Экономика • Бүгін, 09:07

Халықаралық логистикалық торапқа айналады

30 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Қостанай облысына жұмыс сапары барысында Президенттің Ұлттық құрылтай мен Қауіпсіздік Кеңесінің IV отырысында айтылған автожол желісін дамыту, Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіру, энергиямен жабдықтау жүйесін жаңғырту және жаңартылатын энергия көздерін дамыту бо­йынша тапсырмаларының орындалу барысын тексерді.

Халықаралық логистикалық торапқа айналады

Күре жол құрлысы бір ай ішінде басталады

Арқалық қаласында Премьер-министр өңірлер арасындағы көлік қатынасын жақсартуға бағытталған «Орталық – Батыс» күре жолын салу жөніндегі жобаның жағдайымен танысты. Жаңа автомагистраль Астананы Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік бағытымен байланыстырады. Жоба халықаралық стандарттарға сай заманауи жол салуды көздейді. Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев үш жол айрығын, 20 көпірді, теміржол арқылы өтетін бір жол өткелін, елді мекендерге кірме жолдар салу жоспарланып отырғанын баяндады. Бұл жобалар Астанадан батыс облыстарға қатынайтын бағыт 560 шақырымға қысқартып, 5 сағатқа жылдам жетуге мүмкіндік береді. Премьер-министр автожол құрылысын бір ай ішінде бас­тауды тапсырды.

«Бұл – тікелей Президенттің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан жоба. Бүкіл еліміз үшін, Торғай өңірі үшін маңызды жол. Сондықтан бұл іске аса жауапкершілікпен қарау маңызды. Бір ай ішінде жоба бойынша жұмысты бастап, оны жылдам әрі сапалы жүргізу керек. Жаңа жол бойында бизнеске мүмкіндіктер ашылады. Бұл – өңірге жаңаша серпін беретін жоба. Сондықтан министрлікпен бірлесіп тиісті жұмыстар жүргізу қажет», деп атап өтті О.Бектенов.

Сондай-ақ Премьер-министр­ге «Жезқазған – Петропавл» респуб­ликалық автожолындағы жөндеу жұмыстарының барысы туралы баяндалды. Жобада жолдың 71 шақырымында жол жабынын жаңарту, 54 су өткізу құбырын орнату көзделген. Жұмыстар Ұлытау облысының шекарасынан Арқалық қаласына дейінгі жалпы ұзындығы 87 шақырымды құрайтын учаскені қамтиды. Жобаны жүзеге асыру оңтүстік өңірлерден елордаға дейінгі қашықтықты 600 шақырымға, Қостанай мен Петро­павлға дейінгі қашықтықты 450 шақы­рымға қысқартуға мүмкіндік береді. Жолдың өткізу мүмкіндігі тәулігіне 2,5 мың автокөлікке дейін артады.

Сонымен қатар Арқалық қала­сын­дағы әуежайды қалпына келтіру жұ­мыс­тары да тексерілді. Қостанай об­­лы­сы әкі­м­інің орынбасары Берік Таң­­жа­­рықов нысанның ұзындығы 2,5 мың метр және ені 50 метр ұшу-қону жо­лағы, сондай-ақ өлшемі 200X300 м пер­рон бар екенін баян­дады, бұл «АН-24», «Q400,» «CRJ 200» сияқты әуе кемелері түрлерін қабыл­дауға мүмкіндік береді. Жоба аясында жаңа терминал салу, сондай-ақ ұшу-қону жолағын, такси жолын және перронды қайта жаңарту жоспарла­нып отыр. Жұмыс аяқталғаннан кейін өткізу мүмкіндігі сағатына 70 жо­лау­шыны құрайды. Үкімет басшы­сы әуежайды қалпына келтіру жұмыс­тарын биыл аяқтауды тапсырды.

«Қазақстанның көлік саласындағы әлеуеті зор және өңірдегі негізгі тран­зиттік хабқа айналуға тиіс. Біз тиісті инфрақұрылымды түбегейлі дамытып жатырмыз – бұл стратегиялық міндет. Бізде барлық қажетті ресурс­тар мен мүмкіндіктер бар. Жоба­ларды қысқа мерзімде, сапасын жоғалтпай жүзеге асыру маңызды. Бұл өңірлердің дамуына айтарлықтай серпін береді және экономиканы әртараптандырудың маңызды құралына айналады», деді О.Бектенов.

