхуягийн Мөн­гонтуул (Моңғолия, 2344). Үміт­керлердің бәрі де – гроссмейс­терлер, яғни шахмат ойы­ны­ның аса білікті шеберлері. Жарысты ұйымдастырушылар үміткерлердің бәрі де өте тәжі­рибелі ойыншылар, талай шахмат додаларында жеңіске жеткен мықтылар екенін айтады. Сондықтан бұл жолы да Гран-придің екінші сериясы алдың­ғысындай қызықты әрі тартысқа толы болғалы тұр.

«Шахматтың тамаша дәстүрі бар Шымкент қаласы әлемдік деңгейдегі жарысты өткізуге өте жоғары деңгейдегі дайындықпен келіпті. Біз бұған өте ерекше қуа­нып отырмыз. Шахмат – бөлек бір құдіретті әлем. Оның өзіндік қалыптасқан дәстүрі бар. Әйелдер Гран-приінің екінші кезеңін елордада өткізуге де болатын еді. Де­генмен өңірде ұйымдастыру еліміздің Шахмат федерациясына үлкен мәртебе боп саналады. Әрі федерацияға зор жауапкершілік те жүктейді. Жалпы, мұндай айтулы іс-шара еліміздегі шахмат қозғалысының дамуына тың серпін береді деген ойдамыз. Сонымен бірге әлемдік шахмат қауымдастығының алдында еліміздің беделі арта тү­сетініне сенімдіміз», деді журналис­терге берген сұхбатында «KazChess» президенті Тимур Турлов.

Жарыстың салтанатты ашылуында атақты отандық дизайнер Аида Қауменованың биылғы турнирге арнап тіккен жаңа киімдер топтамасының көрсетілімі болды. Қолөнер шеберін мұндай іске «Айнаның арғы бетіне сая­хаттаған Алиса» фильмі шабыт­тандырыпты. «Шахмат деген жұмбақ бір әлем, ойындағы жү­рістер шынайы өмірде жеңіске жетуіңе көмектесіп, қиялыңдағы ар­ма­ныңды орындауға, қиын­дықты жеңіп, жеңіске жетуіңе итермелей түседі», дейді дизайнер. Жанкүйерлер алдына өздерін таныстыруға шыққан атақты шахматшы қыздардың үстінде қазақ модельерінің қо­лымен дайындалған ұлттық үлгі­дегі әдемі қамзолдар болды. Үміт­керлер осы киіммен ерекше сәнге бөленіп, ажарлана түсті.

Әйелдер арасындағы ФИДЕ Гран-приінің тағы бір артық­шылығы, ақшалай жүл­десінің қомақты екенінде. Әр кезеңнің жүлде қоры 80 000 АҚШ долларын құрайды, ал оның 18 000 доллары бірінші орын алған шахматшыға табыс етіледі. Бүкіл серияның жалпы жүлде қоры рекордтық 600 000 долларға тең екен. Соның 120 000 доллары жалпы есепте үздік он ойыншыға үлестіріледі.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Шымкенттегі турнир 8 қарашаға дейін жалғасады. Жанкүйерлер шахмат жарысының барысын, барлық жаңалықты онлайн-платформалар арқылы, сон­­дай-ақ «KazChess» пен ФИДЕ парақ­шаларынан көре алады.

 

Балалар да сынға түсті

«Freedom Holding Corp.» ком­­­паниясының қолдауымен «KazChess»/Қазақстан шахмат федерациясы Шымкентте қата­рынан тағы екі турнир ұйымдас­тырып жатыр. Олар – 2024 жылғы Қа­зақстан Балалар кубогінің 6-кезеңі – В.В. Печерский мемо­риа­лы мен Шымкенттің І Ашық ку­­богі. Әр жарыстың 9 кезеңі де қа­ла­дағы «Көрме орталы­ғында» өтеді.

