
Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Ауылды агроқалашыққа айналдырмақ
Кәсіпкер бас-аяғы алты жылдың ішінде тозығы жетіп, жабылып қалайын деп тұрған бір ауылды қайта түлетіп, абат мекенге айналдырды. Қостанайдан 40 шақырым қашықта жатқан Жуков ауылының адамдары бүгінде мал ұстамайды, от жақпайды. Өйткені тұрақты жұмысы, лайықты жалақысы бар. Үйіне газ-суы кіріп тұр. Ауылдың іші-сырты тап-тұйнақтай, асфальт көшелердің бәрі тап-таза. Медпункт, мектеп, ауыл клубы, әмбебап дүкені жұмыс істеп тұр. Бірінші мамырда жаңа балабақша іске қосылады.
Іскер азамат кезінде тұрмысы жүдеп, тіршілігі тоқырап қалған шағын ауылды таяу жылдары инфрақұрылымы мен тұрмыс деңгейі қаладан кем түспейтін заманауи агроқалашыққа айналдырмақ.
Валерий Иванович басқаратын серіктестік 6 мыңға жуық алқапқа егін егеді. Мұның сыртында, Жуков ауылында өңірдегі 300-ге жуық дүкенге бройлер етін жеткізіп отырған құс фабрикасы жұмыс істеп тұр. Ауыл тұрғындарының біразы шаруашылықта, біразы құс фабрикасында жұмыс істейді. Кәсіпкер осы ауылға көшіп келіп, мәдениет пен әлеуметтік салада жұмыс істеп жатқан тұрғындарға да жаңа үй салып беріп жатыр.
Әдетте, егін егіп отырған шаруа қожалықтарының дені көктемгі егін науқаны мен күзгі орақта ғана жұмысшы жалдап, жылына екі рет маусымдық жалақы төлеумен ғана шектеледі. Ал «Аян-Озат» ауыл тұрғындарын жыл он екі ай бойы жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Серіктестік жұмысшыларының жалақысы жоғары әрі тұрақты. Әр жұмысшыға медициналық сақтандыру, зейнетақы қоры тәрізді әлеуметтік кепілдік түрлерінің жарнасы толық төленеді.
– Жуков ауылында құс фабрикасы іске қосылған соң, ет бағытындағы құс еті өндірісін қолдау түрі ретінде мемлекет бізге тағы 369 гектар жер бөліп берді. Ол кезде, шынын айтқанда, ауыл өте аянышты жағдайда еді. 32-ақ оқушысы қалған жергілікті мектеп келесі жылы жабылатын болып жатқан. Жұрттың көбі көшіп, ауыл орталығын қоқыс үйінділері басып кетіпті. Жартылай қирап, қаңырап қалған үй көп. Қысқасы, ауыл жабылудың аз-ақ алдында тұрған. Тұрғындармен кездесіп, әңгімелесіп көріп едім, көбі мектептің, ауылдың жабылғанын қаламайды. Сол жерде мен «Көп болып ауылдың еңсесін көтерейік. Мектепті сақтап қалайық. Қаржыны мен табайын, сіздер игі іске барынша атсалысыңыздар» дегенді айттым. Жұрт қолдады. Осылайша, осыдан алты жыл бұрын «Жуков елді мекенін қайта жаңғырту» бағдарламасын құрдық. Ең алдымен, ауылдың іші-сыртын тау болып үйіліп қалған қоқыстан тазартып, жартылай қираған ескі үйлердің орнына жаңа үй салдық. Өзге өңірлерді аралап, көпбалалы отбасыларды біздің ауылға қоныс аударуға үгіттедік. Жаңа жұмыс орындарын құрдық. Жуковтың тұрғындары бұған дейін басқа болатын, ортақ іске қыры жоқ, бірдеңе айтсаң, кері тартып тұратын. Қазір мүлде басқаша. Ауыл адамдарымен кездесіп, әңгімелессем, жаным жадырап қалады. Қай іске болса да белсенді. Ауыл ажарланып, келбеті мүлде өзгерді. Тұрғындар, балалар аудандық, облыстық деңгейде өтетін мәдени іс-шараларда алдыңғы қатардан көрініп, спорт жарыстарында топ жарып жүр. Осының бәрі адамға ерекше күш-қуат береді. Еріксіз әрі қарай не істесек екен деген ойға жетелейді, – дейді Валерий Иванович.
Көпэтносты ауылдың балалары қазақ мектебінде оқиды
Кейінгі жылдары еңсе тіктеп, ажары кіре бастаған шағын елді мекенге сырттан 12 көпбалалы отбасы көшіп келген. Серіктестік қоныс аударушыларға арнап өз қаржысына 120 шаршы метрлік 16 жаңа үй салып қойды. Бұл үйдің бәрі газбен жылиды, суы кіріп тұр, жиһазы дайын, ауласы кең. Жайлы үйдің бірінде Қапшағайдан қоныс аударған көпбалалы Файзрахмановтар отбасы тұрып жатыр. Ерлі-зайыпты Әлфиз бен Мая бес бала тәрбиелеп отыр. Әлфиз ауыл клубында музыка аспаптарында ойнайды, Мая – әнші. Кішкентай Эмиль қазақ сыныбына барып жүр.