 

Үш жел электр стансасы салынады

Премьер-министр сондай-ақ жылумен үздіксіз қамтамасыз ету және өңірді жаңа жылыту маусымына дайындау жөніндегі шаралардың іске асырылу барысын тексерді. Атап айтқанда, Арқалық ЖЭО қызметімен және жылу желілерін жаңғырту жоспарларымен танысты. Станса 375 ғимаратқа қызмет көрсетеді. ЖЭО коммуникациялардың тозу деңгейінің жоғарылығына байланысты тәуекелі жоғары қызыл аймақтағы жылу көздерінің тізіміне кіреді. Әкімдіктің мәліметінше, кейінгі екі жылда 17 шақырымнан астам жылу желілері ауыстырылды, бұл 2024–2025 жылдары жылыту маусымын апатты жағдайда тоқтап қалуынсыз өткізуге мүмкіндік берді. Биыл тағы 9,9 шақырым жылу трассасын жөндеу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Премьер-министрге өңірдегі «жасыл» энергетиканы дамыту жоспарлары таныстырылды. Қостанай облысында энергия жинақтау жүйесі бар қуаты 1 ГВт жел электр стансасын салу жөніндегі бастамаға назар аударылды. 2025–2028 жылдары 165 жел генераторын орнату қарастырылып жатыр. Бұдан бөлек, Арқалық қаласы мен Қостанай ауданында қуаттылығы 150 МВт болатын үш жел электр стансасының құрылысы көзделген.

 

Ауыл шаруашылығын қолдау 10 есе артты

Өңірге жұмыс сапары аясында Премьер-министр көктемгі дала жұмыстарының барысын тексеріп, өңірдің ауыл шаруашылығы құры­лымдары өкілдерімен агроөнер­кәсіп кешенін дамытудың өзекті мәсе­лелерін талқылады.

Премьер-министрге «Село Восточное» ЖШС жұмысын көрсету арқылы саланы мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі туралы баяндады. Ағымдағы егіс науқанында фермерлер тұқымдармен, дизель отыны және минералды тыңайтқыштармен толық қамтамасыз етілген.

Еліміздің ең ірі астықты өңір биыл 5,1 млн гектар алқаптан өнім алады, оның ішінде дәнді және бұршақты дақылдар 4,2 млн гектарға егіледі деп жоспарлануда. Әртараптандыру шеңберінде майлы дақылдардың, әлеуметтік маңызы бар және жемшөп дақылдарының үлесі артып келеді. Биыл фермерлер минералды тыңайт­қыштарды енгізудің көлемін 1,3 есеге – 337,6 мың тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ 2025 жылы өңірде АӨК саласында құны 52,5 млрд теңгені құрайтын 36 инвестициялық жобаны пайдалануға беру жоспарлануда, бұл 600-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бұл ретте 2027 жылға дейін 93 жоба мен 4,4 мың жұмыс орнын ашу көзделген.

Егіс алқабында Премьер-министр Қостанай облысының ірі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесті. Ауыл шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері, оның ішінде IV Ұлттық құрылтайда Президенттің жалпы өнім шығару мен еңбек өнімді­лігін арттыру және астықты терең өңдеу көлемін ұлғайту жөнін­дегі міндеттерін ескере отырып талқыланды. Айналым қаражатын толықтыру үшін шаруаларды субсидиялау, мал шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаларды жеңілдікпен қаржыландыру, сала үшін білікті мамандар даярлау, сондай-ақ ауылдық елді мекендерді дамытуға бизнестің белсенді қатысуы мәселелері көтерілді.

Шаруалармен кездесу барысында Олжас Бектенов Үкімет агро­өнеркәсіп кешенін қолдау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.

«Президенттің тапсырмасымен кейінгі жылдары ауыл шаруашылығы саласына үлкен көңіл бөлініп жатқанын білесіздер. Былтырдан бері салаға қомақты қаржы құйылып жатыр. Салыстыратын болсақ, 2022 жылға дейін қаржыландыру көлемі 70 млрд теңгеден аспайтын. Биыл 700 млрд теңге инвестиция салып отырмыз. Мемлекеттік қолдау 10 есеге артты. Көрсеткіштерге сәйкес, ауыл шаруашылығының ішкі жалпы өнімі шамамен 4%-ды құрайды. Бұл – аса үлкен көрсеткіш емес, алайда, ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Біз өзімізді негізгі азық-түлік түрлерімен қамтамасыз етуіміз керек. Келесі жылы қолдау көлемін одан әрі арттырамыз», деді Үкімет басшысы.

 

Қостанай облысы 

Соңғы жаңалықтар

Даланың дара перзенті

Еңбек • Бүгін, 09:50

Атакәсіпке адал азамат

Еңбек • Бүгін, 09:45

Әлеуметке тиімді жоба

Қоғам • Бүгін, 09:35

Олжас!.. (Эссе)

Тұлға • Бүгін, 09:25

Адам папиллома вирусы қандай ауру

Денсаулық • Бүгін, 09:22

Ерім дейтін ел қайда?

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:20

Жасанды интеллектіні жүйелі енгізген банктер

Жасанды интеллект • Бүгін, 09:10

Күтумен өткен ғұмыр

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:55

Смағұл сапасы

Тұлға • Бүгін, 08:50

Мұстахара

Жәдігер • Бүгін, 08:45

Керек дерек

Digital • Бүгін, 08:40

Бірегей білім моделі

Қоғам • Бүгін, 08:35

«Түркістан сақшылары» – ЖИ жемісі

Жасанды интеллект • Бүгін, 08:25