Шымкенттің І Ашық кубо-гінде қатысушылар рейтингтеріне байланысты гросмейстер мен халықаралық шебер нормаларын орындауға мүмкіндік ала­ды. Бұл кубок – айналма жүйе­сі­мен өтетін 10 турнирдің бірі. Оған еліміздің ересектер мен жасөспірімдер құрамаларының мүшелері, сондай-ақ құрамаға кірмейтіндер мен шетелден келген шахматшылардан, жалпы саны 10–12 ойыншы қатысып жатыр. Шахматшылар арасында 4 шетелдік гроссмейстер бар. Олар – Израильден келген Евгений Алексеев, Грузия шахматшысы Леван Панцулая, Өзбекстан ойыншысы Саидали Юлдашев,  Беларусь өкілі Алексей Фёдоров. Сондай-ақ үміткерлер ішінде өз еліміздің 6 шахматшысын атап өту керек. Олар – Шымкенттен шыққан халықаралық шебер Әбілмансұр Әбділқайыр, ФИДЕ шеберлері Бексұлтан Молдағали, Лия Құманғалиева, Иманғали Ақылбай. Сонымен бірге көрші Қырғызстаннан келген қонақтар –  ФИДЕ шебері Элдияр Орозбаев пен халықаралық шебер Асылбек Абдыжапар да осы турнирде бақ сынасады.

«KazChess» вице-президенті Марат Есеновтің айтуынша, федерация еліміздің барлық өңі­­рінде зияткерлік шахмат спор­ты ойынын дамытуға атсалысып келеді. Сондай-ақ ол Қазақстанның Балалар кубогі мен Шымкенттің І Ашық кубогі келешекте елімізде зияткер ұлттың қалыптасуына үлкен үлес қосатынын атап өтті. Шымкенттің І Ашық кубогінің жүлде қоры 3 млн теңгені құ­райды. Бірінші орын алған же­ңім­пазға – 1,2 млн, ІІ орынға 800 мың, ІІІ орынға 500 мың, ІV орынға 300 мың, ал V орынға 200 мың теңге ақшалай жүлде тапсырылады.

Өз кезегінде Қазақстанның Балалар кубогінің 6-кезеңіне 10 жасқа дейінгілер санатындағы 163 жас ойыншы мен 14 жасқа дейінгілер санатына жататын 128 шахматшы қатысып жатыр.

Биыл «KazChess»/Қазақстан шахмат федерациясы ересектерге арналған көпсатылы Қазақстан кубогімен қатар, Балалар кубогін де ұйымдастырып отыр. Ба­лалар кубогі жалпы 6 кезеңнен тұрады. Әр кезеңнің жүлде қоры 3 млн теңгеге тең. Турнирдің финалдық сыны 19–26 желтоқсан аралығында Алматыда өтеді. Бұған дейін кубоктің бес кезеңі Тараз, Қызылорда, Қостанай, Атырау, Павлодар қалаларында ұйымдастырылды.

А турнирі 14 жасқа дейінгі шахматшыларды қамтиды. Бұл санаттағы қатысушылар саны – 128. Олардың ішінде рейтингте фаворит, яғни жүлдеге үмітті саналатындар – алматылық Әлтайыр Қажымұратов пен ас­таналық Әлихан Хажатұлы. Сон­дай-ақ алдыңғы кезеңде жеңім­паз атанған Ұлытау облысынан Мақсат Байсалбеков пен павло­дарлық Әмір Төлегенов те бар. Ал қыздар арасындағы кубок кезең­дерінде үш мәрте жеңіске жеткен Малика Жаппарбекова осы жарыста сынға түсетін болады.

Б турнирінде 10 жасқа тол­маған 163 ұл мен қыз тір­келген. Олардың арасында жал­­ғыз Қыр­ғызстан ойыншы­сы бар. Бұл жерде рейтинг бойынша жүлдеге таласа алады деген үміткер 8 жасқа дейін­гілер санатындағы (U8) Қа­зақ­стан–2024 чемпионы алма­тылық Нұрмұхамед Еле­мес болып отыр. Ал оның негізгі бәсекелестері ретінде Айсұл­тан Бисалиев пен кубоктің 2-ке­зеңінің жеңімпазы Рахим Мақсатұлын атап өтуге болады.

Бір айта кетерлігі, балалар турнирі жүздеген отандық шахматшыны даярлаған дарынды тәлімгер әрі педагог Вячеслав Вла­димирович Печерскийдің құрметіне арналған. Оның шә­кірт­терінің ішінен 2016 жылғы әуес­қойлар арасындағы әлем чем­пионы Жұбан Биғабылов пен елі­міз рейтингісінің көшбас­шысы, гроссмейстер Ринат Жұ­мабаевты ерекше атай аламыз.

 

ШЫМКЕНТ