– Жуков ауылын қайта жаңғырту туралы бағдарлама бар екенін құрбымнан естіп, жобаны үйлестіруші Әсия Юсуповаға хабарластым. Ол кісі кәсіпкер Валерий Ивановичтің ауылды дамытуға қомақты қаржы салып жатқанын айтып, көшіп барсақ, көпбалалы отбасы ретінде тегін үй, әлеуметтік көмек, тұрақты жұмыс берілетінін айтты. Тәуекелге бел байлап көшіп келдік. Бұған еш өкінбейміз. Қапшағайда пәтер жалдап тұрдық. Ал бұл жерге келген соң бірден кең сарайдай үлкен үйге кірдік. Біз шаруашылыққа қатысы жоқ адамдармыз, ауыл клубында қызмет етеміз. Соған қарамастан, үй беріп, жұмысқа орналастырып, оның сыртында, балаларыма үнемі қаржылай қолдау көрсетіп отырған серіктестік басшысына алғысымыз шексіз, – дейді Әлфиз.
Дәл осындай жайлы үйдің біріне шалғай Жангелдин ауданынан қоныс аударған Жақсыбаев отбасы кірген. Бауыржан мен Салтанат төрт бала тәрбиелеп отыр. Көпбалалы отбасылар көшіп келгелі ауыл мектебінің де жағдайы түзелген. Осыдан алты жыл бұрын жабылудың алдында тұрған мектепте қазір 70-тен аса бала білім алып жатыр.
Жуков ауылында он шақты ұлттың өкілі тұрады. Алайда тұрғындар кейінгі үш жылдан бері балаларын тек қазақ сыныбына беріп жатыр. Бұл да – Валерий Ивановичтің ықпалымен іске асырылып жатқан шаруа.
– Енді бәріміз бір елде, бір шаңырақтың астында тұрып жатырмыз ғой. Конституциямызда Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілі деп ап-анық жазулы тұр. Өзін-өзі құрметтейтін адам өзі тұрып жатқан елдің мемлекеттік тілін білуі керек. Бұл – ең алдымен, сол азаматтың өзіне керек тіл. Біз тіл үйренетін жастан өтіп кеттік. Бірақ қаулап өсіп келе жатқан жас ұрпақ қазақ тілін біліп өсуі керек. Мұны ауыл тұрғындарына да түсіндіріп айттым. Бәрі қолдады. Қазір ауыл мектебінің бірінші, екінші, үшінші сыныптары тек қазақ тілінде білім алады. 6-7 жылдан кейін мектеп толықтай мемлекеттік тілде білім беруге көшу керек, – дейді кәсіпкер.
Ауыл атауын «Бірлік» деп өзгерткісі келеді
Ауыл тұрғындары Валерий Иванович бас болып бірігіп қол жинап, құзырлы орындарға Жуков атауын Бірлік деп өзгерту туралы өтініш беріпті. Бірақ жер-су атауларын өзгертуге мораторий жарияланғандықтан, бұл мәселе қазірше шешілмей тұр. Мораторий мәңгі тұра бермес, келешектен үміт көп, өзіміз тұрып жатқан елді мекеннің аты затына сай болғаны жақсы. Біздің талап-тілегіміз орындалатын күн де алыс емес сияқты дейді жергілікті тұрғындар.
Қазір Жуков ауылының тұрғындары аптасына екі рет жаппай сенбілікке шығады. Тазалық күні тұрғындар алдымен ауыл клубына жиналып, өз міндеттерін атқаруға кіріседі.
– Ауыл клубының орнына бұрын үйіліп қоқсық жататын. Осы жұмыстардың бәрі – ауыл тұрғындарының атсалысуымен атқарылған шаруа. Өзіміздің әлеуметтік жұмысшыларымыз бар, ауылдың тазалығын күн сайын қадағалап, көшелерді сыпырып, гүлзарларды күтеді. Қазір ағаш көшеттері мен гүл отырғызып жатырмыз. Былтыр 3 500 тал ектік. Бәрін Валерий Иванович өз қаржысына сатып алады. Биыл 4 мың көшет егуді жоспарлап қойдық. Алдағы бір-екі күн ішінде
1 мың алма, өрік, алмұрт ағашы келеді деп күтіп отырмыз, – дейді Жуков ауылының төрағасы Александра Рогожина.
Кезінде жүдеп, жұтылып кетуге шақ қалған Жуков ауылының тұрмыс-тіршілігін мүлде басқа арнаға бұрып, алты жылдың ішінде береке-бірлігі жарасқан алдыңғы қатарлы елді мекенге айналдырған елшіл азаматтың іскерлігі – көпке өнеге. Бірлігі мен тірлігі жарасқан Жуков ауылында биыл мал бордақылау алаңы, оның жанынан сою цехы ашылмақ. Жаңа нысан іске қосылса, тағы 130-ға жуық адам тұрақты жұмысқа орналасады.
Қостанай облысы